Атырау, 23 қараша 06:30
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырауда қожалығын су басқан шаруалар жергілікті әкімдіктен өтемақы беруді талап етті

876 просмотра

4 шілде күні Атырау қаласы маңындағы су тасқынынан зардап шеккен Соколок каналы бойындағы 30-дан астам шаруа қожалығының иелері қала әкімдігіне өтемақы талап ету үшін жиналды. 

Оларды қала әкімі Шәкір КЕЙКІН қабылдап, мәселелерін тыңдады.

- Шаруа қожалықтары көп шығынға ұшырап жатыр, жылдар бойы жұмсалған еңбек те зая кетті. Бірнеше жыл бойы өсірілген жеміс ағаштары суда қалды, су сіңгеннен кейін де өсіп кетуі екіталай; Осы жылға жоспарланған екпелерді отырғызу үшін судың жерге сіңуіне 2-3 ай қажет. Яғни, биыл өнімсіз болайын деп отыр, - дейді шаруалар.

Осы жағдайларға байланысты ауыл шаруашылығы мамандары бірқатар талаптардың орындалуын сұрайды.

1. Соколок каналының бойында орналасқан шаруа қожалықтарының иелеріне төтенше жағдайдан зардап шеккендер мәртебесін беруді;

2. Зардап шеккен шаруа қожалықтарының шығынын анықтайтын арнайы комиссия маусым айында болған кездесуде кәсіпкерлерді қабылдады. Осы отырыста комиссия өтінштерді қабыл алмай, материалдық шығынды өтеуден толық бас тартты. Бұл ретте оның су деңгейі төмендегеннен кейін, яғни 30 күннен кейін қарастырылатынын мәлімдеді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің №34383 бұйрығына сәйкес, осыған байланысты түскен өтініш 9 күн ішінде қаралып, комиссия шаруа қожалығының жерін тексеріп, қорытынды беруге міндетті. Шаруалар ауыл шаруашылығы алқаптары суда тұр деп сылтау айтуды заңсыз деп санайды.

3. Үшінші мәселе – ауыл шаруашылығы алқаптарында салынған құрылыстар мен өсірілген жеміс-жидек бермейтін ағаштардың шығындарын жабу. Қала әкімдігі бұл мәселе бойынша қосымша комиссия құрылып, қаралатынын айтады. Алайда, құжаттары болмағандықтан құрылыстар мен жеміс-жидек бермейтін ағаштар қабылданбай жатқаны белгілі.

4. Министрліктің облыстар бойынша сыйақысы басқа облыстармен салыстырғанда жалпы Атырау облысы бойынша өте төмен. Өйткені 1 гектар өнімнің орташа құны 150 000 теңге, бау-бақша үшін 1 миллион теңге деп алынады. Бұл сатып алу және отырғызу шығындарын өтемейді, өйткені біздің өңірде тиісті дайындық жүргізілмесе, жерге отырғызылған дақылдар мен көшеттер өздігінен өспейді.

5. Сондай-ақ шаруалар қалалық әкімдіктен су басу қаупі бар жерлерді және су басқан шаруашылықтарды көшіруге қолайлы жерлерді, тұрғын үйлердің, жайылымдар мен қоралардың орналасқан жерін көрсете отырып анықтауға көмектесуін сұрайды. 

Естеріңізге сала кетсек, Жайық өзені тасығанда қала аумағымен өтетін Соколок каналының бөгеті бұзылып, айналасын су шайған. Канал бойында Бесікті, Талғайраң, Ақжар, Ақсай, Томарлы, Геолог, Бірлік елді мекендері орналасқан. Аудандағы ауылдарда орналасқан шаруа қожалықтарының иелері шабындықтарын, жем-шөбі, үй-қорасы, егінін су басып қалғанын айтып, әкімге шағымданды. Шаруалар әлі күнге дейін өз мүліктеріне жете алмай отырғанын, қыста малға жем-шөп табу қиындап кететініне алаңдайды. 

Қала әкімдігі ақпараты бойынша, өтемақы төлеу бойынша шаруа қожалықтарынан 53 өтініш түскен. 

Олардың бірі сиыр мен жылқы ұстайтын Ербол Тойлыбаевтың шаруа қожалығын ғана емес, үйі мен қора-қопсысын да су алған. Тойлыбаев қожалығына қайықпен қатынап барып жүр.

Фермерлерге тиісті құжаттары болған жағдайда ғана суға кеткен егіні мен малына, үй-қорасына өтемақы берілетіні айтылды. Сол кезде тағы бір үлкен мәселе айқын болды: шаруалардың айтуынша, басым бөлігінің қожалық орналасқан үйі мен қорасы заңдастырылмаған екен.

Қылышбай ЕШІМ - қалаға қарайтын Қайыршақты ауылдық округіндегі “Ешім” шаруа қожалығының иесі. Үш жылқы, екі түйесі суға кетіп өлген. 

- Мен әкімдікке өтемақыға өтінішті апта басында жаздым. Өлген малға өтемақы бір айда береді деп жатыр. Қазір бір түйенің бағасы 1 млн теңге болса, әкімдік бір түйеге 315 мың теңге береміз деп жатыр ғой, үкімет қарастырған баға деп, - дейді Қ. Ешім.

Дегенмен де, ол қожалықтағы үйі мен қорасын заңдастыруға кіріскен.

Ал Лұқпан Бисалиевтің де қожалығы Соколок каналы бойындағы Қайыршақты ауылдық округінде орналасқан.

Оның малы су ортасында қалып, айдап шыққан кезде үш биесі мен бір құлын, төрт сиыры кеткен. Ол да апта басында өтемақы талап етіп, әкімдікке өтініш жазған. 

Әкімдікте өткен жиында шаруаларға заңдастырылмаған нысандарға өтемақы берілмейді деп жауап берілді. Шаруа қожалығында орналасқан жұмысшыларға арналған үй мен қоралардың өтемақысы бұл нысандар заңдастырылған соң қаралады. Дегенмен, қала әкімі Ш.Кейкін үй-қорасын салып алуға 2 тонна цемент, 100 дана шифер, ағаш сияқты құрылыс материалдарын беруді ұсынды. 

Шығындарының орнын толтыру үшін үкіметтің ұсынған ұсынысымен келіспеген шаруалар да бар.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

8 шілде, 14:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.