Атырау, 23 қараша 06:26
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Торыққан шаруалар, шенеуніктің моралі және депутат пен белсендінің тартысы

Сурет Бейнежазба
853 просмотра

23 шілдеде Абай орталығында Атырау қаласы мен Атырау облысына қарасты аудандардағы шаруалар өңір шенеуніктерімен тағы да кездесуі өтті. Бұл жолы шаруалар Серік ШӘПКЕНОВТІ күтті. Алайда облыс басшысы келмеді.

Олар бұған дейін 11 шілде күні осы жерде ауылшаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалинмен кездескен. Бұл кезде де бүгінгі жиындағыдай екі мәселе қаралды - ірі сабақты жем-шөп сатып алуға берілетін субсидия төлемін қайтару және тасқын кезінде зардап шеккен шаруаларға өтемақы төлеу бойынша талаптары. Шаруалар облыс әкімімен кездесу үшін жиналған. Алайда ол жиынға келмеді.

Облыс әкімінің орнына шаруалардың шағымы мен талаптарын тыңдауға облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат және қала әкімі орынбасары Серік Нысанбаев келді. Жиын басында мінберге шығып, сөз сөйлеген облыстық мәслихат депутаты Айбар Ерекешев жергілікті шаруалардың мәселелерін мәжіліс депутаттарына жеткізгенін, олар жазғы демалыстан жұмысқа шыққанда қарастыруға уәде бергенін алға тартты.

Шаруалар субсидия мен өтемақы мәселесін созбай, тез арада шешуді талап етті. Облыс әкімінің өздерімен кездесуге келмегеніне наразылығын білдіріп, жергілікті атқарушы билік органдарының жұмысын сынға алды. Бірі демеуші компаниялардың қаржысы есебінен өтемақы беруді ұсынса, енді бірі қала ішімен өтетін каналдардың арнасын бұрып, суды баяғыда құрғатып алуға болар еді деген пікір айтты. 

Әкімдіктен көмек болмаса, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қожалық жұмысын қайта аяғына тұрғызуға енді күш жетпейтінін айтқан зейнет жасындағы шаруалар да болды. Жыларман күй кешіп отырғанын ашына жеткізген шаруалар залда отырып та, мінберге шығып та сұрақтарын қойып, шағымдарын жарыса жеткізді.

Қордаланып қалған мәселелерін баян еткен шаруаларға облыс әкімінің аппарат жетекшісі Н. Жеңісбекұлы жиі-жиі басу айтып, сабырға шақырып отырды. Оған естіртпей залда «мораль оқып кетті ғой» деген шаруалар да кездесті. Сабырға шақырушылар қатарында облыстық мәслихат депутаты Айбар Ерекешев те бар. Ол қайта-қайта шаруаларға орнына отыруды ескертіп, әкімдік өкілдерінің «жауабын тыңдайық» деумен болды.

Осы кезде депутаттың өзін орнына отыруын талап етіп, «Aqiqat» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз Ғабдуллин ортаға шықты. Оның бұйыра сөйлегенін көтере алмаған депутат оған қарсы шығып, екеуі сөзге келіп қалды. Екеуін бір-екі шаруа мен залға жүгіріп келген полиция қызметкері айырды.

Жиында нақты талаптарын қойғандар көп болды. Солардың бірі - Қызылқоға ауданынан келген “Бек-1” шаруа қожалығының құрылтайшысы Жанкелді Рахметқалиев. Ол Атырау өңірінің шаруалары үшін ірі сабақты шөпке субсидия малды қыста аман алып шығу үшін өте қажет екенін түсіндіруге тырысты. Атырау жерін өзі жақында болып келген Өскемен, Тараз секілді шөбі биік өсетін өзге өңірлермен салыстыруға болмайтынын айтқан шаруа депутаттың «субсидия мәселесі парламентте қаралады» деген сөзіне былай деді:

- Ірі сабақты мал азығына берілетін субсидия міндетті берілуі керек. Бір апта, он күтеміз, парламент депутаттары демалыстан келеді. Демалыстан келген соң мәжілісте бәрін қарайды. Сөйтіп жүргенде қыс болады. Біз қысқа дайындалатын екі ай ғана уақыт қалды. Осы мәселенің бәрін осыған дейін әлі шешпегенде, екі ай уақыттың ішінде қалай шешеді? Бізге, мына жерге, өкінішке қарай, облыс әкімі келмей отыр. Облыс әкімі келуі керек. Облыс әкімі осы жердің «хозяины», осы облыстың «әкесі» ол. Мына сіз бен бізге жауап береді, - деген Рахметқалиевтың сөзінен кейін басқа шаруалар далада қалғанын айтып, «тасқын су бойынша айтайық» деп өтінді.

Шаруалардың басым бөлігі бірінші кезекте «тасқыннан зардап шегуші ретінде өтемақы төлене ме?» деген сауал толғандырды. Малы мен жем-шөбін қайда әкелерін білмей қыста қиын болатынын айтқан шаруалар бұл мәселені тез арада шешуін өтінді.

- Шөп шабатын жерімізді су басып кетті. Шөп алып берші деп отырмыз, ақша де керек емес! Малымызды қыстан шығаратын шөп алып берші деп отырмыз. Қорасын су басып кеткен шаруалар малымызды қыста қайда апарамын деп жүр. Осындай жергілікті жердегі мәселелерімізді әкімге айтпасақ, кімге айтамыз?– деді қала іргесіндегі Кеңөзек ауылдық округінде орналасқан «Айбек» шаруа қожалығының иесі Атабек Қарағұлов. Оның 200 гектар жайылым мен шабындық жерін су басқан.

- Мысалы мен бір айдан кейін 25 тамызда жылда қыстағыма келемін. Жазда Қызылқоғадағы жеріме барамын, қыста қыстағыма қайтып келемін. Биыл қыстағым суда тұр. Мен қайда барамын? Осы сұраққа жауап беріңізші? – деп шенеуніктерге сұрақ қойды ашынған шаруа «Жас жігер» шаруа қожалығы иесі  Марат Ислямов.

- Дұрыс, дұрыс, осы сұраққа жауап берсінші, - десті басқа шаруалар оны қолдап.

- Суды неге «откачка» жасамайды? – деп сөзін жалғады шаруа. - «Шешім шығарып жатырмыз, халыққа барып жатырмыз» дейсіздер, «реальное действие» жоқ қой!».

Іле-шала одан кейін қиын жағдайда қалып отырғанын айтқан «Олжас» шаруа қожалығының иесі Айман Нысанова сөйледі.

- Әнеугүні Теңдіктің әкімі мамырдың 5-де «Ойбай, шығыңдар, сендерді қорғайтын жайымыз жоқ» деді, - дегенде бір шаруа: «Ой, Шапхатты қой, Шапхатты» деді. (Шапхат деп отырғаны Қайыршақты ауылдық округінің әкімі Шапхат Қалиев – авт.). Біз көшіп кеттік малымызды шығарып. Негізі мамырдың 25-де боталарымды шығаруым керек. Мамырдың 5-де кеттік. Біз қазір 17-ші ауылда вагонда күннің ыстығында өлейік деп жүрміз қаңғырып. Менің қыстағым суға кетті. Белуардан су, үйім де, қорам да құлап қалды. Мен жалғызбасты анамын. Жалғыз балам бар. Өзім 200 «давлениемен» 70 шақырым жерге су кешіп барам. Орта жолға машинамды тастаймын. Ар жағына барып түйемді сауамын. Сол малыммен құмырсқаға таланып сол жерде жатамын, сосын қайтып келеміз. Корановирус кезінде біз Атырауды шұбатпен қамтамасыз еттік. Ал енді айналғанда біз қаңғып қалдық. Ал мен ертең тамыздың 15-де көшіп келуім керек. Мен малымды қайда апарамын? – деді А.Нысанова.

Ол шаруашылығын 2014 жылы қолындағы 30 мың теңгемен ашқан екен. Ал қазір көмекке зәру екенін айтады. Көмек қажет екенін басқа да шаруалар айтып, өтемақыға арыз беретін болды.

Мараттың да, Айманның да қожалығы Теңдік ауылындағы Приморский каналы бойында орналасқан. Олар жылу электр орталығы каналының Приморскиймен шектескен тұсын неге ашқанына түсінбейді. Сол үшін жергілікті билікке өкпелі. Өйткені, осының кесірінен канал арнасы суға толып, айналаны су шайған. Ал билік мұны канал суын азайту үшін ашқанын түсіндірген. Қала әкімі орынбасары С.Нысанбаев бұл мәселе бөлек қаралады деді оларға.

Жиын барысында шаруаларға дәл қазір өтемақы төлеу механизмдері жоқ екендігі, бірақ, жиында айтылған арыз-шағымдары мен талаптары облыс әкіміне жеткізіліп, оны төлеу жолдары қарастырылатыны айтылды.

«АЖ» тілшісі жиын соңында қала әкімі орынбасары С. Нысанбаевқа нақтылау сауалдарын қойып, қалада 50 шаруа қожалығы тасқында зардап шеккенін білді. Соның 38-і өтемақы төлеуді талап етіп өтініш түсірген. Оның 30-ы суда қалған егістік алқабына, ал сегізі мал өліміне қатысты.

- Оның барлығының талабын қанағаттандырудан бас тартылды. Бірақ, қайтадан өтініш беру мүмкіндіктері түсіндірілді. Бұл жерде әр түрлі себептермен бас тартылды. Көбінің нысанының құжаты болмады. Одан бөлек, ережеге сәйкес, комиссия зардап шеккен нысанының басына барып, көзбен шолып, акт толтыру керек. Шілде айында су кетпеуіне байланысты барып көру мүмкіндігі болмағандықтан бас тартылды. Енді осы айдың соңында қайтадан барлығы арыз тапсырады. Содан кейін өтемақы мәселесі бойынша шешім қабылданып, төленеді, - деді Нысанбаев.

Оның сөзінше, өтемақы тек өтініш түсіргендерге және егер олардың бүлінген мүліктерінің құжаты болса ғана төленеді.

Ақ Жайық» газетінің сайтына мақала шығар кезде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламаттан редакцияның сауалына жауап келді:

"Тасқын су салдарынан күні бүгінге ұсынылған өтінішке сәйкес егін шығыны бойынша - 102, мүлік бойынша – 74. Барлығы - 176 шаруа қожалықтың өтініші тіркелді. Атап айтқанда: Атырау қаласы – 66, Махамбет ауданы – 89,  Индер ауданы – 9,  Жылыой ауданы – 12.

Өтініш беру жалғасын табуда. Өтемақы күні бүгінге төленбеді. Себебі ұсынылған өтінішке сәйкес арнайы құрылған комиссия зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Зерделеу жұмыстары аяқталған соң,  комиссияның шешіміне сәйкес өтелетін болады.  

Ауылшаруашылық министрлігінің 2024 жылдың 17 мамырдағы №167 бұйрығына сәйкес Ғылыми зерттеу институтының негізінде жасалған  технологиялық карта шеңберінде 1 гектарға жұмсалған шығыны бойынша есептеледі.

Келтірілген залалды өтеу жөніндегі комиссия қала,аудандардан маусым айында құрылды. Күні бүгінге өтемақы төлеуден бас тарту комиссиясының шешімі тіркелмеген. 

Тасқын су салдарынан 6071 гектар жер су астында қалды, жоспарланған алынатын өнімге айтарлықтай әсер етуі ықтимал".

Айнұр Сапарова    

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

24 шілде, 19:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.