Атырау, 17 қараша 00:24
 дождьВ Атырау +2.7
$ 444.40
€ 488.97
₽ 5.39

​Атырау облысында дәрігер ​бір жасар баланың қызылшадан көз жұмғанын хабарлады

34 рет қаралды
Көрнекі сурет/Canva
Көрнекі сурет/Canva

Threads әлеуметтік желісінде дәрігер Жұлдыз Қоспанова қызылша инфекциясынан бір жасар баланың көз жұмғанын хабарлады. Оның айтуынша, қайғылы оқиға 16 қарашада Атырау облысында орын алған. 

«Бүгін, 16.11.2026 жылы сағат 15:00-де Атырау облысында бір жасар бала қызылша инфекциясынан көз жұмды. Туа біткен жүрек ақауы, қарыншалар аралық қалқаның кемістігі болғандықтан ата-анасы [екпеден] бас тартқан, кардиохирург балаға екпе салуға тыйым салған», — деп жазды дәрігер. 

Бұл ретте осыдан екі күн бұрын Қоспанова қызылшамен ауырған баланың ауруханаға түскені туралы жазба жариялаған. Оның айтуынша, кішкентай науқас санавиациямен Атырау облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына (АОБЖАА) жеткізілген.

«Тек бүгін ғана қызылшамен ауырған баланы санавиациямен АОБЖАА-ға жібердік, жазылып кетеді деп үміттенемін», — деп жазды ол. 

Осы жарияланымында дәрігер балалар кардиохирургтеріне өтініш білдіріп, жүректің туа біткен ақауы бар балалардың ата-анасына екпенің маңыздылығын түсіндіруді сұрады. Оның пікірінше, мұндай балалар үшін жұқпалы аурулардан қорғану ерекше маңызды. 

Жұлдыз Қоспанова өз жазбаларында жалпы тәжірибедегі дәрігер екенін айтады және екпеден бас тарту мәселесін көтеріп, медициналық қауымдастықты ата-аналарға екпенің қажеттілігін белсенді түсіндіруге шақырады. 

Бұл өлім жағдайының расымен орын алған-алмағанын, қызылша диагнозының расталғанын, баланың өлімі инфекциямен байланысты ма, сондай-ақ өңірдегі қызылша бойынша жалпы эпидемиологиялық жағдайдың қалай екенін білу үшін денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сауал жолдадық. 

Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысындағы қызылшаға қатысты эпиджағдай бойынша денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне хабарласқан болатынбыз. Ол кезде бізді өңіріміздегі жағдай тұрақты екеніне және облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында кәмелетке толмаған тек бір бала жатқанына сендірген еді.

Сонымен қатар, БАҚ мәліметтері бойынша, 2026 жылдың тоғыз айында БҚО-да қызылшаның 303 жағдайы тіркелген. 

Енді біз облыстық денсаулық сақтау басқармасынан ауырған және ауруханаға жатқызылған балалардың саны, сондай-ақ инфекцияның таралуының алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет күтеміз. 

Айнұр САПАРОВА

Кеше, 23:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.