Облыстық білім беру басқармасындағы сыбайлас жемқорлық туралы іс әлі тергелуде. Осы басқарманың бұрынғы басшысы Қайырғали КЕНЖЕҒАЛИЕВ, оның орынбасары Роза ҚАБДОЛОВА және Кіші Өнер академиясының жанындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың бас есепшісі Назымгүл МӘЖИТОВА бұрынғыша үйқамақта. Білім беру саласына жетекшілік еткен Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле САЙЛАУОВА 100 миллион теңгеге жуық сома төлеп, кепілдікпен босатылды деген сыбыстар расталмады. Сот оны қамауға алу мерзімін бір айға ұзартты.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» статистика. №2 қалалық соттың баспасөз қызметі соңғы бір жарым жылдың ішінде Атырауда сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін 26 адамның сотталғанын хабарлады. Оның ішінде 11 адам пара алғаны үшін бас бостандығын шектеу, 11 адам - айыппұл төлеу, 4 лауазымды тұлға - бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Айыппұлдардың жалпы сомасы 63 млн 525 мың теңге болды. Соттауға негіз болған фактілер: пара алу - 5, пара беру - 1, қызметтік жалғандық жасау - 1, парақорлыққа делдал болу - 4, лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану - 8.
Фархат ӘБІЛОВ