№2 Атырау қалалық сотында «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің бұрынғы директоры Самат ТҰРНИЯЗОВҚА, оның орынбасары Асқар ҚАЛДЫБАЕВҚА, «Sanjar Flowers» ЖШС директоры Ербол ҚУАНЫШ (Тұрниязовтың ұлы) пен Артур СҰЛТАНОВҚА қатысты өткен жылдың қарашасында басталған қылмыстық істі қарау процесі аяқталды. Тұрниязов пен Қалдыбаев орташа қауіпсіздік мекемесінде (жалпы режимдегі колония) 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды. Қорытынды сот отырысының егжей-тегжейі туралы «АЖ» материалынан оқыңыз.
Тұрниязов пен Қалдыбаев 16 эпизод бойынша ҚР ҚК-нің 189-бабымен (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу), 361-бабымен (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) және 369-бабымен (Қызметтiк жалғандық жасау) айыпталды. Іс бойынша «Бақ-Құт» ЖШС өкілі А.Сұлтанов (28-баптың 5-тармағы,189-баптың 4-тармағының 2-тармақшасы - Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салуға көмектесу) пен Тұрниязовтың ұлы - «Sanjar Folowers» ЖШС директоры Ербол Қуанышқа (190-баптың 4-тармағының 2-тармақшасы – Аса ірі мөлшердегі алаяқтық) қатысты да іс қаралды.
Айыптау актісіне сүйенсек, Тұрниязов өзінің орынбасары Қалдыбаевпен алдын ала келісіп, Сұлтановтың көмегімен, аса ірі мөлшерде «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің ақшасын жымқырған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының департаменті тергеушілерінің жорамалы бойынша, келтірілген залал - 65 млн 300 мың теңге. Бұдан басқа, Тұрниязов ұлының кәсіпорнына Атырауды көгалдандыру үшін техника мен жұмысшыларды тегін ұсынып, осылайша «Арнаулы автобазаға» 41 млн 300 мың теңгеге зиян келтірген.
Тағы бір айыптау тармағында: Тұрниязов Қалдыбаевпен бірге қызметкерлерге сыйақы беру туралы жалған бұйрықтар беріп, осылайша «Арнаулы автобаза» шотынан 5 млн 500 мың теңге ұрлаған; кәсіпорын кассасынан жалпы сомасы 9 млн 300 мың теңге қолма-қол ақша алған; бірнеше ЖК-мен мемлекеттік сатып алулар туралы электрондық келісімшарттар жасап, іс жүзінде жұмыстарды орындамастан ақшалай қаражаттарды қолма-қол ақшаға айналдырып, 2 млн 500 мың теңге ұрлаған.
Жарты жылға созылған сот процесі барысында кейбір эпизодтар бойынша сотталушылар ақталды немесе олардың әрекеттері анағұрлым «жеңіл» баптар мен тармақтарға қайта өзгертілді. Атап айтқанда, Ербол Қуаныштың әрекеті 195-баптың 1-тармағына (Алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру), Самат Тұрниязов пен Асқар Қалдыбаевтың әрекеттері 361-баптың 1-тармағы 4-тармақшасына өзгертілді.
Бірақ қалған баптар экс-директор мен оның орынбасары үшін қатаң жаза алуға жеткілікті болды.
Артур Сұлтановты жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбек етуге тарта отырып, пробациялық бақылау жасау арқылы 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті.
Ербол Қуаныш 195-баптың 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, ҚР ҚК-нің 71-бабының 1-тармағының негізінде ескіру мерзіміне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босталды.
- Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 170-бабына сәйкес, зардап шеккен тараптың - Атырау қаласы әкімдігінің пайдасына сотталғандардан үлестік тәртіппен: Самат Тұрниязовтан - 41 млн 872 мың теңге, Асқар Қалдыбаевтан - 24 миллион 860 мың теңге материалдық зиян өндіріледі, - деп судья Дәуренбек ДАУМОВ үкімді оқыды.
- Сіздің айтарыңыз бар ма?- деп сұрады ол сотталғандардан.
- Иә, әрине, - деді бұған дейін сабырлы қалыппен үкімді тыңдаған Тұрниязов жұлып алғандай. – Мен істің қаралу «объективтілігіне» қайран қалып отырмын! Тергеушілерде ешқандай дәлел болған жоқ, бірақ соған қарамастан осындай үкім шығарылды! Менің кінәм дәлелденген жоқ деп есептеймін.
- Сот тергеуінде сіздің кінәңіз заң талаптарымен жинақталған дәлелдермен расталды, - деп жауап берді Даумов.
Тұрниязовты қарауылға алып, сот залынан алып кетпес бұрын онымен тілдесіп үлгердім:
- Бүкіл іс бір адамның – әкімдіктің бұрынғы қызметкері, фирма директоры Артур Сұлтановтың жауаптарына негізделіп отыр. Ол бірден іс жүргізу келісімін жасаған еді. Бірақ ештеңе дәлелденген жоқ, ал бұл жауаптар бірнеше адамның тағдырын шешіп отыр...
- Апелляция бересіз бе?
- Әрине!
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор