
Солтүстік Қазақстан облысында жеті полиция қызметкері жоғалған сиырды іздеген. Кейін іздеуге қызметтік ит пен дрон тартылды. Алайда үй иесі малды сатқанын күйеуінен жасырмақ болғаны анықталды.
SKO24.kz сайтының СҚО полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлауынша, оқиға Есіл ауданында болған. Әйел полиция өкілдеріне үйден шығып бара жатып шарбақты жабуды ұмытып кеткенін, ал оралғанда сиырды таппай қалғанын айтқан.
Алғашқы күні ішкі істер органдарының жеті қызметкері кешке дейін ауыл мен оның төңірегін аралап, тұрғындардан жауап алды. Келесі күні іздеуге көрші ауылдық округтердің учаскелік полиция қызметкерлері, қызметтік иті бар кинолог және дрон операторы қосылды. Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбаларын да зерттеді.
Полиция мәліметінше, үй иесі малды басқа ауданның тұрғынына 550 мың теңгеге сатқан. Ақшаны ол апасына бермек болған, ал күйеуіне бұл келісім туралы айтпаған. Сату дерегін жасыру үшін әйел сиырдың жоғалғаны туралы оқиғаны ойлап тапқан.
СҚО полиция департаментінің ақпараты бойынша, әйел арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақыртқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 60 АЕК мөлшерінде, яғни 260 мың теңгеге жуық сомаға айыппұл салынды.
В Атырау +3.8