11 шілде күні Атырау қаласы аумағындағы және аудандарынан келген фермерлер ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали БЕРДАЛИНМЕН кездесу үшін Нұрсая ықшамауданындағы «Абай» орталығына жиналды. Жиында көпті мазалаған мал азығын дайындауға арналған субсидия және тасқын кезінде суда қалған қожалықтар шығынының өтемақы мәселелері қаралды.
Жиында төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Марат МУРЗИЕВ фермерлерге жеке сауалдарды вице-министрдің жеке қабылдауында қоюға мүмкіндік барын ескертті. Бірақ, үкіметтен көмек бола ма деп үміттеніп, көріп отырған қиындықтары мен бұйымтайларын айтуға келген фермерлерді бұл тоқтатпады.
Жиын барысында фермерлер акустиканың шамалы екеніне шағымданды. Спикерлер де, жиынға қатысушы фермерлер дебір-бірінің сөздерін анық естімей жатты. Бірақ негізгі мәселелердің мән-жайы мен қожалық иелерінің талап-арызы түсінікті болды. Жиынға көктемгі тасқын кезінде суға кеткен қожалықтармен бірге, жалпы мұң-мұқтажы бар қожалық иелері де келді. Сөз басын вице министрдің республика бойынша ауыл шаруашылығы жағдайына қатысты баяндамасымен бастағанын сынаған фермерлер жергілікті өңірдегі ауыл шаруашылығы мәселелерін шешуге бағытталған жауаптарды күтті. Бірнеше фермер көңіл көншітерлік жауап ала алмағанына қынжылысын білдірді.
Қызылқоға ауданынан келген фермер Жәнібек АРАЛБАЕВ Атырау өлкесінде жайылым мен шабындық жерлерді су алғалы мал шаруашылығымен айналысу қиындап кеткенін айтып, аз да болса көмек ретінде ірі сабақты мал азығын (шөпке) дайындауға арналған субсидияны беруді қайтаруды сұрады.
Келесі фермер де бұл субсидияны алып тастағанын сынады. Ол Атырау жері шөл және шөлейтті әрі мұнай бұрғылау кезінде жерлер бүлініп, мал азығын дайындайтын құнарлы жердің тапшылығынан жем-шөпті өзге облыстардан, көрші Ресейден де алдыртуға мәжбүр екенін айтты.
Вице-министр А. Бердалин субсидия бойынша шешімді өзгертуді ғылыми негіздемеге сүйене отырып қарастыратынын алға тартты. Сондай-ақ, Бердалин бұған дейін субсидия бойынша мемлекет қаржысын мақсатсыз пайдаланғаны анықталып, сыбайлас жемқорлық деректері тіркелгенін де сөз етті. Бірақ, жиынға қатысушылар бұл деректің өздеріне не қатысы барын айтып, мәселелеріне тікелей көңіл бөлуді сұрады.
- Құрметті вице-министр, қош келдіңіз! Сіз бізді қызықтырмайтын темаға кетіп қалдыңыз. Ренжімеңіз. Сіз ауыл шаруашылығын бизнес көзі деп қарау керек деп айтып жатырсыз. Мен келіспеймін. Сіз Ақтөбенікісіз. Ақтөбеде астық шығады. Атырауда астық шықпайды. Ақтөбемен біздің жерді салыстыруға болмайды. Мысалы, сіздер латифундистерді айтып жатырсыздар. Бәріміз білеміз, анау Роман Мадинов, Лужков, Терещенконың миллион гектар жері бар. Олар пайда табатын болар ауыл шаруашылығынан. Ал біздер өлместің күнін көріп отырмыз. Қазір біздің шаруашылығымыздың бәрі суда тұр.Үй де, қора да! – дей бергенде бір фермер, зал оның сөзін қолдап, қол шапалақтады. Бұдан соң фермер «Үкімет тарапынан қандай көмек болатынын естігім келеді. Басқа ештеңе естігім келмейді. Біздің малымыз қазір 200 км жердегі Қызылқоғада жүр. Ал ертең мен жылда тамыздың аяғында, қыркүйектің басында елдімекеніме кетуім керек. Менің қыстағым суда тұр», - деп, су деңгейінің белден келетінін қолымен көрсетіп, сөзін әрі қарай жалғады:
- Суға кеткенде біздің әкімдер «малдарыңды алып кетіңдер. Ертең Атырау қаласын судан сақтап қалсақ, сендерге үйіңе де, қораңа да төлейміз деді. Мен Атырау тұрғынымын. Атырау патриотымын. Атырау қаласын судан алып қалды. Ал менің жазығым не? Бүкіл жинап келген дүниемнің бәрі суда жатыр. Ана тұрған суға жер астындағы су қосылады да тұздың бәрі бетіне шығып кетеді ғой. Егін де еге алмайды оған адамдар.
Тағы бір фермер Айнұр СҰЛТАНОВА қожалықтағы үй-жайы мен қора-қопсысы жайлы өтемақы жайын білгісі келді. Әкімдік жері кепкен соң шығын есептеу жүретініне уәде еткенін айтып, келіспейтін тұстарын айтты.
- Біз бағаны тұрақтандыру мәселесін бес жылдан бері көтеріп келе жатырмыз. Біз егін егеміз. Бізде егін өнімдерін сақтайтын жеріміз жоқ. Мен жуаны 50 теңгеден сатамын. Ортада делдал сатып алады да оны супермаркетке апарып, 170 теңгеден сатады. Екі ортада «теневая экономика» болады. Екі ортадағы адам салық төлемейді.
- Сізде дым естілмейді, - деді Марат Мурзиев.
- Онда микрофон ауыстырайық , - деп сөзін жалғады Айнұр Сұлтанова:
- Біздер, шаруагерлер, бізге жұмыссыз деген мәртебе беруді сұраймыз. Неге? Біздер биыл егін еккен жоқпыз, жұмыссыз қалдық. Неге десеңіз, басымызда несиеміз бар. Несиені қалай төлейтінімізді білмей отырмыз. Бізге 1,5 жылға несие төлеу мерзімін шегеруді қарастыруды сұраймыз. Сіз бізді бизнес саласы деп отырсыз, ал әкімдік бізді олай көріп отырған жоқ. Бізге өтемақыны бергісі келіп отырған жоқ. Себебі, бізді «шаруа қожалығысыздар, салық төлеуші емессіздер» дейді. Біздер қалай салық төлеуші емеспіз? Біз жер, мүлік салықтарын төлеп отырмыз. Қалай сонда өтемақы төленбейді? Бізге залал келтірілген, келтірілген залал өндірілу керек деп есептеймін. Заңдастырылған қора болсын, заңдастырылмаған қора болсын, бізде келтірілген залал бар, ол өндірілу керек. Егін саласында биыл ешқандай кіріс көрмедік, біз табысымыздан айрылып отырмыз. Ең болмаса, жылдық егілетін егініміздің 25 пайызын өтеу керек деп есептейміз, - деді Сұлтанова.
Сауалдардың басым бөлігі осы өтемақы мәселесіне арналды. Фермерлер нақты өздерінің кеткен шығындарының өтемі болатыны-болмайтынын білгісі келді.
- Сіздер «әзірге бізде ақша жоқ» деп, Атырау облысы бойынша Қызылқоға ауданы мен Құлсары қаласын және Орал мен Ақтөбе өңірлерін қамтуды айтасыздар. Сонда біздің жағдайымыз қалай болады? Махамбет ауданында біздің техникамыз, үйіміз, қорамыз, бәрі судың ортасында тұр. Су жаймен ағыспен кетіп жатыр. Балшықта тұр қазір қожалық. Бізге суда қалған техникамызға өтемақы беріле ме? Комиссия құрып, сол жергебарып, өтемақыны нарықтың бағасымен есептеп шығаруға болмай ма? – деп сұрады тағы бір жас фермерәйел.
Жиын соңында вице-министр А. Бердалин фермерлердің сауалдары мен шағым-талаптары министрлікке жеткізіліп, жем-шөп дайындауға арналған субсидияны қайта беру мәселесін қарастыратынын айтты. Ал өтемақы мәселесі жергілікті атқарушы органдар тарапынан шешілетіні сөз болып, заңдастырылмаған үй жай мен қора-қопсыға өтемақы төленбейтіні тағы еске салынды.
Айнұр САПАРОВА
Фото и видеоны түсірген автор