
Каспий теңізінің тартылуы Атырау облысына тұзды-шаңды боран қаупін төндіріп тұр, теңіздің қазақстандық бөлігінің бекіре балықтарына арналған биологиялық әлеуеті 99,4%-ға азайды, ал мұнай өндіретін аралдардың айналасында экологиялық мониторингтің мемлекеттік стационарлық посттары жоқ. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында депутат Арман Хайруллин мәлімдеді.
«Әділет» фракциясының депутаттары үкіметтен Каспий теңізін құтқару, халықты оның тартылу салдарынан қорғау және мұнай өндіруші компаниялардың экологиялық жауапкершілігін күшейту бойынша кешенді шаралар қабылдауды талап етті.
Атырауды тұзды шаңнан қорғау керек
Соңғы 25 жылда теңіз акваториясы 16 мың шаршы километрге азайды. Тартылған Солтүстік Каспийде шаңды дауылдар жиілеп, тұзды тозаң «балшық жауыны» болып түсуде.
Хайруллиннің айтуынша, бұл жағдаймен күресу үшін Арал тәжірибесі негізінде кепкен аумақтарға фитомелиоранттар егу қажет.
Әлихан Бөкейхан атындағы институт Атырау өңірін шаңды дауылдардан қорғау жобаларын әзірлеу үшін 222,9 млн теңге бөлуді ұсынып отыр. Алайда қаржыландырылуы әзірге қаралмаған.
Бекіре тұқымдас балықтарға Каспийдің әлеуеті 99,4 пайызға азайды
Каспий балығы – азық-түлік қоры, әрі мемлекетіміз үшін маңызды экспорт көзі. Алайда оның биологиялық алуан түрлілігі апатты деңгейге түсті. Теңіздің қазақстандық бөлігінің бекіре тұқымдас балықтар үшін биологиялық сыйымдылығы 1 миллион тоннадан 5,9 мың тоннаға дейін түсіп, әлеуеті 99,4 пайызға азайған.
Кәсіпшілік қара балық көлемі тек соңғы 6 жылда 29 пайызға азайса, Каспий итбалығы 20 ғасыр басындағы 1 миллионнан 270 мыңға дейін қысқарды. Бұған браконьерлікпен қатар шельфтегі көмірсутектерді кең көлемде өндіру де әсер етуде.
Қашағанның айналасында мемлекеттік бақылау бекеттері жоқ
«Өкінішке қарай, бүгінде Каспий Экология министрлігі үшін бақылаусыз, соқыр аймаққа айналды», - деп мәлімдеді Хайруллин.
Теңізде ауа мен судың сапасын бақылайтын бірде-бір стационарлы станция жоқ. «Қазгидромет» мониторингті тек жағалаудағы 50 нүктеде жүргізеді.
«Қашаған» сияқты ірі кен орындарын игеру cөзсіз, Қазақстан үшін маңызды екенін атап өтті депутат. Сөйтсе де, мұнай өндіруші аралдардың айналасында экологиялық бақылау бекеттерін орнату – бүгінгі күннің талабы.
Экологиялық сақтандыруға мұнай компаниялары қандай қаражат жұмсайды
Сонымен қатар Хайруллин елімізде қызмет ететін ірі табиғат пайдаланушы компаниялардың экологиялық жауапкершілігі туралы мәселе көтерді.
Оның айтуынша, ірі компаниялардың міндетті сақтандыру көлемі тым мардымсыз.
Ірі кәсіпорындардың міндетті экологиялық сақтандыру көлемін анықтау жөнінде жолдаған сауалдарымызға Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әлі күнге нақты жауап берген жоқ дейді депутат.
Алайда Конституция мен Экологиялық кодекске сәйкес мұндай экологиялық ақпарат қоғам үшін толық ашық болуы тиіс екенін атап өтті ол.
Каспий теңізі институты қаржылық қиындыққа тап болды
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылы құрылған «Каспий теңізі» ҒЗИ қазір қаржылық қиындыққа тап болып отыр. Институтқа Каспийдің экологиялық сезімталдылық картасын әзірлеп, өз қызметін сапалы жүргізіп отыру қажет.
Депутаттар ғылыми мекемені республикалық бюджеттен тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуді талап етеді.
Үкіметке қойылған төрт талап
Депутаттық сауалда «Әділет» фракциясы мыналарды ұсынды:
- Солтүстік Каспийде фитомелиорация арқылы шаңды дауылдардан қорғау жобаларын әзірлеп, әрі қарай жүзеге асыруды қаржыландыру;
- Каспий теңізінде кен орындары айналасында мемлекеттік стационарлы бақылау бекеттерін орнату бағдарламасын әзірлеу;
- Ірі компаниялардың экологиялық сақтандыру соммаларын халықаралық стандартқа сәйкестендіріп, экологиялық ақпарат ашықтығын қамтамасыз ету.
- 2027–2029 жылдарға арналған Республикалық бюджеттен «Каспий теңізі» ҒЗИ-ын тұрақты және тиісті деңгейде қаржыландыру.
«Каспийді келер ұрпақтарымыз үшін көзіміздің қарашығындай сақтап қалу парызымыз», - делінген депутаттық сауалда.
В Атырау +3.4