
Соңғы 25 жылда Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі акваториясы 16 мың шаршы шақырымнан астамға қысқарған. Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан COP31 климаттық конференциясы аясында Қазақстан Каспий теңізін сақтау үшін іргелес мемлекеттердің ғылыми ынтымақтастығын нығайтуды, бірлескен экологиялық мониторинг жүргізуді және деректер алмасуды жолға қоюды ұсынды.
Әзербайжан павильонында өткен халықаралық пікірталаста Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев Каспийдің тартылуы өңірдегі басты экологиялық сын-қатердің біріне айналғанын атап өтті. Жүргізілген талдау нәтижелеріне сәйкес, соңғы 25 жылда Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі акваториясы 16 мың шаршы шақырымнан астамға қысқарған.
«Су деңгейінің төмендеуі, климаттың өзгеруі, теңіз ортасының ластануы және биоалуантүрліліктің азаюы бүкіл өңірдің экожүйесіне қауіп төндіріп тұр. Мұндай ауқымды өзгерістер нақты ғылыми деректер мен кешенді зерттеулерге негізделген бірлескен шешімдерді талап етеді. Осы орайда Каспий маңындағы бес мемлекеттің ғылыми-зерттеу мекемелері арасында тығыз байланыс орнату өте маңызды», — деді вице-министр.
Қазақстан тарапы бұл бағыттағы нақты қадам ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын атап өтті. Аталған институт теңіз ортасын кешенді зерттеумен және экологиялық шараларды ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етумен айналысады. Еліміз бұл орталықтың әлеуетін арттырып, оны өңірдегі бейінді ғылыми ұйымдармен серіктес етуге мүдделі.
Жиында Каспий маңы елдерінің өзара іс-қимылына арқау болып отырған Тегеран конвенциясы шеңберіндегі жұмыстар да сөз болды. Сарапшылардың пікірінше, ғылыми зерттеулер мен мониторинг нәтижелері теңіз ортасын ластанудан қорғауға, биоалуантүрлілікті қалпына келтіруге және халықаралық инвестициялар мен қолдауларды тартуға негіз болуы тиіс.
В Атырау +2.7