11 маусымда Ақтауда Бас прокуратураның ішкі тергеу департаментінің қызметкерлері Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірлесе отырып, алаяқтық жасады деген күдікпен Атырау қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Жасұлан ҚАРАТАУДЫ ұстады. Ол «қызмет бабын пайдаланып, ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп күдіктелуде», - деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
«АЖ»-ға белгілі болғандай, прокурор Ақтау қаласының тумасы. Сол жерде демалыста жүрген ол, алдын ала мәліметтер бойынша, әлдебір тұлғаларға қомақты пара үшін қылмыстық істі «тоқтатуға» уәде берген.
Қаратауға қатысты қамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, Ақтау қаласындағы тергеу абақтысына қамалды. Сол жерде - қылмыс жасалған жері бойынша, егер іс соған жетсе, сот болады.
Фархат ӘБІЛОВ