
Қазақстанда бала 18 жасқа толғаннан кейін де алимент алуға құқылы. Егер ол мектепте, колледжде немесе жоғары оқу орнында күндізгі бөлімде оқыса, алимент төлеу міндеті сақталады. Мұндай істерді соттар қалай қарайды, төлем алу үшін кім талап қоюы керек және алимент қай жасқа дейін төленеді? Бұл туралы отбасы құқығы мәселелері жөніндегі заңгер Бекарыс Әшірбек түсіндірді.
Оның айтуынша, іс жүзінде оқу кезеңіне арналған алиментке қатысты көптеген қателік жіберіледі. Олар талап арызды дұрыс рәсімдемеуден бастап, қажетті дәлелдердің жеткіліксіз болуына дейін кездеседі.
Ескеру қажет негізгі ережелер:
Сотқа студенттің өзі жүгінеді. 18 жасқа толғаннан кейін адам толық әрекет қабілеттілігіне ие болады. Сондықтан оқу кезеңіне алимент өндіру туралы талап арызды ата-анасы емес, студенттің өзі беруі керек. Егер анасы өз атынан талап арыз берсе, сот оны қанағаттандырудан бас тартуы мүмкін. Сот тәжірибесінде мұндай жағдайлар болған. Ал студент бірге тұратын ата-ана процеске үшінші тұлға ретінде тартылады.
Ең жоғары жас шегі – 21 жас. Күндізгі бөлімде оқу кезеңіне алимент 21 жасқа дейін тағайындалуы мүмкін. Студенттің оқу мерзімі ұзағырақ болған жағдайда да, мысалы, медициналық жоғары оқу орнында оқыса да, бұл шек өзгермейді. Мұндай жағдайда сырттай оқу алимент өндіруге заңды негіз бола алмайды.
Оқу орнының орналасқан жері маңызды емес. Қаралған істерде студенттің шетелде білім алуы алимент өндіруге өздігінен кедергі келтірмеген.
Алимент АЕК-пен белгіленетін нақты ақшалай сомада төленеді. Кәмелетке толмаған балаларға алимент көбіне табыстың белгілі бір үлесі түрінде өндірілсе, студенттерге төленетін алимент тек АЕК-ке байланысты белгіленген нақты сомада тағайындалады. Заңгердің тәжірибесіне сүйенсек, қаралған істерде соттар айына 5-тен 30 АЕК-ке дейін алимент өндірген. Әдетте бұл талап арызда көрсетілген сомадан аз болған.
Оқу ақысын бөлек өндіріп алу мүмкін емес. Ата-анадан оқу құнының жартысын қосымша шығын ретінде төлеуді талап ету, әдетте, нәтиже бермейді. Бұл ретте тараптардың жалпы жағдайы мен қаржылық мүмкіндіктері ескеріледі.
Әрбір уәжді дәлелдеу қажет. Сот студенттің бұрынғы материалдық қамтамасыз етілу деңгейін, екі тараптың материалдық және отбасылық жағдайын, басқа балаларының немесе асырауындағы адамдарының бар-жоғын, сондай-ақ студенттің жеке табысын бағалайды. Құжатпен расталмаған ауызша мәлімдемелер сотта дәлел ретінде қабылданбайды. Мысалы, қаржылық қиындықтарын растайтын құжат ұсынбаған немесе талап арызға пікір білдірмеген ата-ана өзіне тиімсіз шешім шығу қаупіне тап болады.
Өзара келісімге келуге болады. Ата-аналар алимент төлеу туралы келісім жасай алады немесе сотта бітімгершілік не медиациялық келісімді бекітіп, 21 жасқа дейін төленетін алимент мөлшерін өзара қолайлы етіп белгілей алады.
Заңгердің айтуынша, алимент оқу басталған күннен емес, сотқа жүгінген сәттен бастап тағайындалады. Сондықтан талап арыз беруді созу тиімсіз. Кейін тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайы едәуір өзгерсе, төлем мөлшерін қайта қарауға болады. Сондай-ақ алимент алушының отбасындағы лайықсыз мінез-құлқы дәлелденген жағдайда, алимент төлеуден бас тартылуы мүмкін.
В Атырау +7.8