Атырау, 29 наурыз 15:13
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Қысқы «сессияны» тапсыра алмады

2 560 просмотра
Сурет "АЖ" мұрағатынан алынды

Биылғы қыстың алдында Атырау билігі облысымыз қысқа сақадай сай дегенімен, іс жүзінде олай болмай шықты. Қақаған қыста тұрғындар жарықсыз, сусыз, газсыз, тіпті жылусыз отырғанын білеміз. Билік қысқы «сессиядан» қалай құлағаны – «АЖ» материалында.

Өткен күзде жылу беру маусымына дайындық туралы жиында қысқа дайындық бойынша оптимистік көрсеткіштер келтірілді. Мысалы, 19,9 шақырым жылу беру желісі, 782 шақырым электр желісі және 3,08 шақырым сумен қамту және кәріз желісі жөнделгені; Атырауға 50 трансформатор сатып алынғаны; Нұрсая ықшамауданында диаметрі 425 мм, ұзындығы 3045 метр магистралды жылу трассасы; Индер ауданында 7 жылыту қазаны ауыстырылғаны және т.б. айтылды.

 

КҮНДЕ БІРДЕҢЕ БОЛЫП ҚАЛАДЫ

...Келеңсіздіктер 10 қаңтардан, парламент сайлауы болатын күні басталды. Облыс орталығының кейбір ықшамаудандарында және Индер мен Махамбет аудандарында электр қуаты өшіп қалды. Осыдан кейін де электр желісінде бірнеше ірі ақау болды. Ақпан айының басында жарық мәселесі бойынша өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бауыржан ТУХФАТОВ жарықтың өшу себебін арнайы құрылған комиссия тергеп жатыр деді. Бір ай өтсе де, әлі комиссия жұмысының қорытындысы туралы ештеңе белгісіз.

Сонымен қатар, биылғы қыс мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған көпқабатты үйлердің сапасының төмендігін айқын көрсетті. Қаңтар айында «Береке» ықшамауданындағы №33 үйдің тұрғындары кәріз жүйесі істен шығуына байланысты аулада митинг те ұйымдастырды. Ал ақпан айының ортасында Нұрсаядағы бірнеше 9 қабатты үйдің тұрғындары дәл осындай жиын өткізді: олардың айтуынша, мұнда электр мен жылу жиі өшіп қалады, ал кәріз жүйесі мен лифт мезгіл-мезгіл істен шығып қалады.

 

ҚАР ЖАУАДЫ ДЕП КІМ ОЙЛАҒАН

Студенттік сессия тапсырғандай жалғастырсақ: билікке түскен ең қиын «сұрақ» қыстың аяғында қар жауып, аяз тұрғаны болды. 300 мыңнан астам тұрғыны бар Атырау қаласын қардан тазалау үшін 45-ақ техника жұмылдырылды. Кейбір жерлерде үйілген қар бір тәулік жатса, қала маңындағы ауылдарға техника тек екі күннен кейін ғана жетті.

Сықырлаған сары аяз Атыраудың кейбір аудандарын сусыз және газсыз қалдырды. Мәселен қаланың қақ ортасында орналасқан Сарыарқа мөлтек ауданының тұрғындары 5 қабатқа дейін су тасыған, тіпті дәретханаға құятын суды да дүкеннен сатып алуға мәжбүр болды.

25 ақпан күні таңертеңнен бастап келесі күні түске дейін су болмады. Тұрмыстық қажеттілік үшін де суды дүкеннен сатып алдық, - дейді әріптесім Нұргүл Хайруллина.

Бұдан басқа, мониторинг тобының өкілдері «АрнаулыАвтоБаза» ЖШС мұздақты еріту үшін 6 млн теңгеге сатып алған 25 тонна техникалық тұз сапасыз екенін анықтады. Қыстың соңғы аязды онкүндігінде жолдағы мұз бен қардың дұрыс тазартылмауына байланысты Атырауда 160 жол-көлік оқиғасы болып, 70-ке жуық адам әртүрлі дене жарақатымен дәрігерге жүгінген.

 

АЛ ЯКУТСКІДЕ ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ ЕКЕН?

Мен гуглдан, мәселен, шамамен халық саны бізбен бірдей, бірақ қысы бізден гөрі суық болатын Якутскіде коммуналдық мәселелердің жағдайы қалай екен деп іздестіріп қарадым. Жақсы екен, қатты аяз тұрса да жарық, газ, су өшпейді екен. Мүмкін, Якутскіге тәжірибе жинауға бару керек шығар?

Фархат ӘБІЛОВ

1 наурыз 2021, 17:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.