
Қазақстанда ипотекалық бағдарламалар бойынша бастапқы жарна мөлшерін 10 пайызға дейін төмендету мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Жаңа тетіктер 2027 жылы ұсынылуы мүмкін, деп хабарлайды LS.
Бұл туралы журналистерге Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, ведомство «Отбасы банкпен» бірлесіп қаржылық модельді есептеп жатыр.
«Қазір біз бастапқы жарнаны төмендетуді көздейтін тетіктерді пысықтап жатырмыз. Қаржылық модельді "Отбасы банкпен" бірлесіп қарастырып жатырмыз. Шамамен 2027 жылы осы жаңа тетіктерді жариялаймыз. Бастапқы жарна 10 пайызға дейін төмендеуі мүмкін», — деп түсіндірді Жүнісбеков.
Ипотекаға деген жоғары сұраныс мәселесі қалай шешілуде?
Өз кезегінде Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков жеңілдетілген тұрғын үй заемдарына, соның ішінде «Ұмай» бағдарламасына қатысты мезгіл-мезгіл туындайтын жоғары сұранысқа пікір білдірді.
Оның атап өтуінше, сұранысқа ие кез келген қаржылық өнімге қызығушылықтың күрт артуы заңды құбылыс. Дегенмен ведомство несие алу үдерісін барынша теңгерімді ету бағытында жұмыс істеп жатыр.
«Мүмкіндіктерге қарай дүрлікпе сұранысты барынша азайту үшін талаптар мен құралдарды пысықтап, жетілдіріп жатырмыз», — деп түйіндеді вице-министр.
В Атырау +4.1