Атырау, 19 наурыз 07:54
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +6
$ 449.30
€ 489.69
₽ 4.89

«Арнаулы автобаза» экс-директорының ісі: Зардап шегуші қала ма, басқа ма?

6 796 просмотра


№2 Атырау қалалық сотында ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша айыпталған «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің бұрынғы директоры Самат ТҰРНИЯЗОВҚА, оның орынбасары Асқар ҚАЛДЫБАЕВҚА, «Sanjar Flowers» ЖШС директоры Ербол ҚУАНЫШҚА (Тұрниязовтың ұлы) және Артур СҰЛТАНОВҚА қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Тұрниязов сондай-ақ, 361-бап (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) және 369-бап (Қызметтiк жалғандық жасау) бойынша да айыпталуда.

Самат Тұрниязов осы жылдың қаңтар айының басында қамауға алынды және осы уақыттан бері тергеу абақтысында отыр. Бастапқыда қылмыстық іс тамыз айында сотқа түскен еді, бірақ кейін прокуратураға қайтарылды. Тергеу жүргізген облыстық прокуратурадан да, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро департаментінен де мұның себебін біле алмадық. Міне, енді сот бұл істі қарауға қабылдапты.

Мәжіліс басында процеске Тұрниязовтың адвокатының келмегені белгілі болды. Төрағалық етуші судья Дәуренбек ДАУМОВ адвокат өз қызметінің ақысын Тұрниязов төлемегендіктен енді оны  қорғаудан бас тартатынын сот кеңсесіне хабардар еткенін мәлімдеді. Сотталушы, өз кезегінде, адвокаттың қазір басқа процеспен айналысып жатқандықтан келмегенін айтты. Қалай болғанда да, Тұрниязовқа мемлекеттік қорғаушы тағайындалды.

Прокурор айыптау актісін оқыды, содан кейін Тұрниязов, Қалдыбаев және Қуаныш айыптаудың бірде-бір тармағымен келіспейтіндіктерін айтты. Ал Сұлтанов келісіп, прокурормен іс жүргізу келісімін жасауға дайын екенін білдірді.

Бұл істе Атырау қаласының әкімдігі зардап шегуші тарап деп есептеледі, сондықтан оның өкілі ДӘУЛЕТҚАЛИЕВ бірінші болып сөз сөйледі:

- «Арнаулы автобаза» ЖШС қалалық әкімдіктің 2013 жылғы 27 тамыздағы №919 «Арнаулы автобаза» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнын қайта құру туралы шешімінің негізінде құрылды. ЖШС-тің жалғыз қатысушысы - Атырау қаласының әкімдігі, ал жоғарғы басқарушы орган - қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі. Басқару органының құзыретіне директорды тағайындау және оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату жатады. ЖШС мүлігі жарғылық капиталға жалғыз қатысушының бастапқы жарнасы есебінен құрылды. Жарғыға сәйкес «Арнауылы автобаза» ЖШС жарғылық капиталы 1 млрд 354 млн 400 мың 259 теңгені құрайды. Директор қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бастығының бұйрығына бағынады, лауазымына тағайындалады және жұмыстан босатылады. Сондықтан қалалық әкімдік бұл істе зардап шегуші тарап. Тигізілген зиян сомасы - 134 миллион теңге.

Қорғау тарапы бұл тезистің негізді екеніне күмән келтірді.

ЕРМАНОВ, Қуаныштың адвокаты: Жалақыны, салықтарды кім төлейді, әлеуметтік аударымдарды кім жасайды?

Дәулетқалиев: Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі.

Ерманов: Жауап дұрыс емес. «Арнаулы автобаза» тапқан ақшаға кім билік етеді?

Дәулетқалиев жауап беруге тосылып қалды.

Тұрниязов: Сізде қалалық әкімдіктің «Арнаулы автобаза» үшін жалақыға немесе басқа нәрсеге қаржы аударғандығы туралы ең болмаса бір құжат бар ма?

Дәулетқалиев: Менде мұндай ақпарат жоқ.

Тұрниязов: Әкімдік «Арнаулы автобазаның» жылжымалы және жылжымайтын мүлігінің иесі, ал ақшалай қаражат бізге тиесілі. Егер біз әкімдіктің кәсіпорны болсақ, онда әкімдік неліктен тендер өткізеді, неліктен жұмыстарды бірден бізге бермейді? Біз тендерлерге басқалармен тең жағдайда қатысамыз, біз үшін ешқандай артықшылық жоқ. Тағы бір сұрақ: 2016 жылы «Арнаулы автобазаға» қанша теңге бөлінді?

Дәулетқалиев: Менде мұндай ақпарат жоқ.

Судья Даумов: Сіз бірде бір сұраққа жауап бере алмайсыз. Барлық сұрақтарды жазып алып, дайындалып, келесі отырыста жауаптарын беріңіз.

Содан кейін «Арнаулы автобазада» жұмыс істеген бірнеше КамАЗ-дың иесі Аслан ШМАНОВ сотта жауап берді:

- Мен қоқыс пен қарды шығардым. Ауызша келісім бойынша жұмыс істедім – ешқандай шарт жасалмады, сағатына 2500 теңге төленді. Қолма-қол ақшаны орынбасардың кабинетінде алдық. Кейде ақшалар кешіктіріліп берілді, олар ақпан айы үшін жарты миллиондай теңге бережақ.

- Аслан, мен саған қосымша сағаттар жазамын, ал ақшасын сен маған бересің деп айтқан кезім болды ма? - деп сұрады Тұрниязов.

- Жоқ, ондай болған жоқ.

Фархат ӘБІЛОВ

Суретті түсірген автор

12 қараша 2018, 18:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.