
Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылындағы бір отбасының жоғалуына байланысты тергеу ісінде жаңа, әзірге ресми түрде расталмаған деректер пайда болды.
Бейресми мәліметке сәйкес, отағасы — 1959 жылы туған Мақсот Мұқанғалиұлы Қарабалин мен оның жары — 1961 жылы туған Нәсіп Бақытқызы Өтешқалиеваның мәйіттері табылған.
Олардың денелері қораның ішіне көмілген жерінен табылған деп хабарланады.
Еске сала кетейік, Жангелдин ауылындағы отбасы 2025 жылдан бері хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Полиция тергеу барысында медициналық мекемелер тексеріліп, Қазақстан аумағында жоғалғандардың ұялы телефон сигналдары тіркелгенін бұдан бұрын хабарлаған еді. Қылмыстық іс заң талаптарына сәйкес қозғалып, іздестіру шаралары жалғасқан.
«Ақ Жайық» редакциясы ақпаратты нақтылау үшін Атырау облыстық полиция департаментіне ресми сауал жолдады. Ресми түсініктемелер түскен жағдайда материал толықтырылатын болады.
UPD. Кейінірек облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мынадай мәлімет таратты:
«Қызылқоға ауданында Атырау облысы аумағында хабар-ошарсыз кеткен ерлі-зайыптылардың мәйіттері табылды.
Қазіргі уақытта тағы екі жоғалған адамның жүрген жерін анықтау бойынша іздестіру шаралары жалғасуда.
Аталған факті бойынша адам өлтіру белгілерімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің жеке басы анықталды. Қазіргі таңда оларды іздеу және ұстау мақсатында құқық қорғау органдары тиісті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде.
Әлеуметтік желі қолданушыларын ақпараттың тек ресми дереккөздеріне сүйенуге және расталмаған әрі жалған мәліметтерді таратудан бас тартуға шақырамыз.
Тергеу мүддесіне байланысты қазіргі таңда өзге ақпарат жария етілмейді».
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау -3