Атырау, 10 қаңтар 21:21
 ашықВ Атырау -4
$ 524.75
€ 540.60
₽ 5.12

ТШО мердігерінің бұрынғы қызметкерлері әділдік іздеп, сотқа жүгінді

101 просмотра
Астана телеарнасы түсірген видеодан стоп-кадр

8 қаңтарда Атырау облыстық соты «Caspian Offshore Construction Realty» ЖШС мердігер компаниясының (бұдан әрі – COC Realty немесе COCR) бұрынғы қызметкерлерінің апелляциялық шағымын қарауды бастады. Отырысқа компания өкілі онлайн түрде қатысып, орыс тілі аудармашысын ұсынуды сұрады. Сот өтінішті қанағаттандырып, келесі тыңдауды тура бір аптаға – келесі бейсенбіге, 16 қаңтарға қалдырды. 

Талап қоюшылар Теңізге баратын жолды жауып тастаймыз деп қорқытуда 

Жүргізушілер, дәрігерлер, автоэлектриктер мен механиктер өткен көктемнен бері COCR компаниясымен еңбек дауын оңтайлы шешуге қол жеткізе алмай келеді. Сот отырысына Қазақстанның әр өңірінен ғана емес, Башқұртстаннан да адамдар келді. Башқұртстан тұрғыны 1986 жылдан бері әртүрлі мердігер компанияларда Теңіз кен орнында жүргізуші болып жұмыс істеген. 

Отырыс басталмас бұрын «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас кеңсесіне бірнеше қызметкер өз компаниясы басшылығының үстінен шағыммен келген. ТШО басшылығы қызметкерлермен кездесу өткізіп, олардың шағымдарын тыңдады. 

Жұмысшылар бірінші сатыдағы сотта жеңіліс тапты. Олар төмендегілерді талап етті: 

«Caspian Offshore Construction Realty» ЖШС және «Кәсіби Таңдау» ЖШС басшыларының әрекетін еңбек қатынастарындағы қудалау деп тану;

жұмыстан босату туралы бұйрықтардың күшін жою;

жұмысқа кері алу;

мәжбүрлі түрде жұмыста болмаған кезеңдегі жалақыны өндіріп алу және моральдық зиянды өтеу.

2024 жылғы 9 қыркүйекте Атырау қалалық соты талап арызды қанағаттандырудан бас тартты. Сот еңбек қатынастарындағы қудалау туралы айыптауларды негізсіз деп тауып, жұмыстан босатудың бастамашысы ретінде аталған компанияның аймақтық директоры Дәурен ҮШБАЕВ жауапкер ретінде тартылмағанын атап өтті. Жұмысшылардың басқа талаптары да қанағаттандырылмады. 

Жұмысшылардың құқығын Атырау облыстық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Еділ ҰЗАҚБАЙ қорғап, бұл істі екінші сатыдағы сотта жалғастырады. Оның айтуынша, жаппай қысқарту 2023 жылдың сәуірінде басталып, кейін тамыз-қыркүйек айларында жалғасқан. Барлығы 54 адам жұмыстан шығарылған. Жұмысшылар еңбек инспекциясына, президент әкімшілігіне, Еңбек министрлігіне, сондай-ақ Жылыой ауданының әкіміне және парламент депутаты Әділ ЖҰБАНОВҚА жүгінгенімен, еш нәтиже шықпаған.

ТШО басшылығымен кездесуде жұмысшылар талаптары орындалмаса, Теңізге баратын жолды жауып тастау секілді қатаң шаралар алуға дайын екендіктерін жеткізді. ТШО басшылығы өз кезегінде мердігерлердің ішкі мәселелеріне араласпайтынын айтты. 

«АЖ» тілшісі ТШО баспасөз қызметіне кездесу қорытындысы мен қабылданған шараларды нақтылау үшін сауал жолдады. Материалды жазу кезінде жауап келмеді. 

Атырау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының орынбасары Кемел ИМАНҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, 2024 жылдың сәуір айында 39 қызметкердің ұжымдық шағымы бойынша компанияда екі рет тексеру жүргізілген, бірақ ешқандай заң бұзушылық анықталмаған.

 

Даудың төркіні 

Еділ Ұзақбайдың айтуынша, талапкер-қызметкерлер Теңіз кен орнында 20 жылдан астам уақыт бойы ТШО-ның мердігері болған «ESS Support Services» ЖШС-не 2002 жылы жұмысқа орналасып, содан бері еңбек еткен. 

ESS 2023 жылы тендерден жеңілген соң, «Теңізшевройл» компаниясы «Caspian offshore Construction Realty», «GisKashagan» және «KazGlobalSolution» кәсіпорындарымен бес жылға қызмет көрсету туралы шарттарын жасасты. 

ТШО басшылығы жаңа мердігерлерді бұрынғы еңбек жағдайларын сақтай отырып, ESS-тің 1390 қызметкерін жұмысқа алуға міндеттеді. Алайда, «Caspian Offshore Construction Realty» ЖШС «Кәсіби Таңдау» ЖШС арқылы еңбек келісімшарттарын жасап, қызметкерлердің наразылығын тудырды. 

2023 жылғы 22 маусымда Атырау облысы әкімдігінің, Кәсіподақтар бірлестігінің және Теңізшевройлдың қатысуымен өткізілген Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастары жөніндегі үшжақты комиссиясының отырысында «Caspian offshore Construction Realty» ЖШС, «GisKashagan» және «KazGlobalSolution» компанияларының басшылығы «ESS Support Services» ЖШС-нен босатылатын 1390 жұмыскерді бұрынғы еңбекақыны төлеу және 14/14 вахта мерзімі шарттарын сақтай отырып, 2023 жылғы 1 тамыздан бастап жұмысқа қабылдауға келіскен болатын. 

«GisKashagan» және «KazGlobalSolution» жұмыстан босатылған жұмысшылармен еңбек шартын тікелей жасасты, ал «Caspian offshore Construction Realty» ЖШС жұмысшылармен «Кәсіби Таңдау» ЖШС арқылы «белгілі бір жұмысты атқаруға» келісімшарт жасады.

 

Сотта не қаралды

Жұмысшылардың құқығын қорғайтын Еділ Ұзақбай еңбек шарттарына қол қою кезінде мәжбүрлеу мәжбүрлеу фактілері орын алғанын айтады: жұмысшыларды кеңсеге бір-бірден шақырып, келісімшарттың мәтінімен танысуға, оның көшірмесін жасауға мүмкіндік бермеген. Оларды жұмыстан шығарамыз деп қорқытып, құжаттарға қол қоюға мәжбүрлеген.

- Жұмысшыларға келісімшартпен толықтай танысуға мүмкіндік берілмеді. «фотоға түсіріп алайын» немесе «жатақханаға өзіммен бірге алып кетіп, асықпай танысайын» деген жұмыскерлерге қоқан-лоқы көрсеткен, «қол қоймасаңдар жұмысқа қабылданбайсың» деп қорқытқан. Бойларын «жұмыстан айырылып қаламыз ба?» деген қорқыныш билеген  жұмысшылар еңбек шартына амалсыздан қол қойған. 2023 жылғы ақпан айында жұмыскерлердің мүдделерін қорғап қарсылық білдірген Кабделов Медетті жұмыстан босатып жіберді. 2023 жылғы желтоқсан айында ұжымдық шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша келіссөздер жүргізуге ұсыным жасады, алайда ол ұсыныстары осы күнге дейін ашық күйінде қалды. Себебі келіссөздер жүргізуге ұсынылған Ориынбаев Адиолла, Дәулетияров Еркебұлан, Төлеубаев Жеткізген, Оразов Бекболат, Нуршалов Нұрсейіт сияқты өкілдердің барлығын «Caspian offshore Construction Realty» ЖШС түгелдей жұмыстан босатты.

2024 жылдың 29 наурызында Теңіз кен орнында орналасқан «Шаңырақ» жатақханасы жабылып, «Caspian offshore Construction Realty» басшылығы жұмыскерлерді «Новый Браун» жатақханасына көшіруді ұйғарды. Жұмысшылар тарапынан қарсылық болған жоқ. Алайда компания басшылығы жұмысшылар мен олардың өкілдері – кәсіподақпен ақылдаспай, біржақты шешіммен төрт адамдық бөлмеге орналастырды. Бұрын жатқан «Шаңырақ» жатақханасында жұмыскерлер екі орындық бөлмеде тұрған болатын, - деп әңгімелейді Ұзақбай. 

Оның айтуынша, жүргізушілердің келіспеу себебі – екі ауысыммен жұмыс жасайтын адамдар жұмысқа таңда әр уақытта кетеді – бірі сағат 04.00-де ояну керек болады, бірі 05.00-те, бірі 06.00-да.

Бұл дұрыс демалуларына кедергі келтіреді. Ал дұрыс тынықпаған жүргізуші ертеңгі күні жол апатына ұшырап, адам өміріне қауіп төндіруі ықтимал. Сондықтан жұмысшылар бір бөлмеге екі адамнан орналасуды сұраған болатын. 

- Алайда «Caspian offshore Construction Realty» оған келіспеді, келіссөздер жүргізуден бас тартты. Ақырында 100-ге жуық жүргізуші ұсынылған бөлмелерге орналасудан бас тартып, былтыр 29 наурыз – 1 сәуір аралығында екі түн автобус ішінде түнеді. Айта кетерлік жәйт, наразылық жұмыс процесіне кедергі келтірген жоқ, күнделікті рейс алды медициналық тексерістерден өтіп, өз жұмыстарына уақтылы кірісіп жүрді, өз еңбек міндеттерін жауаптылықпен орындады. 

Еңбек инспекциясы, «Теңізшевройл» және Жылыой аудандық әкімшілігі араласқаннан кейін барып жауапкерлер келіссөздерге келді, бір бөлмеге күндізгі ауысымның 2 адамын, түнгі ауысымның 2 адамын бір-біріне кезікпейтіндей етіп орналастыруға келісімге келді. Келіссөз барысында «Caspian offshore Construction Realty» ЖШС-нің Атырау өңірлік директоры Үшбаев Дәурен «Әрі кетсе 2-3 күн далада түнерсіңдер, артынан жұмыстан босатыласыздар» деп жұмысшыларды қорқытты. Артынан оның айтқаны іске асты – «Кәсіби Таңдау» ЖШС-не еңбек келісімшарттарының мерзімі аяқталғаны туралы хабарламалар жолдап, 2024 жылдың сәуір айынан бастап жұмысшыларды жаппай жұмыстан шығара бастады, – деп атап өтті Ұзақбай.

Осының бәрі сот отырысы барысында жазылып алынды. 

Жұмысшылар өкілі Еділ Ұзақбай компания еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен белсенді қызметкерлерді жұмыстан шығаруға әрекеттенді деп санайды. Ол 2024 жылдың сәуірінде болған тағы бір оқиғаны еске алды. Еске салайық, алғашқы жаппай қысқартулар осы айда болған. 

Әңгіме жұмысшыларға тең жағдай жасалмайтынына қатысты шағым туралы болып отыр: «Теңізшевройлдың» басқа мердігерлері қызметкерлерін жатақхананың алдына түсіреді, ал «Кәсібі Таңдау» компаниясының жұмысшылары тексеруден өткен соң бір шақырымдай жаяу жүруге мәжбүр болады екен.

 

Қызметкерлерді азырақ төлеу үшін жұмыстан шығара ма? 

Кәсіподақ өкілі атап өткендей, жұмыстан босату кезінде зейнет алды жастағы (2-3 жылдан кем қалған) адамдарды, асырауында кәмелетке толмаған балалары бар, асырауында мүгедектігі бар отбасы мүшелері бар екеніне қарамастан, яғни әлеуметтік маңызды мән-жайлар ескерілместен дəлелді себептерсіз жұмыстан босатқан.

Ұзақбай жұмыстан босату фактілері әлі күнге дейін жалғасып жатқанын айтады. Оның айтуынша, компания негізгі себеп ретінде "Кәсіби Таңдау" ЖШС-не жолдаған жұмысқа тарту мерзімінің аяқталуы туралы хабарламары болып отыр. Бұл туралы бірінші сатыдағы соттың қаулысында да айтылған.

Компания қысқартылған жұмысшылардың орнына аз еңбекақы белгілеп, басқа жұмысшыларды қабылдауда.

- Орта есеппен бір талап қоюшының еңбекақысының мөлшері айына 500-700 мың теңге болса, оны жұмыстан босатып орнына 200 мың теңге айлыққа келісетін адам жұмысқа қабылданса, 500 жұмыскерден айына 150 миллион теңге, жылына 1 миллиард 800 миллион теңге үнем жасайды екен. Бұл тек таза еңбекақыдан жасалатын үнем. Ал қосымша 35% бюджетке міндетті төлемдер жылына орташа 630 миллион теңгені құрайды. Осылайша, 2,43 миллиард теңгеге үнем жасайды.

«Caspian offshore Construction Realty» ЖШС Атырау облысы әкімі Серік Шәпкеновке берген уәдесінен тайып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінен ауытқыды, - дейді Ұзақбай. - «Кәсіби Таңдау» ЖШС-гі «Caspian offshore Construction Realty» ЖШС-нің үлестес тұлғасы болып табылады, себебі әкімшілік-шаруашылық лауазымындағы жеке тұлғалар қос серіктестікке жұмыс жасайды және бір-бірінің мүдделеріне сай әрекет етеді. 

«Біздің пікіріміз – жұмыс берушілер ретінде «Caspian offshore Construction Realty» ЖШС және «Кәсіби Таңдау» ЖШС наразылық айтқан жұмыскерлерді қудалап, бас пайдасын мақсат тұтып, жұмысшылармен еңбек шарттарын қасақана бұзуда», - деп түйіндеді кәсіподақ өкілі.

 

Компанияның ұстанымы 

Еділ Ұзақбайдың мамандығы заңгер. Ол еңбек шартының мерзімдеріне жеке тоқталды: олар ҚР Еңбек кодексінің 30-бабымен, атап айтқанда осы баптың 1-бөлігінің 3-тармағымен реттеледі, онда мерзімнің түрі – белгілі бір жұмысты атқару мерзіміне көзделеді деп көрсетілген. 

- Еңбек шартының бұл түрі жұмыстың жекелеген түрлеріне жасалады. Сондықтан, талап қоюшылармен рәсімделген еңбек шарттары – жауапкерлердің 1 жылдан кем емес белгілі бір мерзімге еңбек шарттарын жасасудан жалтаруы болып табылады және белгілі бір жұмысты көздемейді, - деп түсіндірді заңгер. 

Материал дайындау кезінде түсініктеме алу үшін компания өкіліне хабарласа алмадық. SOS Realty компаниясының HR аймақтық менеджері Наталья Трушкина аяқ астынан тұтқаны қоя салды. Аймақтық директор Дәурен Үшбаев және басқа да өкілдер телефон тұтқасын көтермеді. Компания өкілдері болып жатқан жағдай туралы түсініктеме береді деп күтеміз. 

Талапкерлер апелляциялық сот өздерінің пайдасына шешім шығарады деп үміттенеді. 

Айта кету керек, COC Realty немесе COCR – Теңіз кен орнында тасымалдау қызметін көрсететін ТШО мердігері. Оның сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, компания 2004 жылы құрылған және құрылыс, көлік, сервис, кейтеринг және қонақ үй салаларындағы негізгі жеткізуші болып табылады. COC Realty компаниясында 12 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 18:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.