
Қазақстанның халық ақыны, айтыс өнерінің көрнекті өкілі Әсия Беркенова 77 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Оның қайтыс болғаны туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Instagram парақшасында хабарлады.
Өңір басшысы ақынның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, оның ұлттық мәдениетті дамытуға және жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті.
«Ол ақындық өнерді қадірлейтін жұртшылықтың зор құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленді. Көптеген айтыстарда өңіріміздің намысын абыроймен қорғап, үнемі жоғары шеберлігін танытты. Сонымен қатар ұстаздық қызметке де ден қойып, "Халық ағарту ісінің үздігі" атағына ие болды. Оның артында көптеген шәкірттері мен ізбасарлары қалды», — деп жазды Құмар Ақсақалов.
Әкім сондай-ақ тәуелсіздік жылдары Әсия Беркенованың ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болғанын және елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқанын еске салды.
Әсия Беркенованың өмірбаяны
Балалық шағы мен білімі: 1950 жылғы 22 сәуірде Қостанай облысы Әулиекөл ауданының Сұлукөл ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын «орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген.
Ұстаздық қызметі: 1972–1997 жылдары туған өңірінде мектеп мұғалімі болып жұмыс істеген. 2001 жылдан бастап Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы «Өнер» студенттік шығармашылық студиясын басқарып, жас ақындарға тәлім берген.
Шығармашылық жолы: айтыс өнеріне 40 жылдан астам ғұмырын арнаған. 1984 жылы Алматыда Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық айтыста топ жарғаннан кейін кеңінен танылды.
Мойындалуы: Қазақстанда, Өзбекстанда, Қытайда, Моңғолияда және Ресейде өткен республикалық әрі халықаралық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері атанды. Соңғы жылдары ірі ақындар додаларында тәлімгер әрі қазылар алқасының мүшесі ретінде қызмет атқарды.
В Атырау +3.4