Атырау, 17 августа 23:30
 дождьВ Атырау +27.3
$ 464.02
€ 536.18
₽ 5.54

​Атырауда су тапшы: мұнай өндіреміз бе, су барлаймыз ба?

192 просмотра

Атырау облысында су әлі де тапшы. Трансшекаралық өзендердің суына тәуелді аймақта табиғи су қоры, яғни жер астында ішуге жарамды тұщы су аз. Мұнай өндірісінде өзен сулары мен жер асты сулары пайдаланылады. Мұнай өндіру  Атыраудың онсыз да жеткіліксіз су қорына қаншалықты қауіп төндіреді? Оның су ресурстарына әсері бар ма?

 

Мұнай өндірісіне су қайдан келеді?

Атырау облысындағы кен орындарының басым көпшілігінде мұнаймен бірге су да шығады. Мұнайдан бөлініп алынып, тазартылған ілеспе су қайтадан жер қойнауына жіберіледі. Бұл – қабат қысымын бір режимде ұстап тұру технологиясы.

Бірнеше жыл Атыраудағы Жайық-Каспий су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі бассейндік инспекциясын басқарған су шаруашылығы саласының сарапшысы Бисен Қуановтың айтуынша, мұнай өңдеу және өндіру кезінде негізінен Жайық өзенінің, Астрахань-Маңғышлақ магистраль су құбыры арқылы жеткізілетін Қиғаш өзенінің және жерасты су көздерінің суы пайдаланылады. Астрахань-Маңғышлақ магистраль су құбыры «ҚазТрансОйл» АҚ балансында. 1988 жылы пайдалануға берілген бұл құбыр арқылы Маңғыстау мен Атырау облыстарындағы бірнеше елді мекенге және Жаңаөзен қаласына ауыз су, ауыл шаруашылығы мен өндірістік мақсаттарға, соның ішінде мұнай-газ саласына қажет су жеткізіледі.

Сарапшының сөзінше, мұнай компаниялары Жайық суын өндірістік мақсатта қолданса, қабат қысымын ұстап тұру үшін Астрахань-Маңғышлақ су құбыры арқылы келетін суды да пайдаланады. Кейбір кен орнында таза мұнай шығатындықтан, жақын орналасқан жер асты кен орнының суын пайдалануға рұқсат сұрайды.

Мұнай өндіруде пайдаланылатын судың тағы бір көзі — ұңғымадан мұнаймен бірге жер бетіне шығатын ілеспе қабат суы. Бұл да – жер асты сулары. Мұнай өндірісі үшін тұщы су қорларын пайдалануға тыйым салынған.


Мұнаймен бірге шығатын су қайда кетеді?

Бұрғылау кезінде жер қойнауынан мұнаймен бірге ілесіп шығатын су үшін бөлек су алу рұқсаты қажет емес. Ал жер бетіне шыққан мұнайды осы судан бөліп, тазартылған ілеспе суды қабат қысымын ұстап тұруғақайтадан жер астына айдауға рұқсат беріледі.

Мұнаймен бірге шыққан ілеспе су кері айдауға жеткіліксіз болса, оны басқа көздерден алуы мүмкін. Оның ішінде жерасты сулары да бар.

«Біздің жер астында суларымыз бар. Мұнай кәсібі Жайық өзеніне немесе Каспий теңізіне жақын болса, онда өзендерден де су беруімізге болады. Мысалы, Маңғыстау облысында көбіне Каспий теңізін пайдаланады. Себебі оларға теңіз жақын», — дейді маман.

Қуановтың айтуынша, Атырау облысында мұнай өндірісіне жылына орта есеппен 15 миллион текше метрге жуық су пайдалануға рұқсат берілген. Рұқсат алған мұнай компаниялары әр тоқсан сайын қанша су пайдаланғаны туралы есеп береді. Инспекция осы есептерден тұтынылған су көлемін бақылайды. Ал жоспарға сай және жоспардан тыс тексерулер кезінде су алу орындарында орнатылған арнайы датчиктер арқылы рұқсат етілген көлемнің қаншалықты сақталғанын тексере алады.

 

Жерасты суы да мұнай өндірісіне жұмсалады

Атырау облысында жерасты суын пайдаланып отырған бірнеше кен орны бар. Соның бірі – «Ембімұнайгазға» қарасты Жылыой ауданындағы Сағидолла Нұржанов кен орны.

Қуановтың айтуынша, бұл кен орнынан мұнай ілеспе сусыз, таза күйінде шығатындықтан, босап қалған қабатқа су айдау үшін жақын орналасқан №91 жерасты су ұңғымасынан су алуға рұқсат сұралған. Кен орнына осы мақсатта жылына шамамен 852 мың текше метр су алуға рұқсат берілген.

Маманның сөзінше, мұндай рұқсат жерасты су ұңғымасындағы қор жеткілікті болса ғана беріледі.

Қуанов №91 ұңғыма суының сапасы Жылыой ауданындағы Жанасу мен Бали жерасты тұщы су көздерімен мүлде салыстыруға келмейді, №91-дің минералдығы жоғары, ащылау дейді: «Ал Жанасу мен Балидың суын тұщыландырып, ауыз су ретінде пайдалануға болады. Ішуге жарамды суды алуға рұқсат берілмейді. Мұнай қабатының астында тұзға қаныққан су жатқандықтан, оған кері айдалатын су да тұзды болуға тиіс».

 

Мұнай өндірісі су балансына қаншалықты әсер етеді?

Сарапшы Бисен Қуановтың пікірінше, мұнай өндірісіне жұмсалатын су көлемі облыстың су ресурстары балансына айтарлықтай әсер етіп отырған жоқ.

Оның есебінше, облыста жылына орта есеппен 300 миллион текше метр су тұтынылса, соның шамамен 5 пайызы ғана мұнай өндірісіне және кері айдауға жұмсалады. Аздаған су шығыны осы  кері айдау кезінде ғана болуы мүмкін.

Қуановтың айтуынша, ауыз суға жылына шамамен 45 миллион текше метр жұмсалады.

Ол Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін, Совет заманында Атырау облысында ауыл шаруашылығы жақсы дамып, су тұтыну көлемі шамамен 1 миллиард текше метрге дейін жеткен дейді. Алайда ол кезде қазіргі сияқты табиғи су қорының азаюы мен су тапшылығы мәселесі болмаған. Жайық пен Каспийдің суы да қазіргідей тартылмаған.

Бірақ кей маман мұнай өндірісінің су ресурстарына әсері бар деп есептейді.

Гидрогеология және геоэкология институтының қызметкері, PhD доктор, гидрогеолог Данияр Сапарғалиевтің сөзінше, мұнай өндірісі су ресурстарына, әсіресе жерасты суларына кері әсерін тигізбей қоймайды.

Өндіріс барысында жерасты суының көлемі азайып, сапасы нашарлауы және ластану қаупі бар. Бұған өндіріс алаңдарындағы апаттар немесе ұңғымаларды бұрғылау технологиясының тиісті деңгейде сақталмауы себеп болуы мүмкін.

Сонымен қатар кен орындарында барлау-бұрғылау жұмыстары, жұмысшылар мен жүк тасымалы үшін жолдар және басқа да инфрақұрылым салу кезінде техникалардың қозғалысы ландшафтты бұзады. Түрлі ластаушы зат жерасты суларына түсуі мүмкін.

«Мұнай өндірудің өзінен бөлек, өндіріс кезінде апат секілді форс-мажор жағдайлар да болады. Мұнай өнімдері, ауыр металдар сияқты элементтер жерге сіңеді. Бірақ жоба талаптары сақталса, онда жерасты суларына да кері әсері төмен болады», — дейді Данияр Сапарғалиев.

  

Тайсойғандағы мұнай барлау және тұщы су мәселесі

2023 жылдан бастап Қызылқоға ауданының Тайсойған ауылы маңында «Ембімұнайгаз» АҚ мұнай өндіру үшін іздеу-барлау жұмыстарын жүргізбек болған. Алайда жергілікті тұрғындар бұған қарсы шықты. Олар тұтынып отырған жерасты тұщы сулары ластанып, экологияға зиян келеді деп алаңдады. Су маманы, сарапшы Бисен Қуанов та осы мәселеге арналған бір жиында «мұнайдан бұрын жер асты су қорларын барлауымыз қажет» деп қарсылық білдірген. Ол барланған жер асты су қоры ауыз су жетпей отырған ауылдардағы мәселені шешер еді деген.

«Атыраугеология» ЖШС директоры, гидрогеолог Нұргүл Сабурованың айтуынша, Тайсойған құмындағы мұнай бұрғылау жұмыстары гидрогеологтар араласқан соң тоқтатылған.

Оның сөзінше, заң бойынша тұщы суды жер қойнауына айдауға тыйым салынған. Сонымен қатар қабатқа айдалатын су мен жерасты суының сәйкестігі зертханада тексеріледі. Себебі құрамы әртүрлі сулар химиялық реакцияға түсіп, қабаттың құрылымын өзгертуі немесе түрлі бактериялардың пайда болуына әкелуі мүмкін.

Сабурованың айтуынша, мұнайлы аймақта тұщы су көздері сирек кездеседі. Ал мұнайлы қабаттың үстінде тұщы су қабаты орналасса,мұнай өндіру кезінде қауіпсіздік талаптары сақталуға тиіс.

«Тұщы су қабаты жер бетіне жақын, қорғалуы нашар жерлерде мұнай іздеу жұмыстары мүмкіндігінше шектеліп жатыр», — дейді гидрогеолог.


Мұнай қорлары сарқылып, орнын су басып жатыр

Сабурованың айтуынша, мұнай кеніштеріндегі сулы қабаттар мұнайлы қабаттың астында орналасып, мұнайды тіреп тұрады. Өндірілген мұнаймен бірге жер бетіне шығатын тұзды су өзінің құрамын өзгертпейді. Оған қоса, кен орындарындағы жер бетінің деформациясын немесе шөгу белгілерін анықтайтын геодезиялық және жер асты суларының сапасына экологиялық мониторинг жүргізіледі.

Гидрогеологтың байқауынша, кейінгі жылдары мұнай қоры азайғандықтан, кен орындарында су көлемі артқан. Cебебі кен орындарының жұмыс істеп тұрғанына ондаған жыл болған. Көпшілігі ескі, сондықтан сулану деңгейі жоғары.

«Жер астынан мұнаймен бірге ілесіп шыққан су көлемі көп болғандықтан, оны қабат қысымын ұстап тұру үшін кері айдауға жетіп жатыр. Сондықтан басқа жерден техникалық су көлемін пайдалануға рұқсат алудың қажеті жоқ. Бұрын мұнаймен бірге шығатын судың көлемі аз болған. Сол кезде басқа қабаттардан су алып айдайтын. Ол кезде де тек тұздылығы жоғары суды жіберуге рұқсат болатын», — дейді Сабурова.

Атырау мұнай және газ университетінің мұнай-газ факультетінің қауымдастырылған профессоры Райхан Сүлейменованың сөзінше, қазіргі уақытта бұрғыланатын мұнаймен бірге ілесіп шығатын жерасты суының үлесі басым, шамамен 60-90 пайыз.

Маман бұған мұнай қоры сарқылуының қатысы бар дейді. Оның айтуынша, мұнаймен бірге шығатын суды жер қабатына кері айдау, яғни қабат қысымын ұстап тұру технологиясы мұнай бергіштігін арттыруғақолданылады.

Сүлейменова Атырауда жерасты суының мұнаймен араласып шығуына бұрғылау тереңдігі де әсер етеді дейді. Осы орайда бұрынғы мен бүгінгі жағдайды салыстыра отырып, 1899 жылы алғаш мұнай өндірілген Жылыой ауданындағы Қарашүңгіл кен орнын еске алды. «Бұрын өңірде мұнай сағаға көл болып тайыз жерде өзінен өзі шығып жатса, қазір кемінде 400 метр тереңдіктен өндіріледі» дейді маман.

Оның сөзінше, «Ембімұнайгаз» кен орындарында бұрғылау тереңдігі — шамамен 600-1200 метр.

Ал «Теңізшевройл» (ТШО) мен North Caspian Operating Company (NCOC) компаниялары 3800 метрден 5000 метрге дейінгі тереңдікте бұрғылайды. Сондықтан бұл компаниялардың кен орындарында мұнаймен бірге су емес, газ ілесіп шығады. Бұл – ТШО-ның Теңіз және Королевское, NCOC-тың Қашаған кен орындары.

Жер бетіне шыққан таза мұнайдан газды бөліп алып, қабат қысымын ұстап тұруға су емес, сол газды кері айдайды.

 

Су пайдалану кезінде экологиялық талап бұзылған

 Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіповтың редакцияның ресми сауалына берген жауабына сәйкес, кейінгі бес жылда мұнай-газ саласында суды пайдалану бойынша экологиялық заңнама талаптарын бұзған үш компания анықталған. Оның екеуі 2022 жылы, үшіншісі биыл тіркелген.

2022 жылы «Эмбаведьойл» ЖШС мен NCOC компанияларына профилактикалық бақылау жүргізілген.

Сол кезде экологтар «Эмбаведьойлдың» «Южный Касымкол» кен орнында сарқынды суларды тазартпай төккенін анықтаған. Компанияға 1 миллион 72 мың теңге айыппұл салынған.

Ал NCOC компаниясында жүйелерді салқындатуға пайдаланылған су Каспий теңізінен алынатыны, пайдаланылғаннан кейін тазартылмай және экологиялық рұқсатсыз қайтадан теңізге төгілгені анықталған.

Компанияға тиісті  шаралар әзірлеу туралы нұсқама берілген. Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабы бойынша қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзғаны үшін 196 миллион теңге айыппұл салынған.

Ал биыл «Светланд-Ойл» ЖШС-не жүргізілген тексеру кезінде жерасты суларының сапасына қатысты заң талаптарын бұзғаны анықталып, 280 мыңтеңге айыппұл салынған.

Департамент басшысы Асқар Жүсіповтың айтуынша, «Светланд Ойл» ЖШС-нің өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасы негізінде жерасты суларына мониторинг жүргізіледі.

Алайда мониторинг жүйесін ұйымдастыру кезінде бірқатар талап сақталмаған. Атап айтқанда, бақылау нүктелерінің, яғни сынама алу орындарының тізімі, бақыланатын көрсеткіштер мен сынама алу жиілігі, ластаушы заттарды бақылау әдістері мен құралдары белгіленуге тиіс еді.

Дегенмен ұсынылған зертханалық сынақ хаттамаларында және нысанды қарау барысында жерасты суларының сапасы мен оның өзгеруін талдауға қажет фондық көрсеткіштер бойынша деректердің және фондық бағалау ұңғымасының жоқ екені анықталған. Бұл – экологиялық заңнама талаптарына қайшы.

Сонымен қатар «Светланд Ойл» ЖШС резервуарларды мұнай шламынан тазарту жұмыстарын жүргізу кезінде пайда болған лас суды экологиялық рұқсатсыз №106 ұңғымаға айдаған.


Судың да сұрауы барын біле тұра елемейтіндер

Жайық-Каспий бассейн су инспекциясының мәліметіне сәйкес, 2021-2025 жылдары Атырау облысында су заңнамасы талаптары бірнеше рет бұзылғаны анықталған.

Олардың басым бөлігі пайдаланылған су көлемінің есебін жүргізу журналының болмауына немесе дұрыс толтырылмауына, су есептеу аспаптарының пломбаланбауына және тоқсан сайынғы есепті уақытында ұсынбауға қатысты.

Сонымен қатар жерүсті суларын пайдалануға рұқсат ресімделмеген бірнеше жағдай тіркелген.

Ал мұнай саласындағы мекемелер тарапынан облыс аумағында кейінгі бес жылда су заңнамасын бұзу дерегі тіркелмеген.

Инспекция облыс көлемінде су пайдаланушылар ұсынған есеп негізінде 2021-2025 жылдардағы су пайдалану көлемі туралы да мәлімет берді.

Оған сәйкес, жыл сайын облыста 383 миллион текше метр су тұтынуға рұқсат етілген. Инспекцияның кестесінде нақты алынған су көлемі осы лимиттен аспаған. Былтыр Атырау облысында жалпы 243 миллион текше метрге жуық су пайдаланылған. Оның ішінде өндірістік қажеттіліктерге жұмсалғаны – шамамен 88 млн текше метр. Мұнай саласына кеткен су көлемі жалпы су пайдалану көлемінің 36 пайызын құрайды деп отыр инспекция өкілдері. Мұнай саласында пайдаланылатын су көлемінің есебі бөлек жүргізілмейді.

Дегенмен, су көлемін пайдалану бойынша жүргізілген есеп журналының мәліметтерінше, былтыр мұнай өндіру кезінде 11 млннан астам  текше метр су пайдаланылған. Аталған көлем жалпы пайдаланылған су көлемінің 4,7 пайызын құрайды, дейді инспекция мамандары.

Бұл кесте су пайдаланушылардың ұсынған есептері негізінде жасалғанын атап өткен жөн.


Үш ірі компания қанша су пайдаланады?

Редакция «Теңізшевройл», NCOC және «Ембімұнайгаз» компаниялары пайдаланған су көлемін де сұратты. Материал дайын болғанша NCOC компаниясынан жауап келмеді.

Бассейн инспекциясы ұсынған мәлімет бойынша:

Бұл көрсеткіштерді «Ембімұнайгаз» компаниясы көрсеткен ілеспе қабат суының көлемімен шатастырмау керек. Компанияның өз жауабында 2022-2025 жылдары сарапшы Бисен Қуанов айтпақшы, жылына шамамен 15 млн текше метр ілеспе қабат суы өндірілгені көрсетілген.


«Ембімұнайгаз»: Ілеспе судың 100 пайызы қайта пайдаланылады

«Ембімұнайгаз» АҚ бас технологы Серік Абдиевтің редакция сауалына берген жауабына сәйкес, компанияға қарасты кен орындарың көпшілігі ескі. Сол себепті байырғы кен орындарында игерілген мұнайдың 80 пайызға жуығы — ілеспе су. Көпшілігі өнім берудің соңғы сатысында тұр.

«Осыған байланысты қабат қысымын ұстап тұру үшін мұнай өндіру процесінде жер бетіне ілесіп шығатын қабат суы толығымен 100 пайыз пайдаланылады», — дейді Абдиев.

Оның  сөзінше бұл мақсатта ілеспе қабат суынан басқа су түрлері қолданылмайды.

Компания ұсынған мәлімет бойынша, 2022-2026 жылдары өндірілген ілеспе су көлемі:

  • 2022 жыл – 14 907 447 м³;
  • 2023 жыл – 15 427 018 м³;
  • 2024 жыл – 15 316 606 м³;
  • 2025 жыл – 15 398 697 м³;
  • 2026 жылдың жеті айы – 9 253 338 м³.

Барлығы – 70 303 106 текше метр.

Компанияның талдауына сәйкес, 2022-2026 жылдары орта есеппен 1 тонна мұнай өндірген соң қабат қысымын ұстап тұрып мұнай алудың жобалық коэффициентін (МАК) қамтамасыз ету үшін мұнай қабаттарына 5,5 миллион? текше метр ілеспе су айдалған.

 

«ҚазМұнайГаз»: «Тұщы суға тәуелділікті азайтамыз»

«ҚазМұнайГаздың» хабарлауынша, компанияның еншілес және тәуелді ұйымдары суды тиімді пайдаланып, айналымдағы және қайта пайдаланылатын сумен жабдықтау жүйелерін дамыту, өндірістік процестерге тұщы су тәуелділігін азайту бағытында арнайы әзірленген іс-шараларды іске асырады.  Былтыр «ҚазМұнайГаздың» 50 пайыз және одан жоғары қатысу үлесі бар компаниялары тобы 56,4 млн текше метр су көлемін тұтынған. Оның ішінде Атырау облысында орналасқан еншілес және тәуелді ұйымдардың су тұтыну көлемі 8,8 млн текше метрге жеткен, яғни жалпы көлемнің 15,6%.

 

Су азайса, қайтпек керек?

Су ресурстары және ирригация министрлігіне жолдаған редакциялық сауалымызға батыс аймақ бойынша бас кеңсесі Атырауда орналасқан Жайық-Каспий бассейн су инспекциясы берген жауабында мұнай-газ секторын Атырау облысындағы су ресурстарының ірі өнеркәсіптік пайдаланушыларының бірі деп атады.

Инспекцияның мәліметінше, мұнай-газ секторының су алуы өңірдің су ресурстарына түсетін антропогендік жүктемеге әсер етеді. Экологтардың тілімен айтсақ, бұл — адамның іс-әрекеті және тіршілік әрекеті нәтижесінде пайда болып, қоршаған ортаға және осы ортадағы ағзаларға әсер ететін факторлар.

«Әсіресе тұщы су көздері шектеулі жағдайда тек судың жалпы көлемі емес, оның нақты қай су көзінен алынатыны да маңызды», — дейді инспекция мамандары.

Сонымен қатар мұнай-газ кәсіпорындарында суды қайта пайдалану және айналымдық сумен жабдықтау көлемін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Инспекция өңірде су жетіспеушілігі туындаған жағдайда мұнай компанияларының су пайдалануына шектеулер енгізуі мүмкін. Су қоры азайып кеткен жылдары,табиғи және техноген сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде су пайдалану лимитін жедел түзетіп, су пайдалану көлемдерін азайтуға құқылы. Бұл да су кодексімен реттелген.

Су ресурстары және ирригация министрлігі суды ысырап етуді азайтуға және заманауи технологияларды енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуге талап қойған. Іс-жоспар кемінде бес жылға арналған болуға тиіс. Бұл талап 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Айнұр Сапарова

Суреттерді түсірген автор 

Сегодня, 22:18

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

Есть, чем поделиться по теме этой статьи? Расскажите нам. Присылайте ваши новости и видео на наш Телеграм и на editor@azh.kz.