
Индонезия полициясы Ломбок аралында Интерпол желісі бойынша ұсталған Қазақстан азаматтары Сәрсемалиев Сұлтан мен оның жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның экстрадициясына қатысты мәліметтерді жариялады.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, күдіктілерді ұстағаннан кейін олардың жеке басы анықталып, күшейтілген күзетпен Қазақстанға жеткізілген. Олар транзитпен Қытай арқылы Алматыға ұшақпен әкелінген.
Денсаулығына байланысты Ақбаян Мұқанғалиева мүгелектер арбасымен тасымалданған.
Индонезиялық тарап қазақстандық полицияға күдіктілерден тәркіленген бірнеше мобильді телефон, банк карталары және жеке заттарды да тапсырды.
- Ұсталғаннан кейін және тексерістерден соң екі адам Бали аралынан Алматыға ұшақпен жеткізілді. 8 наурыз күні кешкісін олар ресми түрде Қазақстан полициясына және Астанадағы Интерполдың ұлттық орталық бюросына тапсырылды, – деп хабарлады Индонезия полициясы.
Алматыға жеткізілген соң Сәрсемалиев Сұлтан Атырауға этапталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жұбайы психоневрологиялық диспансерге орналастырылды.
Еске салайық, Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Индонезияда Қазақстан құқық қорғау органдарының сұрауы бойынша ұсталған болатын. Олар Жангелдин ауылындағы отбасы мүшелерін өлтіру ісі бойынша күдікке ілінген. Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау -10