Атырау, 23 қараша 01:44
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Күн болса суытып барады!»: Атыраулық шаруалар өтемақы әлі алмаған

Сурет Бейнежазба
1 132 просмотра

17 қыркүйекте Атырауда су тасқынынан зардап шеккен шаруалар шығын өтемақысын талап етіп, облыс әкімдігі алдына жиналды. 

Бұл – қала іргесіндегі Соколок және Примор каналдары бойында орналасқан Қайыршақты селолық округіндегі және Махамбет ауданындағы қожалық иелері. Олар суға кеткен үйлері мен қора-қопсы, егін мен мал шығынының өтемақысын талап етіп жүргеніне үш ай болды.

Осыған дейін олар қала әкімімен де, облыс әкімдігі шенеуніктерімен де бірнеше рет кездескен. Тіпті, облыс әкімі орынбасары Марат МУРЗИЕВПЕН және ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали БЕРДАЛИНМЕН де «Абай» орталығында кездесті. Бәрі де «өтемақы мәселесі қарастырылады» деген жауап қайырды. Алайда, әлі бірде-бір шаруа өтемақы алмаған. Олар мәселелеріне облыс әкімінің араласуын талап етеді. Бірақ, онымен әлі бетпе-бет кездесе алмай келеді.

Шаруа Марат ИСЛЯМОВ Қайыршақты селолық округінде түйе шаруашылығымен айналысады. Малы 10 сәуірден бері Қызылқоға ауданы жерінде жайылып жүр. Күн суытып бара жатқанына алаңдаған шаруа малды қыстаққа жайғастыратын мүмкіндігі жоқ. Бұл – әкімдікке жиналған 20 шақты шаруаның ғана мұңы емес, тасқыннан зардап шеккен шаруалардың барлығына дерлік қатысты.

- Малымды қыстаққа әкелейін десем, Соколок каналымен ағып жатқан су тоқтаған жоқ, шаруашылықтар әлі суда жатыр. 27 мамырда менің қожалығымда су тізеден келген. Біз облыс әкіміне мәселемізді шеше ме деген үмітпен өзіне жағдайды айту үшін келіп едік. Себебі, бізге өтемақы әлі төлемей отыр. Үй мен қораның жайын комиссия әлі қарамаған. Үкімет тарапынан ешқандай көмек көрсетілген жоқ. Бұл жерде үйі мен қорасы,  жері мен техникасы суда қалған шаруалар келіп тұр. Егін мен мал шығынына да төлейді деген өтемақы әлі төленбеді. Қайыршақты селолық округінде 40-тан астам қожалық бар. Біз, Қайыршақты селолық округі бойынша шығын көлемін есептетіп көрдік, шамамен 800 млн теңгедей шығын келген, - дейді М. Ислямов.

Ислямов ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүргеніне 30 жылдан асты. Суда қалған үйі мен қорасы бүлінген. Ол да басқа шаруалар секілді комиссия келмейінше үйі мен қорасын бұзып не қайта салып, қыстағына кіре алмай отыр. Жергілікті билік «комиссия келмей, еш нәрсені қозғамасын» деген. Күн салқындағанда малды да далада ұзақ жайып жүру қиын. 

Үйі мен қора секілді жағдай болмаған малшылар далада түнеуге мәжбүр. Осы себепті, көбі тұрақтамай, жұмыстан шығып кетіп жатыр. Атакәсібін әрі қарай қалай жалғаймын деп шаруалардың басы қатып отыр. 

Ал Махамбет ауданынан келген шаруа Асқар Тасқалиев суға кеткен үй мен қораға өтемақы бойынша комиссия жұмысын неге әлі бастамағанын білу үшін ауыл шаруашылығы министріне хат жазып, вице-министр Аманғали Бердалиннен жауап алғанын айтты.

Онда су тасқынында үйі мен қора-қопсысы бүлінген шаруаларға өтемақы төлеу механизмі жоқтығы жазылған. Ол үшін 2024 жылдың 22 сәуірінде су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығынға өтемақы төлеу қағидаларын бекіту туралы №18 бұйрығымен бекітілген қағидаларға тиісті өзгерістер енгізілуі қажеттігі айтылады. Бердалин өз жауабында осы «қағидаларға өзгерістер енгізу бойынша өз құзыреті шегінде ұсыныстарды ҚР ұлттық министрлігіне жіберілді» деп көрсеткен.

Ал егін мен мал шығынына өтемақы ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 17 мамырда бекітілген №167 бұйрығымен ауыл шаруашылығы саласында табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеу қағидалары бойынша төленеді.

Мұны шаруалар алдына келген ауыл шаруашылығы жер қатынастары басқармасының егін шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Азат ҚАПАНОВ та растады. Оның сөзінше, қала, аудандарда арнайы комиссия құрылып, зерделеу жұмысын жүргізіп, зардап шекті делінген қожалықтар тізімі жасақталған. Енді оларға шығындарын өтеу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді.

- Қазір Атырау қаласы бойынша 29 қожалыққа, Махамбет ауданы 66 қожалыққа егін шығыны келтірілген. Ал мал шығыны бойынша Атырау қаласында – үш, Махамбет ауданында да үш шаруа қожалығы зардап шеккен. Барлығы – 101. Қалада су тасқыны кезінде үш мал өлсе, Махамбет ауданында тоғыз мал өлген. Бәрінің мал өлексесі бойынша дәлелі бар. Ал Ұлттық экономика министрі бұрыннан айтылып келе жатқан ережеге өзгеріс енгізген соң шығын өтеу механизмі шығады. Ол кезде бұл жауапкершілік облыстық кәсіпкерлік басқармаға артылады. Содан кейін үй мен қоралар шығынын зерделеу комиссиясы құрылып, шығын өтеу процесі жүреді. Қазір егін мен мал шығыны бойынша комиссия жұмыстары аяқтала келді. Облыс бойынша мал мен егін шығынының көлемі 1 млрд 31 млн теңге шамасын құрап отыр. Бұл – Жылыой ауданы, Құлсары қаласы, Индер, Махамбет аудандары және Атырау қаласына қатысты шығын көлемі. Соның ішінде мал шығыны бойынша өтемақы көлемі облыста 5 млн 250 мың теңге, қала бойынша 1 млн 550 мың теңгені құрады, - дейді А.Қапанов.

Оның сөзінше, Ұлттық экономика министрі 2024 жылдың 22 сәуірінде су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығынға өтемақы төлеу қағидаларын бекіту туралы №18 бұйрығына ауыл шаруашылығы саласы нысандарының шығынын өтеу туралы өзгеріс енгізілуі тиіс. «Бұл процесс бір ай үстінде уақыт алуы мүмкін» дейді Қапанов.

Бұған шаруалар «тағы күтеміз бе, қыс түседі ғой сөйтіп жүргенде?», деп шамданды. Осыдан кейін шаруалардың бірі Нұрбек ЕСЕНҚҰЛОВ облыс әкімі аппараты басшысы Нұрлыбек ЖЕҢІСБЕКҰЛЫМЕН кездесуге кіріп кетті. Нұрбектің сөзінше, аппарат басшысы оларға жақын күндері облыс әкімімен кездестіруге уәде берген.

- Біз аппарат басшысына көтеріп жүрген мәселелердің бәрін айттық. Ол 19 қыркүйек күні кешке  дейін өтемақы төлейтіні-төлемейтіні жөнінде мәселелер қаралатынын айтты.

Осыдан кейін біз тарадық. Сол күні қала әкімі Шәкір КЕЙКІН орынбасарларымен бірге бізді қабылдады. Олар да мәселелерді қарайтын болды. Мал және егін шығынын зерделеген комиссиямен шаруагерлерді кездестіріп, кімге неліктен төленбейтінін түсіндіреді деді, - дейді Н.Есенқұлов. 

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

19 қыркүйек, 12:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.