Атырау мұнай өңдеу зауытында (МӨЗ) мұнай төгіндісін жою жұмыстарының жүргізіліп жатқанына екінші күн болды. Оқиға 9 қаңтар күні кешке №33 резервуар паркі аймағында болған.
Зауыт жұмысшылары төгілген бензинді қалай сорып алып жатқанын видеоға түсіріп алған. «Өткізетін жер 33-ші парк маңында, олар мұны осы жерден сорып шығарады. Олардың мұнда тұндырғышы бар, соған бәрін төгеді», - дейді жұмысшылардың бірі.
Зауыттың баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиғаға тауарлық автобензин компоненттерін айдау желісіндегі ақау себеп болған. Құбыр резервуардан жедел ажыратылып, апат қызметтері зардаптарды жоюға кірісті.
Атырау облысының экология департаменті заңнама аясында тексеру басталғанын, оның қорытындысы кейінірек жарияланатынын хабарлады.
- «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС мәліметі бойынша, 2025 жылдың 9 қаңтарында сағат 18:00-де №33 резервуар паркінің №33 резервуары маңында тауарлық бензин компоненттерін айдау желісінде ақау анықталған. Ақауды жою жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта Атырау облысы бойынша экология департаменті ҚР Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сәйкес тексеру тағайындау жұмыстарын жүргізуде. Нәтижелер қосымша хабарланатын болады, - деп хабарлады департамент.
АМӨЗ оқиға мұнай өнімдерін жөнелту көлеміне әсер етпейді деп сендірді. Зауыт қалыпты режимде жұмысын жалғастыруда.
Айнұр САПАРОВА