«АЖ» сайтындағы жарияланымнан кейін редакцияға 5 шілдеде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында желшешектен көз жұмған 6 жасар Софияның ата-анасы хабарласты.
- Қазір бізге болған жағдайды баяндау өте ауыр, бірақ күшімізді жинап, қалай болғанын айтуды жөн көрдік. Өйткені брифингте дәрігерлер өтірік айтты, - дейді қайғыдан көкірегі қарс айырылған Софияның анасы Елена КОНОВАЛОВА. – София үйде қызуы көтеріліп, бірнеше күн ауырып жатты. Біз учаскелік дәрігер мен жедел жәрдем шақырттық. Медицина қызметкерлері қорқынышты ештеңе жоқ, қызуын түсіру үшін ауыз қуысын ылғал дәкемен сүрту керек деді. Қызыма медиктер тағайындаған дәрі-дәрмектер мен дәрумендерді бердік. Ешкім вирусқа қарсы препараттар тағайындаған жоқ.
Еленаның айтуынша, қыздарын ауруханаға алып келгенде оларға дәрігерді науқастар қабылдайтын бөлмеде күтіңдер деген.
- Алдымызда бір отбасы отырды. Дәрігер келген кезде, кезек күту керектігін айтты. Күйеуім Сергей қызымды құшақтап отырды, қызымның жағдайы нашарлай берді, әбден әлсіреп құса бастады. Дәрігер рентгенге түсу керектігін айтты. Сергей Софияны сол жерге апарды. Бұл жерде де уақыт жоғалттық. Бірақ қызым әлі есін білетін еді, Надя Ерғалиеваның оны есін білмейтін, жанталасқан күйде болды дегені өтірік. Флюорографиялық тексеру кезінде Софияға қолыңды көтер деді, ол қолын көтерді. Ессіз күйде болса, ол мұны қалай жасайды? – дейді Елена.
- Ауруханаға бара жатқан жолда қызым мені «қатты-қатты жақсы көремін» деді. Есі жоқ бала мұны қалай айтады? – дейді көз жасына ерік берген Сергей.
Рентгеннен кейін бас дәрігердің орынбасары Надя ЕРҒАЛИЕВА төменге түсіп, осыдан кейін ғана қызды палатаға жатқызыпты:
- Шамамен жарты сағаттан кейін палатаға реаниматолог келіп, баланы шұғыл жансақтау бөліміне жатқызу керектігін айтты. Кейінірек Ерғалиева дереу «Медовир» дәрісін табу керектігін, оның ауруханада жоқ екенін айтты.
Софияның ағайы Александр ЧЕТИН Атыраудың бүкіл дәріханасын кезіп, медовирдің тек екі ампуласын тауып, сол күні Ақтөбе мен Астанадан тағы екеуін біреулер арқылы жеткізіпті. Қазақстаннан басқа таба алмаған, шамасы, препарат біздің елімізде лицензияланбағандықтан шығар. Ал оған 10 ампула керек еді. Достары Мәскеуден тауып, 10 данасын жолдаған. Бірақ өте кеш еді.
- Атыраудан іздей бастаған кезде жергілікті фармацевтер алмастырушы ретінде сұйық ацикловирді пайдаланып көруге болады деді. Бірақ дәрігерлер медовир керек деп болмады, тек кешкісін, жарты тәулік өткен соң ацикловирді пайдалануға болады деді. Алтын уақытымызды жоғалттық. Егер сұйық ацикловирді дер кезінде пайдалансақ, бәлкім, қызым тірі қалар ма еді, - дейді Елена. – Надя Ерғалиева бізді ацикловирді өздері әкелгісі келді дейді. Бірақ біз ацикловирді пайдалануға болатынын қайдан білеміз. Біз дәрігер емеспіз ғой. Олардың дәрілері болған жоқ. Біз дәрігерлердің көмегін күттік!
...Софияны Атырауда 7 шілдеде жерледі.
Қайғыдан қан жұтқан ата-ананың дәрігерлердің үстінен полицияға немесе прокуратураға шағымданатын ойлары жоқ.
- Бізге денені эксгумациялау қажет емес. Дәрігерлер біздің қызымызға жасағандай емес, білікті көмек көрсете білсе екен дейміз. Содан соң, өтірік айтпаса екен.
«АЖ» сайтындағы осы жарияланымнан кейін ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ осы министрлікке тиесілі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне тексеру жүргізуді тапсырды:
- Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила БҰЙРАБЕКОВАҒА осы жағдайға объективті тексеру жүргізуді тапсырамын. Медициналық көмек көрсету стандарттарының бұзылғандығы анықталған жағдайда кінәлі тұлғалар, ең алдымен жауапты лауазымды тұлғалар жазалануы тиіс, - деп жазды Елжан Біртанов Facebook-тегі өз парақшасында.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор