Атырау, 17 қараша 17:21
 дождьВ Атырау +4.1
$ 444.40
€ 488.97
₽ 5.39

​Атыраудағы «Silleno» зауытына салмағы 600 тонналық реактор секциялары жеткізілді

36 рет қаралды
Сурет: "Қазмұнайгаз" ҰК" АҚ
Сурет: "Қазмұнайгаз" ҰК" АҚ

Атырау облысында жылына 1,25 миллион тонна полиэтилен өндіретін «Silleno» зауыты жобасының жалпы іске асу көрсеткіші 42 пайызға жетті. Отандық мұнай-газ химиясы саласындағы ең ірі нысандардың бірі саналатын құрылыс барысымен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов өңірге сапары кезінде танысты.

Қазіргі уақытта зауыт алаңында қарқынды құрылыс жүріп жатыр. Әсіресе полиэтиленнің негізгі шикізаты — этилен өндіретін пиролиз қондырғысының іргетасын құю, металл құрылымдары мен технологиялық құбырларды монтаждау жұмыстары белсенді фазаға өтті. Осы блокқа арналған ірі көлемдегі 47 жабдықтың барлығы Қазақстанға толық жеткізілген.

Сонымен бірге полимерлеу қондырғысы мен жалпышаруашылық нысандардың да іргетасы құйылуда. Мұнда полимерлеу процесінің басты технологиялық элементі саналатын ілмекті реакторлардың алғашқы 8 секциясы жеткізілді. Әр секциясының ұзындығы 67 метрден асатын, ал салмағы 77 тоннаға дейін жететін бұл бірегей құрылғылардың жалпы салмағы 600 тоннадан асады.

Бүгінде құрылыс алаңында 5200-ден астам маман еңбек етіп, 680-нен астам арнайы техника жумылдырылған. Жобаны жүзеге асыру кезінде отандық өндірушілерді қолдауға ерекше басымдық беріліп отыр. Қазіргі таңда 40-қа жуық қазақстандық компания 1,2 миллиард АҚШ долларынан асатын келісімшарттар аясында жобалау, жабдық өндіру және құрылыс-монтаж жұмыстарына қатысып жатыр.

Жоба аясында зауыттың болашақ кадрларын даярлау шаралары да қатар жүргізілуде. Халықаралық мердігерлер — «Tecnicas Reunidas» мен «Tecnimont» (MAIRE) компаниялары отандық техникалық оқу орындарының студенттерін Испания мен Италиядағы өз өндірістік алаңдарында инжиниринг және менеджмент бағыты бойынша оқытып жатыр. Төрт жылға есептелген бұл бағдарлама аясында 400-ден астам қазақстандық маман даярлықтан өтеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде мұнай-газ химиясы кластерін дамыту жөніндегі тапсырмасы бойынша салынып жатқан «Silleno» зауыты іске қосылғаннан кейін Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін дамытуға және отандық шикізатты терең өңдеуге үлкен серпін береді деп күтілуде.

Бүгін, 17:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.