
Астанада 11 жастағы бала туыстарымен жанжалдасып, кешкі уақытта үйінен кетіп қалған. Баланы полиция қызметкерлеріне Феликс есімді қызметтік ит табуға көмектесті, деп хабарлады ҚР ІІМ.
ҚР ІІМ мәліметінше, баланың жоғалғаны туралы хабарлама кешкі уақытта «102» арнасына түскен. Оқиға орнына бірден полиция қызметкерлері мен Астана қаласы Полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығының мамандары жіберілді.
Іздеу жұмыстарына кинолог Аслан Елтайдың жетекшілігімен Феликс есімді жеті жастағы неміс овчаркасы тартылды. Ит иіс арқылы ізге түсіп, полиция қызметкерлерін тұрғын үйлердің бірінің жертөлесіне бастап барған. Сол жерден бала табылды.
Полицияның хабарлауынша, Феликс адамдарды иіс ізі арқылы іздеуге маманданған. Ол хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру кезінде де, құқық бұзушылықтарды ашу барысында да қолданылады.
В Атырау +7.8