Атырау, 30 наурыз 14:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 482.53
€ 555.44
₽ 5.92

Атыраудағы отбасы қырғыны: күдікті өмір бойы түрмеге қамалуы мүмкін

106 рет қаралды

Атырау облысында Қарабалиндер отбасын өлтіру ісі бойынша басты күдікті Сұлтан Сәрсемалиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы ықтимал. 

Бұл туралы адвокаттар айыптаудың кеңейтілуіне байланысты мәлімдеді, деп жазды Tengrinews.kz.

Полиция департаментінің хабарлауынша, күдіктіге қосымша «қайталанып жасалған кісі өлтіру» (ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 13-тармақ) бабы бойынша айып тағылған. Бұған дейін оған «екі немесе одан да көп адамды өлтіру» айыбы тағылған болатын.

Сонымен қатар, іс материалдарында ұрлық (ҚК 188-бабы 2-бөлігі) және алаяқтық (ҚК 190-бабы) баптары да бар. Прокуратура дерегінше, бұл эпизодтар марқұмдардың мүлкін иемдену және олардың малын заңсыз сату әрекеттерімен байланысты.

Адвокат Абзал Қасымжанов түсіндіргендей, «екі немесе одан да көп адамды өлтіру» мен «қайталанып жасалған кісі өлтіру» — әртүрлі құқықтық баптар: біріншісі бір оқиғаға қатысты болса, екіншісі әртүрлі уақыттағы бірнеше қылмысты қамтиды.

Санкция 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды немесе өмір бойына қамауды көздейді.

Заңгерлердің айтуынша, қылмыстың ауырлығы, қоғамдағы үлкен резонанс және шетелге қашып кетуге әрекет жасауы соттың ең қатаң жаза тағайындауына ықпал етуі мүмкін.

Адвокат Самат Әбуевтің сөзінше, түпкілікті жаза қылмыстардың жиынтығы бойынша белгіленеді, бірақ ең ауыр бап жеңіл баптарды «жұтып» алады.

Еске сала кетейік, бұл іс Кызылқоға ауданы Жангелдин ауылындағы отбасының өліміне қатысты. 

2025 жылдың желтоқсанында төрт отбасы мүшесі жоғалып кеткен. Қаңтарда зейнеткер ерлі-зайыптылардың денесі, кейін олардың балаларының денесі табылды.

Басты күдікті — отбасының 29 жастағы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев. Ол қылмыстан кейін жұбайымен бірге елден қашып шығып, оған халықаралық іздеу жарияланған. Ақпан айында олар Индонезияда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды.

Тергеу дерегінше, Сәрсемалиев екі отбасы мүшесін өлтіргенін мойындап, көмілген жерлерін көрсеткен. Оның жұбайы да іс бойынша күдікті ретінде қаралып, сот-психологиялық-психиатриялық сараптамаға жіберілді.

Прокуратураның айтуынша, түпкілікті құқықтық баға барлық тергеу шаралары аяқталғаннан кейін беріледі.

Бүгін, 13:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.