Атырау қаласының №2 сотында ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне қатысты ақпаратты құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру айыбы бойынша Атырау облысы «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ маманына қатысты қылмыстық іс (ҚК-тің 206-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы) қаралды, деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сотпен анықталғаны, маман 2022 жылдан 2023 жылға дейін өзінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, Халыққа қызмет көрсету орталығының мүдделеріне қайшы әрекет ете отырып, жылжымайтын мүлік иелері туралы ақпараттарды жойып тастаған.
IP-мекенжайды және электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, қасақана және пайдакүнемдік мақсатпен аса маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерімен байланысты ақпараттық жүйеде қамтылған заңмен қорғалатын ақпаратты заңсыз жойып, сондай-ақ ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізу арқылы азаматтар мен мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін елеулі түрде бұзған.
Тараптардың позициясы
Прокурор сотталушыға 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші тарап сотталушыға жаза тағайындау мәселесін соттың қарауына қалдырды.
Сотталушы өз кінәсін толықтай мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Сот шешімі
ҚК-тің 206-бабының 2-бөлігінің 1-тармағының санкциясында белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 2 000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Шын жүректен өкінуі, асырауында 6 кәмелет жасына толмаған балаларының болуы, жүктілігі – сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот үкімімен сотталушы ҚК-тің 206-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, оған жеңілдететін мән-жайларды ескере отыра, коммерциялық немесе өзге де ұйымдарда ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға қол жеткізуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 1 жыл мерзімге айыра отырып, 738 400 теңге айыппұл салу жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.