
Атырауда алтыншы және жетінші сынып оқушылары адал әрекеттері үшін марапатталды. Балалар көшеден 300 мың теңгесі бар әмиян тауып алып, оны патрульдік полиция қызметкерлеріне тапсырған. Полицейлер әмиянның иесін анықтап, ақшасын толық көлемде қайтарып берді.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Онал БЕКИЕВ мектеп оқушыларымен жеке кездесіп, адалдықтары үшін алғыс айтып, оларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
«Адалдық жасқа байланысты емес. Дәл осындай игі істер айналасындағыларға үлгі болады», – деп атап өтті полиция өкілдері.
Бұған дейін «Ақ Жайық» басылымы балалардың әмиянды Нұрсая шағын ауданынан тауып алғанын хабарлаған болатын. Жақын маңда кезекшілік атқарып жүрген патрульдік полиция батальонының қызметкерлерін көрген оқушылар өздері барып, табылған зат туралы айтып, әмиян иесін табуға көмектесулерін сұраған.
Патрульдік полиция қызметкерлері әмиян иесінің жеке басын жедел анықтап, жоғалған ақшасын толық көлемде қайтарып берген. Басылымның мәліметінше, әмиянда 300 мың теңгеге жуық ақша болған.
В Атырау +7.8