Атырау, 24 желтоқсан 06:41
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Жыл басынан бері облыстық перинаталдық орталықта 133 сәби көз жұмды

3 321 просмотра


Атырау облысының перинаталдық орталығында 26 жастағы жүкті әйел көз жұмғаннан кейін қозғалған қылмыстық іс әлі де тергеліп жатыр. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады. Естеріңізге салсақ, 26 мамырда облыстық перинаталдық орталықта кесір тілігінен кейін Исатай ауданынан келген әйел қайтыс болған еді. Кейінірек ҚР ҚК-нің 317-бабының 3-тармағы (Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан медицина жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қадағалау органының мәліметтері бойынша, биылғы жылдың өткен кезеңінде Атырау облысының перинаталдық орталығында 5046 бала дүниеге келген, оның ішінде, 56 бала туылғаннан кейін, 77 бала анасының құрсағында шетінеген.

- Ахуалды талдаған прокурорлар Денсаулық сақтау басқармасына, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына дәрігерлердің кінәсінің бар-жоғын қызметтік тексеруді тапсырды. Тапсырма аясында тексеруге Нұр-Сұлтан қаласынан тәуелсіз сарапшылар тартылды. Тексеру нәтижелері бойынша қылмыстық қудалауға қатысты тиісті процессуалдық шешім қабылданады, деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.

Ал жыл басынан бері медициналық қызметкерлердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша 5 қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта облыстық перзентхананың дәрігерлеріне қатысты 2 қылмыстық іс тергелуде, олардың біреуі сот қарауында жатыр. Бұл өткен жылдың шілде айында босану кезінде көз жұмған Анаргүл МАЙЛЫБАЕВАНЫҢ ісі.

Туыстары Анаргүлді дәрігерлердің немқұрайлылығынан қайтыс болды дейді. Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-тармағы бойынша сотқа да жетті. Қазіргі уақытта қайтадан комиссиялық сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Бұдан басқа, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы жүргізген 5 қызметтік тергеу жұмысының нәтижесінде 10 емхананың бас дәрігерлері түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бірақ қайсысы екенін - облыстық денсаулық сақтау басқармасында нақтылаған жоқ.

Жарияланым шыққан уақытта «АЖ» тілшісі облыстық перинаталдық орталықтың директоры Қуаныш НЫСАНБАЕВПЕН байланыса алмады. Перинаталдық орталықтың баспасөз қызметі оның ақысыз демалыста жүргенін хабарлады.

Фархат ӘБІЛОВ

7 тамыз 2019, 14:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.