Атырау, 24 қараша 03:24
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атыраудағы медицина хроникасы

4 549 просмотра


Соңғы кездері Атырау облысының денсаулық сақтау жүйесі құқық қорғау органдарының назарына ілікті. Мұздатқыш камерасына салынған тірі нәрестеге қатысты сұмдық жағдай бүкіл елді дүр сілкіндірді. Алайда Атырау медицинасы қазақстандық денсаулық сақтау жүйесінің көрінісі ғана. Облыстық басқарма басшылығын ауыстырғаннан ештеңе өзгермейді.

Өздеріңіз төрелік етіңіздер - біздің дәрігерлерді көбіне біліктілігі жоқ, дипломдарын сатып алады деп айыптайды, олар елдің басқа өңірлерінде орналасқан медициналық жоғары оқу орындарында білім алады. Олардың әрекеттерін немесе әрекетсіздігін көбінесе «объективтілік үшін» басқа қалаларда немесе шақырылған сарапшылардың көмегімен жүргізілген сараптама нәтижелері бойынша ақтап алады.

Ал Атырау медицинасында дау-дамай басшылықтың ауысқанына қарамастан жиі орын алып тұрады. Мысал ретінде 2009 жылдың мамыр айында облыстық перзентхананың бас дәрігері Жәнібек КӨШӘЛИЕВТІҢ жаңа туған нәрестені саудалағаны туралы атышулы істі еске алуға болады. Алайда бұл істің ерекшелігі - ол өз әрекеті үшін жазаланды.

2017 жылдың сәуірінде облыс басшысы Нұрлан НОҒАЕВ денсаулық сақтау басқармасының қазіргі басшысы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВАНЫ активпен таныстырып, оған үлкен үміт артты. Бұған дейін ол Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болған. Бұрынғы басшысы Аманбек ЖҰМЫРОВ ресми түрде өз еркімен кеткен, дегенмен ол нашар көрсеткіштер үшін «кетті» деген пікірлер айтылды.

2016 жылдың қорытындысы бойынша Атырау облысы Қазақстанның денсаулық сақтауды дамыту орталығының рейтингінде соңғы орынды иеленді. Егер 2014 жылы біздің облыста ана өлімінің бір оқиғасы тіркелсе, 2015 және 2016 жылдары әрқайсысында бес оқиғадан орын алған.

М.Аймұрзиеваны таныстыра отырып, әкім басқа өңірлер қызығатындай заманауи медициналық жабдықтардың болғандығына қарамастан,  бізде медицинаның жағдайы қуантарлық еместігін атап өтті. Сонда мәселе кадрларда болып отыр деген тұжырым туындайды.

- Өз жұмысын орындай алмайтындардан арылыңыз, жаңа мамандар жинаңыз. Сіздің тәжірибеңіз мол, сондықтан осы жерде тәртіп орнатсын деп, сізге денсаулық сақтау саласын сеніп тапсырып отырмыз, - деген еді сол кезде Н.Ноғаев.

Екінші өте маңызды көрсеткіш - сәби өлімінің статистикасына келетін болсақ, өкінішке орай, бізде ол ешқашан төмен болған емес. Әсіресе ол ДДСҰ стандарттарын енгізгеннен кейін нашарлады. Айтпақшы, кейбіреулер қазір Атырауда шарананың тірі туу стандарттарының енгізілуін М.Аймұрзиеваның келуімен байланыстырады. Алайда Қазақстанда бұл стандарттарға көшу 2007 жылдан кейін, ал біздің облыста, атап айтқанда 2010 жылдан кейін басталды. Бұрын біздің елімізде қабылданған критерийлерге сәйкес, кемінде 28 апталық жүктілік мерзімінде туылған, салмағы 1000 граммнан кем емес, денесінің ұзындығы кем дегенде 35 см болатын және ең болмағанда өздігімен бір рет тыныс алған бала тірі деп саналды. Ал ДДҰ стандарттарына сәйкес, тірі немесе өлі болып туылғанына қарамастан, дене салмағы кемінде 500 грамм болатын шараналардың бәрін статистикаға енгізе бастады.

2011 жылы Атырауда жаңа стандарттар енгізілгеннен кейін 8043 сәби дүниеге келді, олардың 78-і перзентханаларда шетінеді. 2012 жылдың басында қалалық прокуратура бұл фактілерді жариялап, нағыз жанжал туындаған болатын. Сол кезде алдымызда не күтіп тұрғанын әлі білмейтін едік. Ал облыстық денсаулық сақтау департаменті басшысының ауысуы бұл көрсеткіштерге еш әсер еткен жоқ. М.Аймұрзиеваның кезінде 2017 жылдың шілдесінде егіз сәбиге жүкті әйел босану кезінде қайтыс болды. Сәбилерді аман алып қалу мүмкін болды, бірақ олар жетім қалды. Сол жылдың қараша айында Атырау облыстық перинаталды орталықта жүкті әйел сәбиімен бірге қайтыс болды. Бейресми ақпараттарға сәйкес, төртінші сәбиін босануына бір апта қалған. Ауруханаға жатқанша екі күн бойы қызулап, орталықтың жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

2018 жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, сәби өлімі 21%-ға артты. 2018 жылдың 7 айында Атырау облысында 1 жасқа дейінгі 89 бала қайтыс болды. 2018 жылдың 12 қыркүйегінде перинаталды орталықта жүктіліктің 34-ші аптасында 25 жастағы жүкті әйел қайтыс болды, онымен бірге сәбиі де шетінеді. Осы жылдың 26 мамырында кесарь тілігінен кейін 9 ай мерзіміне жетіп босанған тағы бір әйел көз жұмды. Осы жылдың тамыз айының басында облыстық прокуратура сұмдық фактілерді жариялады: жыл басынан бері облыстық перинаталды орталықта 133 сәби – дүниеге келгеннен кейін 56, ана құрсағында 77 шарана шетінеген. Қыркүйек айында Атырау қалалық прокуратурасы жаңа туған нәрестенің өлімі бойынша №3 қалалық емхананың дәрігерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Перинаталды орталықта босанғанға дейін оның анасы осы емханада дәрігерлердің бақылауында болған, сарапшылар оны лайықты бақылауда болмаған деп санайды.

Медицина мекемелерінің қабырғаларында о дүниелік болғандар тек аналар мен сәбилер ғана емес. 2018 жылғы 26 ақпанда облыстық балалар ауруханасында соқыршегін алып тастау операциясы кезінде 5 жасар бала қайтыс болды. 5 шілдеде №2 облыстық ауруханада желшешектен 6 жасар қыз қайтыс болды, дәрігерлер кейінірек оның ауруханаға ес-түссіз күйде жеткізілді деп жалған айтты.


АҚЫЛЫ «ТЕГІН» ДӘРІ

Біздің облыста жыл сайын денсаулық сақтау саласына өте көп қаражат бөлінеді. Олар қалай жұмсалады? Бұл жерде, мысалы, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесі де бар.

Атырауда созылмалы аурулармен ауыратын пациенттер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККБК) аясында дәрі-дәрмектер жеткізуде үнемі кідірістер болатындығына шағымданады. Ал қаладағы дәріханаларда әлсін-әлі «Тегін» деген белгісі бар дәрі-дәрмектер пайда болады. 2017 жылдың қыркүйегінде емханада бірнеше ай бойы аса қажетті «Депакин» дәрісі берілмеген мүгедек баланың ата-анасы препаратты жеке дәріханалардан сатып алуға мәжбүр болған. Препаратты кезекті сатып алу кезінде күтпеген жағдай болды – үйде олар «Тегін» деген жазудың ақ маркермен үстінен сызылғанын байқайды. Сонда жеке дәріханаларға сатылымға тегін препарат қайдан келген?

5 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған көп балалы аналар да оларға тегін дәрі-дәрмектерді ала алмай отыр. Біресе күтіңдер дейді, біресе кейінірек келіңдер дейді. Ақырында сатып алуға тура келеді. Олардың балаларына арналған дәрі-дәрмектер қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді. Созылмалы қант диабетімен, демікпемен ауыратын науқастар, қан қысымдары бар адамдар үнемі дәрі-дәрмектердің жетіспейтіндігіне шағымданады.

Әдетте, мұндай жағдайларда шетін табу мүмкін емес - емхана жеткізушілерге сілтейді, олар қажетті дәрі-дәрмектер саны бар өтінімдерді медицина мекемелерінің өздері жібереді дейді. Осы кезде емханалар облыстық денсаулық сақтау басқармасы аз ақша бөледі, сондықтан өтінімді нақты бөлінген ақшаға байланысты беруге тура келеді деп шағымдана бастайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, өздеріңіз де сезіп отырғандай, өтінімдерді дұрыс жасап бермейді деп емханаларды кінәлайды.

Бұл біздің медицинадағы проблемалардың толық тізбесі емес, тек жұртшылыққа аян фактілер ғана. Біздегі ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта тағы бір факт анықталуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы орган Атырау медицина колледжінің симуляция орталығына арналған жабдықты сатып алу фактісін тексеруде.

Жабдықтың қымбат бағамен сатып алынғандығы туралы деректер бар. Әзірге расталмаған ақпаратқа сәйкес, ол үшін жергілікті бюджеттен 604 миллион теңге төленген, алайда оның нақты құны шамамен 140 миллион теңге. Бұл қаражат тек ТМККБК аясында қызмет көрсететін ұйымдарға бөлінуі тиіс, ал медицина колледжі ондай ұйымға жатпайды. Мемлекеттік сатып алу «бір көзден алу» әдісі арқылы жүзеге асырылған. Сатып алу мақсаттылығы да үлкен күмән тудырады. Симуляциялық орталық колледжде 2014 жылдан бері жұмыс істейді, оның өз жабдықтары бар. Бұдан басқа, сол жылы мұнай компаниясы Атырау облыстық ауруханасының симуляциялық орталығына заманауи жабдықтарды сыйға тартты. Медицина колледжінің студенттері практика кезінде сол жерден де үйрене алады - ғимараттар арасындағы қашықтық алыс емес.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

8 қазан 2019, 13:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.