Атырау, 24 қараша 05:26
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тегін келетін дәрілер сатылымда жүр

4 009 просмотра


Атырауда созылмалы сырқатпен ауыратын пациенттер кепілді тегін медициналық көмек аясында берілетін дәрілердің үнемі  кешіктіріліп жеткізілетініне шағымданады. Сондай-ақ, қала дәріханаларында «Тегін» белгісі соғылған дәрілер де сатылады.  

Мына суретті «АЖ» редакциясына мүгедек баласы бар ата-ана жолдаған болатын. Емханада оларға өздеріне қажетті «Депакин» дәрісін бірнеше ай болды, бермей отыр. Сол себепті олар дәріні жекеменшік дәріханалардан сатып алуға мәжбүр. Ал тағы да сатып алу барысында олар тосынсыйға тап болған. «Тегін» деген жазудың ақ түсті маркермен үстінен сызылғанын байқап қалған. Тегін дәрі жекеменшік дәріханада қайдан жүр? – дейді аң-таң қалған ата-ана.

Біздің тағы бір оқырманымыз Мәдинаның баласы талма ауруымен ауырады, оған да «Депакин Хроносфер» дәрісін жазып берген, оны күн сайын үзіліссіз қабылдауы тиіс. Емханада оны тек 2 аптаға береді, оның үстіне кешіктіріліп беріледі. Ал, ем қабылдауды тоқтатуға болмайды, сондықтан да ата-анасы өз ақшаларына сатып алуға мәжбүр. Жұмсалған ақшаны ешкім өтеп те отырған жоқ. Емханада оларға басында оған жеткізушілер кінәсінен деп мәлімдеген. Олар «Медицина» АҚ-на барып жағдайды анықтамақ болады. Ал онда оларға емхананың тапсырысын көрсеткен, берілген тапсырыста дәрінің саны қажетті шамадан анағұрлым төмен етіп көрсетілген. Тағы да осы мәселемен емханаға барған кезде енді басқа уәж айтылады: облыстық денсаулық сақтау басқармасы бөлген қаржы аз, сондықтан да бөлінген ақшаға қарай есептеп тапсырыс беруге тура келеді.

5 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған көп балалы аналар өздеріне тиесілі тегін дәрі-дәрмектерін ала алмай отыр. Олардың да күте тұруын өтініп кейінге қалдыра береді екен. Ақыр соңында сатып алуға тура келеді дейді. Олардың балаларына тиісті дәрі-дәрмектер қайда кетіп жатыр, оны ешкім де білмейді.

Қысқасы, тегін дәрімен қамтамасыз ету жүйесі шын мәнінде қалай жұмыс істеп жатыр? Мемлекет іс жүзінде берілген тапсырыстар бойынша қаржы бөле ме? Немесе, керісінше, емханалар бюджеттің осы мақсатқа бөлген қаржы көлеміне сәйкес тапсырыс беруге мәжбүр ме? Бұл сауалды мен өңірлік коммуникациялыр қызметіннің брифингінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк АЙМУРЗИЕВАҒА қойдым.

- Иә, бізде бүгінгі күні амбулаториялық деңгейде дәрілердің жетіспеушілігіне қатысты мәселе бар. Шынында, сатып алуды жоспарлау іс жүзіндегі қажеттіліктерге байланысты болуы тиіс. Біз биыл екі рет талдау жүргіздік, содан кейін жергілікті бюджет қосымша 475 млн теңге бөлді. Ал жалпы облыс биылғы жылға дәрі үшін 1,3 млрд теңге бөлді. Бұл жерде осы жыл ішінде есепке тұрып жатқан жаңа пациенттер үшін қаржы қарастырылмағандығын атап кеткен жөн. Алға қарай мұндай мәселелер туындамас үшін біз операциялық менеджмент енгізе бастадық: медициналық мекемелер өз учаскелерінде жаңа науқастар тіркеле бастаған кезде тиісті ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолдайтын болады, - дейді М.Аймурзиева. – Екінші бір мәселе – бізге дәрілердің жеткізілуін нақты бақылауға алу керек. Тұрақты тіркелген науқастарды дәрімен жүйелі түрде қамтамасыз ету үшін бізде тапсырма бар. Алайда, бізде мынадай да тәжірибе бар, бұрыннан тіркеуге алынған пациенттерге арналған дәріні жаңадан тіркелгендерге де беріп жатамыз. Өйткені, олар шұғыл арада ем алуға мұқтаж. Осындайда қайта бөлу қарастырылады. Бұл жерде жеткізушімен арада нақты үйлестіру шаралары қажет және бізде ондай келісім бар. Сондықтан да мәселе таяу арада шешіледі деп ойлаймын.

Тегін дәрілердің дәріханалар желісі бойынша сатылуына қатысты М.Аймурзиева тікелей облыстық денсаулық сақтау басқармасына, сондай-ақ, Атырау облысы бойынша фармация департаментіне хабарласуды сұрады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА     

8 қыркүйек 2017, 11:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.