Атырау, 13 қазан 05:24
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Нұрсаядағы жиын: жалдамалы үйлер сапасыз салынған

Сурет Бейнежазба
3 253 просмотра

Атырауда екі жыл бұрын Нұрсая ықшамауданында “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша 9 қабатты бірнеше үйден пәтер алған тұрғындар шу шығарды. Үйлерінің сапасыз салынғанына наразы болған олар қаладағы билік өкілдерін шақырып, аулаға жиналды. Ол жерге «АЖ» тілшісі де барды.

Жиналған тұрғындардың айтуынша, көшіп келгеннен кейін  коммуналдық мәселелер туындай бастаған. Ал мердігер кемшілікті түзетудің орнына, құр уәдемен алдаусыратып, уақыт созып жүр. Жиналған топқа басу айтқан қала әкімінің орынбасарын Самат ЕМБЕРГЕНОВТІ ашулы жұрт сұрақтың астына алды.

Мемлекеттің мүмкіндігін пайдаланамыз деген қуанышымыз ұзаққа созылмады. Сапасыз салынған үй екені көрініп тұр. Су ағып, подъездердегі электр желісі үнемі жанып кетеді. Қақпаған есігіміз жоқ. Бәрі алдап, шығарып салады, - дейді әбден көңілі қалған №17 үй тұрғындары.

- Жалдау ақысына ай сайын 65 мың теңге төлеп отырмыз. Одан бөлек күн сайын үйдің жыртығын жамаймыз. Екі рет батереядан су кетіп, үйдің бәрі шылқыды. Еденнің ламинаты көтеріліп кетті, ал мердігер жасап беруден бас тартты. Сонда мен осы пәтерде шығынға батып жүремін бе өмір бойы? Мына үйдің қызығын көрмеймін бе? Айтатындары құр сөз, беретіндері құр уәде, - дейді тұрғын Аңсағаным ҚҰСПАНОВА.

Бұл үйдің бәрінде дерлік көп балалы отбасы тұрады. Оларға жалдамалы пәтерді «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында сатып алу құқынсыз берілген. Мұндағылар бірде жарық, бірде жылу өшіп, тағы бірде кәріз жүйесі мен лифті істен шығатынын айтып шағымданды.

С.Ембергенов басу айтты:

- Екі жылдық кепілдікпен үй салған мердігерге тұрғындардың талабын жеткіземіз.  Орын алған олқылықтар қалпына келтіріледі.

Айта кету керек, кепілдік мерзімі аяқталып қалды.

Бұл үйлерді «Каспийская кадровая ассоциация» ЖШС салды. ЖШС-нің сапаны бақылау инженері Жайна НҰРҒАЛИЕВА үйдің жағдайы тұрғындардың өздеріне байланысты екенін айтты:

- Мысалы, канализацияның толып, су кетуі өздеріңіздің кінәңізден. Тазалағанда ішінен шықпайтын зат жоқ, шарф та, еден жуатын сүлгі де, пайдаланған жөргек те шығып жатыр.

Рас, ол басқа да көп мәселелер бойынша мысал келтірген жоқ.

Жалдау келісімшартының тармақтарының бірінде «баспана апатты деп танылған жағдайда тұрғындар үш ай ішінде ешбір құқықсыз үйді босатуы тиіс» делінген. Коммуналдық мәселеге белшесінен батқан жұрт көп ұзамай бала-шағасымен далада қалудан қауіптенеді. Сондықтан пәтерді сатып, басқа сапалы пәтер алатындай жеке меншікке айналдыру үшін билікке жүгінбек.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

12 ақпан 2021, 15:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.