Атырау, 4 қаңтар 00:59
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -7
$ 505.53
€ 593.44
₽ 6.34

Полиция Жангелдин ауылынан жұмбақ жағдайда жоғалған отбасын іздестіруде

169 рет қаралды

2025 жылдың қазан айынан бері Мақсот Қарабалин, жұбайы Нәсіп Өтешқалиева, қызы Мирамгүл Бақытқызы және ұлы Наурыз Мұқанғалиұлының қайда екені белгісіз.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, ең алдымен Наурыз жоғалып кеткен. Ол туыстарына Ақтау жаққа жұмысқа баратынын айтқан, бірақ нақты қайда және кімге баратыны белгісіз. Біраз уақыттан кейін онымен байланыс мүлде үзілген.

Қазан айында көршілерінің сөзіне қарағанда, отбасы ауылдан кеткен. Олар ауылдастарына «дәрігерге қаралуға барамыз» деп түсіндірген. Бірақ қай қалаға, қай емханаға барғаны белгісіз. Туыстары да олардың қайда жүргені туралы нақты білмейді. Қыздары Мирамгүлдің үшінші топтағы мүгедектігі бар екені де алаңдатады.

Күдікті әрекеттер

Отбасы кеткеннен кейін ауылдастарын таңқалдырған оқиғалар орын алған. Таныстарының айтуынша, ұлдарының атынан WhatsApp арқылы үйдегі мал түгел сатылып, түскен ақша Мақсот Қарабалиннің Kaspi қосымшасындағы жеке шотына аударылған.

Ауыл тұрғындарының дерегінше, отбасы такси қызметін пайдаланбаған, қалааралық автобусқа билет алмаған. Яғни олардың ресми тіркелген жолы жоқ. Осыған байланысты оларды біреулер жеке көлікпен алып кеткен болуы мүмкін деген күдік бар.

Полицияға арыз

Отбасының жоғалғаны туралы ресми арыз 2025 жылдың 25 желтоқсанында полицияға түскен. Бірақ содан бері іздеу барысы жайлы ақпарат шыққан жоқ. Бір жарым айдан астам уақыт өтсе де, төрт адамның тағдыры белгісіз күйде қалып отыр.

Әлеуметтік желілерде Қызылқоға ауданының тұрғындары ашық алаңдаушылық білдіруде. «Бүтін бір отбасы қалайша із-түзсіз жоғалып кетуі мүмкін?» деген сұрақтар жиі қойылуда. Кейбіреулер оларды күштеп алып кеткен болуы мүмкін деп қауіптенеді.

Отбасына іздеу жарияланды

Атырау облысы полиция департаментінің хабарламасына сәйкес:

  • Қарабалин Мақсот Мұқанғалиұлы, 1959 ж.т.;
  • Өтешқалиева Нәсіп Бақытқызы, 1961 ж.т.;
  • Қарабалина Мирамгүл Мақсотқызы, 1990 ж.т.;
  • Мұқанғалиев Наурыз Мақсотұлы, 1993 ж.т.

Барлығы үшінші топтағы мүгедек ретінде тіркелген. Соңғы белгілі мекенжайы – Жангелдин ауылы, Айжарқын Елешова көшесі, 13/1 үй.

«Ақ Жайық» тілшісі Атырау облыстық полиция департаментінің ресми түсініктемесін күтуде.

Полицияның хабарлауынша, 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны ағасы мен оның отбасының бір айдан астам уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткені туралы арызбен жүгінген.

Қызылқоға ауданына қарасты Жангелді ауылының тұрғындары қараша айында өз үйлерінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, осы уақытқа дейін қайтып оралмаған.

Олардың жүрген жерін анықтау мақсатында полиция қызметкерлері барлық қажетті шараларды қабылдауда. Басқа өңірлердің полиция қызметкерлері де бағдарланды. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, ерлі-зайыптылар мен олардың 33 және 35 жастағы екі ересек баласы елдің оңтүстік өңірлеріне бағыт алуы мүмкін.

Аталған азаматтардың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпаратқа ие болған барлық азаматтардан құқық қорғау органдарының  98-20-78, 98-20-88, +7 701 304 00 12 телефон нөмірлеріне хабарласу сұралады.

Айгүл МАНСУРОВА

Кеше, 13:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.