Атырау, 23 қараша 17:03
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жемқорлар шеруі - «АЖ» нұсқасы

4 144 просмотра


Өткен жылы сыбайлас жемқорлық жанжалдары да көп болды. «АЖ» солардың ішіндегі ең ауқымды дегендеріне шолу жасап, оқырмандарға ұсынып отыр. Олардың бірқатарына сот шешімі шығарылған болса, біразы бойынша тергеу әлі де жалғасуда.


ШЫРША АСТЫНДАҒЫ СЫЙЛЫҚТАР  

Аз жалақы алатын мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлыққа жақын болады,- дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик ШПЕКБАЕВ. Оның айтуынша, 20 жылдық тәжірибесі бар қатардағы мемлекеттік қызметшінің жалақысы еліміздегі орташа жалақы көрсеткішінен де төмен. Алайда Атырау шенеуніктері басшының қомақты жалақысы парақорлық пен бюджеттік қаражатты ұрлауға кедергі емес екенін дәлелдеді. 

2019 жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты істердің шымылдығын білім беру саласының басшылары ашты. Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті алдымен облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали КЕНЖЕҒАЛИЕВ пен оның орынбасары Роза ҚАБДУЛОВАНЫ қамауға алды, кейіннен әлеуметтік мәселелерге жетекшілік еткен Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле САЙЛАУОВАНЫ құрықтады, бұлармен тізбектеліп тағы бірнеше білім беру саласының қызметкерлері тергеуге алынды. Алдымен кейбір күдіктілерді, оның ішінде Кенжеғалиев пен Қабдулованы, тергеу изоляторына орналастырғанымен, кейін үйқамаққа шығарды, алайда Сайлауова тергеу изоляторларында қалдырылды. Оны түрмеден 100 миллион ақшалай кепілге шығарды деген расталмаған қауесет те тарады.

Қазір №2 қалалық сотта процесс жүріп жатыр. Айыптау актісінде көптеген қылмыстық эпизодтар келтірілген. Мысалы, тергеу болжамы бойынша Кенжеғалиев өз жұбайын әдістемелік орталыққа жұмысқа орналастырғанмен, ол онда есепте ғана тұрып, жалақыны Кенжеғалиев өзі алып келген. Ал оның орынбасары Қабдулова Президенттік шыршаны ұйымдастыру үшін бөлінген 38 миллион теңгені жүйелі түрде жымқырып отырған.   


ЖАМАН ОЙ БОЛҒАН ЖОҚ...

Бастапқыда ҰБТ-ны енгізу оқу орындарына түсу емтихандарын тапсырардағы сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған еді. Бірақ, әйгілі Виктор Степанович Черномырдин айтқандай, «жақсы болсын деп едік, бұрындағыдай болып шықты». Мәселен, жазда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері ҰБТ кезінде жоғары балл қою үшін мемлекеттік комиссия мүшелеріне 600 мың теңге көлемінде пара беруге талапкерлердің ата-аналарын арандатқан Атырау қаласының екі мектеп директорының орынбасарларын ұстады. Іс тараптардың татуласуымен аяқталды.


ФЕРМЕРЛЕРДІ «САУУ» ӘДІСІ

Қазақстанда көптеген Мемлекеттік бағдарламалар әзірленді, атап айтқанда, ауыл шаруашылығын дамытуға миллиардтаған теңге бөлінеді. Алайда, бәсекелестерге төтеп беру үшін Атыраудың фермерлері облыстық әкімдіктен «көкелерін» іздейді. Көктемде «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидия беру бойынша «оң» шешім шығарғаны үшін шаруа қожалықтары басшыларынан жүйелі түрде пара алып отырды деген күдікпен ауыл шаруашылығы басқармасындағы бір бөлімнің басшысы Қисымеден ЖАНҚУАТОВ ұсталды. Нәтижесінде оны мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырып, 2 млн 732 мың теңге көлемінде айыппұл салды.


АҚЫЛЫ САРАПТАМА

Қазан айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Қуаныш НЫСАНБАЕВТЫ және акушер-гинекологты жаңа туған нәрестені өлтірді деген күдікпен қамауға алды. Мұнан бөлек Нысанбаев босанған әйелдің өліміне қатысты «қажетті» қорытынды жасағаны үшін Сот-медициналық сараптама институтының директорына 300 мың теңге көлемінде пара берді деп күдіктелуде. Бұл іс бойынша тергеу әлі аяқталған жоқ.


СОТТАЛУШЫЛАР ОРЫНДЫҒЫНДА ӘКЕСІ МЕН ҰЛЫ

Мамыр айында №2 қалалық сот «Арнаулы АвтоБаза» ЖШС-нің бұрынғы бастығы Самат ТҰРНИЯЗОВҚА, оның орынбасары Асқар ҚАЛДЫБАЕВҚА, сонымен қатар «Sanjar Flowers» ЖШС басшысы Ербол ҚУАНЫШҚА (Тұрниязовтың ұлы) және  Артур СҰЛТАНОВҚА қатысты үкім шығарды. Үкімде айтылғандай, Тұрниязов өзінің орынбасары Қалдыбаевпен алдын ала сөз байласып, Сұлтановтың көмегімен «АрнаулыАвтоБаза» ЖШС-нің 65 млн 300 мың теңге қаражатын қолды қылған. Сонымен қатар, Атырауды көгалдандырумен айналысатын ұлының мекемесіне қызмет көрсету үшін техника мен жұмысшыларды тегін жіберіп, «АрнаулыАвтоБазаға» 41 млн 300 мың теңге шығын келтірген. Үкім жарияланғаннан кейін Тұрниязов тергеу кезінде оның ұлына қатаң жаза қолданамыз деген бағытта қысым көрсетілгенін тілге тиек етті. Нәтижесінде Тұрниязов орынбасарымен бірге 5 жылға бас бостандығынан айырылды, ал Ербол Қуаныш мерзімнің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Қазір Тұрниязов пен Қалдыбаев Атыраудағы тергеу изоляторында жазасын өтеп жатыр. «АЖ» белгілі болғандай, екеуі де тергеу изоляторларының шаруашылық жасағының қатарында жұмыс істейді.


«ПОЛИЦИЯЛЫҚ» ҮКІМДЕРДІҢ ТОПТАМАСЫ

Қаңтар айында №2 Атырау қалалық соты Атырау қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Ж.Қайралаповқа және көші-қон полициясы бөлімінің аға инспекторы А.Мәукеновке қатысты гастарбайтерлерге кедергісіз және жедел еңбек рұқсатын беруге жүйелі түрде жалпы сомасы 213 мың теңге пара алғаны үшін айыптаған үкім шығарды.  Оларға 1 млн 782 мың және 5 млн 696 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, сәйкесінше атағынан айырып, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырды.

Ал маусым айында Атырау полиция басқармасы бастығының орынбасары Д.Жұмашев және жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Р. Балтаев «жалпы қамқорлығы» үшін қол астындағылардан қорқытып жүйелі түрде  пара алғандары бойынша өздеріне қатысты сот үкімін тыңдады. Атап айтқанда, олар полицейлерді өз сыйақыларының жартысын беріп отыруға мәжбүр еткен. Жұмашевқа 481 мың теңге, Балтаевқа 840 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, екеуі де атағынан айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.

Қыркүйек айының соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері Атырау облысы полиция департаменті тылдық қамтамасыз ету басқармасының автошаруашылық бастығы және оның орынбасары 2,5 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталды. Содан кейін ЖП бастығының орынбасары Сұлтан МОЛДАШЕВ атқарып отырған лауазымынан айырылды. Бірақ полициядағылар оның зейнеткерлікке шыққанын айтты. 

Қараша айында әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін жергілікті тұрғыннан 40 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікпен Атырау полиция басқармасының анықтаушысы  ұсталды. Кейін оған 1 млн 200 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Көп ұзамай сол айдың ішінде ҰҚКД қызметкерлері полиция департаментінің көші-қон қызметінің инспекторын пара алған жерінен құрықтады. Оның тағдыры әзірге белгісіз.


МҰНЫСЫ ҰЯТ ЕНДІ 

ҰҚК – тыңшылар мен террористерді ұстайтын ең мықты құқық қорғау органы екенін бәріміз жақсы білеміз. Бірақ кейде оның кейбір қызметкерлері ұсақ және тіпті адам ұялатын жағдайлар бойынша ұсталып қалып жатады. Наурыз айында саунаға келушілерге жезөкшелерді жеткізіп беруші жеңгетайдан заңға қатысты мәселелерін шешіп беру үшін 500 мың теңге сұраған ҰҚК Атырау облысы бойынша департаментінің 29 жасар экс-капитанына сот үкімі шықты. Тергеу кезінде сол әйелге офицердің көмектесетін ойы болмағаны анықталды. Осы орайда, оған екі бап бойынша айып тағылды: «Пара беруге итермелеу» және «Алаяқтық». Қорытындысында жалпы сомасы 9 млн теңге айыппұл төлеу міндеттелді.  


ЖЕГЛОВТЫҢ ӘМИЯНЫ ТУРАЛЫ ЕСКЕ ТҮСТІ

Сәуір айында Атырауда ҚР Қылмыстық кодексінің  366–бабы 3-бөлімі 4-тармағы («Бірнеше рет пара алу») бойынша айыпталған қалалық әділет басқармасы басшысының орынбасары Айболат КЕНЖЕБЕКОВ сотталған болатын. Оған 7,5 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро депарматенті қызметкерлерінің қуанышы ұзаққа бармады, өйткені, ең үлкен эпизод (3 млн. теңге пара) бойынша Кенжебеков ақталып шықты, сот ҚК-нің 420-бабы «Куәнің, жәбірленушінің көрінеу жалған айғақтары не сарапшының, маманның қорытындылары»  бойынша қозғалған қылмыс негізінде жеке ұйғарым шығарды. Алайда іс «қылмыс құрамы болмағандықтан» тоқтатылды.


БАСШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ ҚЫСҚА БОЛДЫ

Желтоқсанда ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы агентігі Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Қайрат ЖҰЛМҰХАМБЕТОВ өзінің қарамағындағы -жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысынан «қызмет бабында алға жылжуы және жалпы қамқорлығы үшін» пара алды деген күдікке ілінді деп хабарлады. Жұлмұхамбетов өзінің лауазымында бар-жоғы жеті ай ғана болды.


ТҮРМЕ - МЕНІҢ ТУҒАН ҮЙІМ

Түрме туралы фильмдерден біз мықты деген зектардың түгел  жабдықталған керемет камераларда отыратынын көріп жүрміз. Айтпақшы, ондай фильмді Атырауда да түсіруге болады екен. Желтоқсанда Атырауда УГ-157/1 мекемесі (тергеу абақтысы) бастығының міндетін атқарушы ұсталды. Ол түзету колониясына жөнелтпеу үшін сотталушылардың бірінен жалпы сомасы 678 мың теңге мөлшерінде жүйелі түрде пара алып отырған деген күдікке ілінді.


ДЕМАЛЫСТА ДА «ЖҰМЫС» ІСТЕГЕН

ҚР Бас прокуратурасы жемқорлықпен күрес – бұл біздің ортақ борышымыз деп мәлімдейді.  Бірақ Атырау қаласы прокуратурасының  қызметкері Жасұлан ҚАРАТАУ, шамасы демалысында басқа бір жұмыспен айналысқысы келген. Маусым айында оны өз отаны Ақтауда ұстап алған. Тергеу болжамдары бойынша демалыста жүрген ол әлдебір тұлғаларға қомақты пара үшін қылмыстық істі «тоқтатуға» уәде берген. Қаратау Ақтау қаласының тергеу абақтысына қамалды, тергеу жүргізілуде.


ӨЗ ҚАЛТАСЫ ҮШІН ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ЖАЛАҚЫСЫН КӨТЕРГЕН

Қарашада Мақат аудандық соты сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасады деп айыпталған Шарипов атындағы Доссор мектеп-интернатының директорына, оның шаруашылық жөніндегі орынбасарына және бас есепшіге үкім шығарды.

Олар интернат қызметкерлерінің жалақы шотына артық ақша аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырған. Жалақы «айырмашылықтарын» өздеріне алып, жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

Мектеп-интернатының директоры бір жылға, оның орынбасары - екі жылға, бас есепші бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды.


АҚША БЕРДІҢ БЕ, ҚЫДЫРА БЕР

Жылыой ауданының қылмыстық-түзету жүйесі пробация қызметі бөлімінің басшысы сотталушыдан 110 мың теңге көлемінде пара алған. Бұл үшін оның қамқорлығындағы сотталушы ережені сақтамауға  жеңілдк алған. Нәтижесінде әйелге  2,2 миллион теңге айыппұл салынып, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыруға үкім шығарылған.


«...БҰЛ БАСҚАША КӨЗДІҢ ЖАСЫ – БҰЛ АР-ҰЯТ ЖАСЫ»

Атыраулықтар қашанда тасы өрге өрлеген жерлестерін мақтан етеді: олардың арасында бірі - танымал кинорежиссер, енді бірі – танымал саясаткер және басқалары да бар. Қалалықтарға Аманғалиев деген фамилия жақсы таныс. Иә біздің жерлесіміз Серік АМАНҒАЛИЕВ еңбек жолын бір кездері Махамбет ауданында ауыл мұғалімі болып бастады, ал бір жылдан соң облыстық білім басқармасының басшысы болды, кейін Құрманғазы ауданының әкімі лауазымын атқарды, Атырау облысы әкімінің орынбасары болды, ал одан соң ҚР президент әкімшілігінде де жұмыс істеп үлгерді. 2017 жылдың желтоқсанынан бастап Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болды. Сөйтіп, өткен жылдың аяғында ол тергеу болжамы бойынша,  құны 4,5 миллиард теңге болатын Ақтаудағы Мұз сарайының құрылысы барысында «қамқорлығына» алған чехиялық құрылыс компаниясының өкілінен 400 мың еуро пара алып ұсталды. Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты оны 10 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Фархат ӘБІЛОВ

1 қаңтар 2020, 10:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.