ҚР ІММ 5 қазанда таратылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы баспасөз хабарламасында «Бұл жұмыста алдын-алу сипатындағы тиісті шаралар алмаған басшылардың жеке жауапкершілігі өте маңызды» деп атап көрсетіп, «жетекшілік ететін бөлімше басшыларының сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін Атырау және Жамбыл облыстарының полиция департаменттері басшыларының орынбасарлары қызметінен босатылды» деп хабарланды. Біздің өңірімізде 2016 жылдың қазан айынан бастап тағайындалған ПД басшысының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Сұлтан МОЛДАШЕВ лауазымынан босатылды.
Естеріңізге салсақ, қыркүйектің соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері Атырау облысы бойынша ПД-нің тылдық қамтамасыз ету басқармасының автошаруашылық басшысы мен оның орынбасарын 2,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұстаған еді.
ІІМ баспасөз хабарламасына сүйенсек, сыбайлас жемқорлыққа қоса, қазақстандық полиция қызметкерлері «басқа да қылмыстары үшін» жауапқа тартылып жатқаны туралы айтылады.
Айтпақшы, «АЖ»-ға тамыз айында Атырау полициясының майорына қатысты 188-бап (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Бұл қылмыстық әрекеттің мән-жайы: майор мұнайлы астананың дүкендерінің бірінен портмоне ұрлаған, оның ішінде басқа заттармен қатар бір қорап мүшеқап болған. «АЖ» осыған қатысты ПД ішкі қауіпсіздік басқармасына сауал жолдаған еді. Бірақ ондағылар ҚР Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабына (Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) сілтеп, істің желісі туралы хабарлаудан бас тартты. Полиция сотқа дейінгі тергеу жұмыстары туралы редакция сұрауларының жауаптарын прокуратурамен келісуі тиіс, бірақ бұл жағдайда олай жасалмаған секілді - мұндай құжатты облыстық прокуратурадағылар естеріне түсіре алмады. Сәл кейінірек «АЖ»-ға тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық істің тоқтатылғаны, ал майордың келеңсіз себептерге байланысты қызметінен босатылғаны белгілі болды.
Фархат ӘБІЛОВ