Атырау облысында 2018 жылдың бірінші тоқсанында нәресте өлімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21,1 пайызға, қатерлі ісіктен болатын өлім 2,4 пайызға артқан. Облыстың денсаулық сақтау саласының биылғы жылғы бюджеті 26,6 млрд теңгені құраған. Бұл туралы брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВА мәлімдеді.
Оның айтуынша, Сонымен қатар, науқастарды амбулаториялық дәрі-дәрмектермен тегін қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 3,9 млн теңге бөлінген.
«АЖ» сауалдары:
- Облыс тұрғындары біздегі дәрігерлер қойған диагноздарға көп жағдайда сенбей, Астана мен Алматыға немесе Астраханға кері тексерілуге барады. Сол жақта басқа диагноз қойылатын жағдайлар да аз емес. Неліктен?
- Бұл жерде дәрігерлердің жеткіліксіз біліктілігі мен кейбір қызметкерлеріміздің кәсіби этикасының төмендігі, яғни, науқасқа деген немқұрайлығы себеп болуы мүмкін. Қазір осы жағдайларды болдырмау үшін жұмыс жасап жатырмыз.
- Көптеген ауыл тұрғындары жергілікті жердегі амбулаториялық бекеттен тұмаудың алдын алуға немесе жүрекке арналған дәрілерді таппайтындығын айтып шағымданып жатады...
- Осы күнге дейін дәріханаларды тек қана жекеменшік тұрғыда ашуға болатын еді. Тек өткен жылдың желтоқсан айынан бастап тегін берілетін дәрі-дәрмектерді емхана өзі жіберетін немесе дәріханалық пунктті пайдалануға лицензияларын алды. Ол жерде дәрігерлер келушілерге тегін немесе ақылы дәрі-дәрмектерді ұсынады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Суретті түсірген автор