5 шілдеде таңғы сағат 04:40-да Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында (№2 облыстық аурухана) желшешектен 6 жасар қыз бала көз жұмды. Осыған орай, бүгін, 9 шілдеде денсаулық сақтау басқармасында брифинг өтті.
- 4 шілде күні сағат 00:06-да №3 емхананың мобильдік тобына қыздың ата-анасынан алғашқы шақырту түсіп, денесі қатты қызулап тұр деп шағымданған. Шақыртуға барған мобильдік топтың фельдшерлері оның жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап, үйінде қалдырған. 10 сағаттан кейін бейсенбіде сағат 10:06-да жедел жәрдем станциясына қайта шақырту түсті. Біз пациентті №2 облыстық ауруханасына жатқыздық, - деп әңгімеледі облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігерінің орынбасары Гүлнафис РАХМЕТОВА.
- Ол ауруханаға ес-түссіз, тамыр соғысы өте жәй жағдайда түсті, - дейді №2 облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Надя ЕРҒАЛИЕВА. - Дереу жұқпалы аурулар блогының жансақтау бөліміне орналастырып, өкпесін жасанды тыныс алдыру аппаратына қосты, себебі бала өздігімен дем ала алмайтын еді. Диагноз - желшешектің висцеральды түрі. 5 шілдеде сағат 04:40-та ол қайтыс болды.
- Оны қалай жұқтырғанын анықтадыңыздар ма?
- Иә, маусымда олардың үйлеріне бұған дейін желшешекпен ауырған қыз (туысы) келген екен.
- Сіздерде желшешекке қарсы дәрі болмағаны рас па?
- Жоқ. Вирусты өлтіретін ацикловир деген дәрі бар. Бірақ ол ессіз күйде болғандықтан, таблетка қабылдай алмады. Ата-анасы Мәскеуден жақпа май түріндегі ацикловирге тапсырыс бергісі келді. Бірақ бұл жағдайда сыртқы пайдалану үшін жақпа май ештеңе шешпеген болар еді.
- Егер ауруханаға ертерек жатқызылған болса, қыздың өмірін құтқаруға болатын ба еді?
- Иә.
- Қылмыстық іс қозғала ма?
- Алдымен қызметтік тексеру жүргізіледі.
Брифингтен кейін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлерінің біріне қоңырау шалдым. Ол өзін айтпауды өтініп:
- Таңертең жедел жәрдем әкелгенде, қыз есін білетін еді. Көп құсты, - деді.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор
«АЖ» анықтамасы:
Желшешек – везикулярлық бөртпелер, безгектің және жалпы интоксикация синдромының пайда болуымен сипатталатын вирустың ауа-тамшы (аэрозольды) арқылы таралатын өткір антропоноздық (тек адамда) жұқпалы ауру түрі.
Желшешектің висцералды түрі иммундық жүйесі әлсіз науқастарда дамиды. Бұл өте ауыр, симптомдары өте айқын, көбінесе науқас үшін өліммен аяқталады.