Атырау, 24 қараша 00:30
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бисен Қуанов: «Мұнайдан бұрын жер асты су қорын барлауымыз қажет»

1 081 просмотра
Су шаруашылығы ардагері Бисен Қуанов

«Дастан» қонақ үйінде «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Тайсойған мұнай кен алаңдарын барлау жұмыстары бойынша өткізген қоғамдық тыңдауларда туындаған сауалдарды талқылауға арналған баспасөз мәслихаты өтті. Шараны «AQIQAT» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Жиында сөз сөйлеген ардагер су маманы Бисен ҚУАНОВТЫҢ көтерген мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді.

«Ембімұнайгаз» компаниясы Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тайсойған-1 және «Тайсойған-2 учаскелерінде көмірсутектерді іздеу бойынша барлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Былтыр 14 қарашада компания жергілікті тұрғындардың және қоғам белсенділерінің қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізді. Бірақ халық Тайсойғанда мұнай өндіру жұмыстары қоршаған ортаға зиян әкеледі деп қауіптеніп, оған қарсылықтарын білдірді.

Қоғамдық тыңдау өткізген компания өкілдері өз хаттамаларында «сейсмикалық зерделеу схемасына сүйеніп, жер асты сулары кен орнының шекаралары (Миялы, Қосқұлақ, Балабейіт, Қоныстау, Тайсойған (Шығыс учаскесі) көрсетілген» деп жауап берген. Дегенмен, ашық дереккөздерде Тайсойған-1 мен Тайсойған-2 учаскелері Миялы және Мұқыр ауылдық округтеріне қарайтыны айтылады.

3 шілде күнгі баспасөз мәслихатында сөз алған Бисен Қуанов облыста су тапшылығы мәселесін шешу үшін жер асты су қорын барлауды ұсынды. Оның сөзінше, барланған жер асты су қоры ауыз су жетпей отырған ауылдардағы мәселені шешер еді.

- Облыста жер асты суы онша көп емес. Бүгінде барланған су қорының 87 млн тонна су қорын пайдаланып отырмыз. Соның көп бөлігі Қызылқоға ауданында, сосын Құрманғазы ауданында. Бірақ, кеңес үкіметі кезінде Атырау облысында 1 млрд 900 млн-дай жер асты су қоры бар дейтін болжам бар. Біздер мұнайды барлауға шапшаң кірісіп жатырмыз, ал 1 млрд 900 млн суды барлау жұмысын тіпті қанша айтсақ та, оған көңіл бөлмей келе жатырмыз. Жер үсті суына да, жер асты суына да мемлекет тарапынан көңіл бөле алмай келе жатырмыз. Мұны кеше президент те айтты. Соған байланысты арнайы су ресурстары және ирригация министрлігін құрды. Министрлікке де қайта-қайта айтып жатырмыз, цифрларды бердік, енді осы жұмысқа кірісіп [жер асты су қорын барлау] кетейік енді, бастайық. Қашанғы жүреміз суға тапшы болып? Соның ішінде, Қызылқоға ауданының ауыз суға тапшы екенін жақсы білесіздер. Ойыл өзені суын ауыз суға пайдалана алмаймыз. Ол Ақтөбе облысынан ағып келіп жатыр, жолда бірнеше егін шаруашылығы пайдаланады. Одан ағып келген су ішуге жарамайды. Ал ауыз суға Тайсойған жер асты суы, Кереген-Сағыз жер асты суын пайдаланып отырмыз, оның өзі жеткіліксіз. Ойыл өзені суы азайып қалған жылдары Тайсойған жер асты суы ашып кетіп, кейде сол суды да пайдалана алмай отырмыз. Қызылқоға ауданында ауыз су мәселесі күрделі күйінде қалып отыр, - деді Б.Қуанов.

Ардагер 2020 жылы бірнеше мұнай компаниясының бұрғылау жұмыстары кезінде «Көкжиде» жер асты су қорын ластағаны анықталғанын еске салды. Қуанов «Ембімұнайгаз» компаниясының басшыларының баспасөз мәслихатына келмегенін сынға алды. Ол өзінің мұнай өндіру кезінде суды қайдан алатынын, қанша көлемде пайдаланатынын, жер су, ауаға зиян келмесіне кім кепіл беретінін компания басшыларынан сұрап білгісі келді. 

Маман мұнай өндірісінің тәжірибесінде ауасын айтпағанда, жер-суы бүлініп, жергілікті халықты ата кәсібі – мал шаруашылығынан айырып, қалаға көшіріп әкелгенін еске алды. Мысал ретінде таратылған Жылыой ауданынан Сарықамыс ауылы мен Мақат ауданынан Байшонас ауылын келтірді.

- Ертең Қызылқоғада да сондай жағдай болмай ма? Ертең елді асырап отырған ауыл шаруашылығынан айрылып қалмаймыз ба? Мәселен, мен қолымдағы мәліметтерден Тайсойған-1, Тайсойған-2 усчаскелерін қарап отырсам, екі учаскеде де жер асты суы бар. Онда тәулігіне 2600 текше метр су беріп отырған Миялы жер асты суы бар. Оның тағдыры қалай болады? Тайсойғанда тәулігіне 19300 текше метр су беріп отырған «Тайсойған Южный», «Тайсойған Западный» атты екі учаскесі бар.

Ал «Тайсойған Восточный» тәулігіне 11016 текше метр, Кереген Сағыз жер асты су қоры тәулігіне 9331 текше су беріп отыр. Бүкіл Қызылқоға халқы су ішіп отырған учаскелерге жақын бұл Тайсойған-1 мен Тайсойған-2 учаскелері. Сондықтан, бұған өте сақтықпен қарау керек. Қоғамның келісімін алдық, жұмысты бастап кетеміз деу асығыстық деп есептеймін. Барлау жұмыстарының ықтимал әсерін батыс өлкедегі жер қойнауын пайдалану және су мамандары қатысып, жан-жақты зерделеу керек, - дейді Қуанов. 

Мұнай саласының маманы Дидар Хамзин

Ал Теңіз кен орны мен Қашаған кен орнында жұмыс істеген, мұнай саласында тәжірибесі бар маман Дидар ХАМЗИН Тайсойған-1 мен Тайсойған-2 учаскелерінде көмірсутекті барлау жұмыстары халыққа, ел экономикасына қандай пайда әкеледі және сол жер аумағындағы ауыл шаруашылығынан халық пен ел экономикасына қандай пайда келіп жатқанын нақты сандық деректермен салыстыру керек деген пікір білдірді.

- Біздер бәрін есеппен шығаруымыз керек, бәрін. Мысалы, Ғазекең («AQIQAT» қоғамдық бірлестігі төрағасы Ғазиз Ғабдуллин) Қызылқоғада 51 мың ірі қара мал бар деп айтып отыр. Орташа есеппен алсақ, ол біреуі 1000 доллар... Енді сол мал жылына, кем дегенде, 40 пайыз алып келеді дейікші. Мұнайдан біз ондай ақша таба алмаймыз, қанша қазсақ та. Бірақ малдан, шабындық жерден айырылып қалсақ, ол болашақ жоқ деген сөз. Мұнай өндірген жерден су, шөп қай қайта орнына келеді деп айта алмаймыз. 30 жыл өтті, ең бай Теңіз кеніші отыр, ол халыққа не пайда әкелді? Ол Шевронға пайда әкелген шығар, «Қазмұнайгазға» аздап пайда әкелген шығар.

...Иә жұмыс орындары бар, экономикасы жақсы, бірақ халыққа пайда әкелгені шамалы. Сондықтан, үкіметке экономикасы мен экологиясына және болашағына қатысты, Қызылқоғадағы ірі қара малдан түсетін табысын есептеп шығарып беруіміз керек. Цифрмен дәлелдеп көрсетейік, Ембімұнайгаздан келген мамандармен талқылайық осыны, - деді Хамзин.

«Ембімұнайгаз» ұңғымаларды бұрғылау жұмыстарын 2024–2026 жылдарға жоспарлап отыр. Атырау облысындағы Тайсойған-1 учаскесінде көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшарт 2022 жылдың 6 желтоқсанында Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» АҚ арасында жасалған. 2023 жылдың 10 мамырында келісім-шартқа қосымша ол бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы «Ембімұнайгаз» АҚ-ға берілді.

«Тайсойған-2» учаскесінде алты ұңғыманы бұрғылау көзделген. Мұнда ықтимал перспективалы мұнай-газ нысаны анықталды: «Оңтүстік-Қазанғап» құрылымында бір, «Солтүстік-Шығыс Байзақ», «Шығыс Қожа», «Жарық», «Оңтүстік Байзақ» және «Оңтүстік» бойынша бес нысан. -Батыс Байзақ құрылымдары.

Бұрғылау жұмыстарын жүргізу үшін компания «ҚМГ Инжиниринг» Атырау филиалымен келісімшартқа отырды.  

Айнұр САПАРОВА 

Ғазиз Ғабдуллиннің тікелей эфирінен скриншот

8 шілде, 21:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.