Төмен көміртекті даму бағдарламасы аясында Атырауда «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС базасында зертхана жұмыс істейді. Мұнда сутекті қауіпсіз сақтау және тасымалдау технологияларын әзірлеу және өнеркәсіпке енгізу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Сутегін қауіпсіз жағдайда сақтауға және тасымалдауға мүмкіндік беретін титан негізіндегі қорытпалардың алғашқы үлгілері алынды. Жобаның табысты іске асырылуы ҚазМұнайГазды ішкі нарық және экспорт үшін де төмен көміртекті сутекті тасымалдау технологиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Зерттеудің тиімділігін арттыру мақсатында зертхана жетекші отандық және халықаралық ғылыми ұйымдармен, соның ішінде Назарбаев Университеті, Vinca ядролық ғылымдар институты (Сербия), INPEX зерттеу орталығы (Жапония) және «Курчатов институты» ҒЗО-мен бірге жұмыс жасайды.
Анықтама: Металл гидридтері - металдардың сутегімен әрекеттесуінен пайда болатын қосылыстар класы. Олар сутектің көп мөлшерін сіңіріп, сақтай алады. Бұл энергияны сақтау технологияларын дамыту үшін мүмкіндік береді. Бұл өнеркәсіп саласында кеңінен қолданылады.