
Астана мен Алматыда алаяқтар ресейлік әнші Дима Биланның концерттеріне жалған билеттер сатып жатыр. Бақылау мақсатында сатып алынған барлық билеттер жарамсыз болып шыққан.
Бұл туралы «Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов Threads әлеуметтік желісінде хабарлады.
Оның айтуынша, әртістің екі қаладағы концерттеріне билеттер бірнеше апта бұрын толық сатылып кеткен. Соған қарамастан, әлеуметтік желілерде оларды сату туралы көптеген хабарландыру әлі де жарияланып жатыр.
«Бүгін әріптестеріммен бірге бақылау мақсатында билеттер сатып алдық. 100 пайыз жағдайда QR-коды дұрыс емес алаяқтық билеттер болып шықты. Әрбір жағдай бойынша полицияға арыз жаздық», — деп хабарлады Хасенов.
Ол әншінің жанкүйерлерін сақ болуға және билеттерді бейтаныс адамдардан сатып алмауға шақырды.
Дима Биланның концерттері мына күндері өтеді:
20 қараша — Астана, Barys Arena;
22 қараша — Алматы, Almaty Arena.
Екі концерт те сағат 20:00-де басталады.
Бұған дейін Астана тұрғындары Биланның концертіне арналған VIP-ложалардың бағасына таңғалған еді.
В Атырау +3.4