Қазақстанның Денсаулық сақтауды дамыту орталығының рейтингінде Атырау облысының соңғы орын алуын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Дина КАМЕЛОВА өткен жылы бізде босанушы әйелдер өлімінің көп болғандығымен түсіндірді.
Қорытындының өзі мені сәл таң қалдырды: ұлттық медицина орталықтары шоғырланған Алматы мен Астана қалалары 5-ші және 8-ші орындарда, біздің тұрғындарымыз жиі қаралып, ем алуға баратын Ақтөбе облысы 6-шы орын алған. Батыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Орталық сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, орташа өмір сүру ұзақтығының көбейіп, өлім-жітім санының азаюы, ВИЧ-инфекция деңгейінің бір орында тұруы, туберкулезден, онкологиялық сырқаттардан көз жұмудың, ана мен бала өлімінің азаюы, медициналық қызмет сапасына негізді шағымдардың жоқтығы, медициналық мекемелердің кәсіби конкурстарға қатысуы, тіпті, пациенттерге әлеуметтік сауалнама жүргізу нәтижелері бағалау критерийлері болды. Мұндай сауалдардың қалай жүргізілетіндігін білмеймін, өз басым ондайларға ешқашан қатысқан емеспін, алайда басқалар секілді дәрігерлерге уақытында қаралып тұрамын. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мен Дина Камеловадан біздің өңіріміздің осындай төмен нәтижесіне қатысты комментарий беруді өтіндім. Өйткені, барлық кеңестерде Атырау облысындағы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемінің артып отыратыны, емдеу мекемелері үшін үнемі қымбат тұратын жабдықтар сатып алынатындығы атап өтіледі.
Д. Камелова жергілікті медиктердің ешқандай кінәсі жоқ екендігіне сенімді:
- 2014 жылы біз 1-орында болдық. Неліктен қазір соңғы орынға түсіп қалдық? Басқа көрсеткіштер қосылды. Бұдан басқа, бұрын бізде жылына бір жағдайдан ана өлімі тіркелетін, ал 2015-16 жылдары бес жағдайдан орын алды. Бірақ, бұлар медиктердің кінәсінен болған өлімдер емес. Біз мұны дәлелдедік, мамандар, профессорлар келді. Өткен жылы Атырау облысында ауыр вирустық инфекция, асқынған пневмония басталды. Үш ай ішінде – қазан, қараша, желтоқсанда – облыстық аурухана арқылы 500 әйел емделді. Оның 27-сі жансақтау бөліміне түсті. Жеті жүкті әйелді біз Алматы мен Астананың медицина орталықтарына жібердік. Үш әйел тасымалдауға келмейтін еді, біз оларды жоғалтып алдық. Олардың бірі Махамбет ауданынан, онкологиялық сырқатқа шалдыққан болатын. Біз оны іздестірдік, ал ол бізден тығылып, Махамбет пен Құрманғазы аудандарының ортасында жүрді.
- Алайда бес әйелдің ішінде кем дегенде екеуінің өлімі дәрігердің кінәсінен болды ғой (Әңгіме Индер ауданының тұрғыны Гүлдана ЖЕКЕНОВА мен Махамбет ауданының тұрғыны Данагүл АМАНҒАЛИЕВА туралы болып отыр – З.И.)
- Жекенова бойынша – ол жерде сырқат клиника бойынша өтті, біз, клиницистер бұл жерде эмболия (қан тамыры бітеліп қалатын патологиялық жағдай – З.И.) орын алды деп ойлаймыз. Жатырдың жыртылуы бірнеше минутта орын алмайды. Бірақ, комиссия эмболия белгілерін таппады. Оның жанында дәрігерлер, акушерлер, сіңлісі болды.
- Ол медиктердің босанушы әйелге лайықты назар аудармағанын растайды.
- Жоқ, жанында болған туысқанының психологиясын түсіну керек. Егер оның жағдайы нашар болса, неге айқайламады? Әйел өзін нашар сезінсе және жанында ешкім болмаса, қалай айқайлап, қалай шу шығаратынын білесіз бе?! Бұл жағдай орын алып, мен түнде сағат 23.30-да келген кезде, біз одан сұрастыра бастадық. Мұндай реакция болмады. Ол алғашқы сәтте-ақ мұны айтуына болатын еді ғой. Дәрігерлер шай ішіп отырды деген әңгіме кейін айтылды.
Құлсарылық Ғазизова туралы айтсақ, ол індет нағыз қызған шақта жансақтау бөлімінде жатқан жеті әйелдің бірі болатын. Біз Алматыдан өте ауыр күйде жатқан басқа әйел үшін санавиация шақырдық. Ал Ғазизова перденің ар жағында қасында жатты, ол кезде мұндай көңіл аударатындай жағдайда болмады. Оның жағдайы аяқ астынан нашарлап кетті. Соның алдында ғана кереуетте отырып, тамақтанған. Ал түнде қайтыс болып кетті. Оны тексерген кезде өкпесінің жаппай тез асқынып кеткені анықталды. Алайда, сол күні біз рентгенге түсірдік, оның екіжақты пневмониясы болды. Құлсарылық Есмұратовада да вирусты инфекция болды, бірақ ол асқынған пневмония - тромбоэмболиядан көз жұмды, онда тромб үзіліп кеткен. Аманғалиева да пневмониядан көз жұмды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА