
Бүгін, 17 қарашада, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өңірдегі қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайға қатысты «АЖ» тілшісінің сауалына жауап берді. Ведомство сондай-ақ кеше біз жазған бір жасар баланың өліміне қатысты пікір білдірді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 қарашада бала санитариялық авиациямен Жылыой ауданынан Атырау облыстық инфекциялық ауруханасына жеткізілген. Оның жағдайы ауыр болған және бұған дейін аудандық ауруханада ем қабылдаған.
«Ауруханаға түскен кезде науқастың жағдайы өте ауыр болған. Негізгі дерттің салдарынан екі жақты пневмония, тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігі дамыды. Дәрігерлер қарқынды терапияның толық кешенін жүргізгенімен, баланы аман алып қалу мүмкін болмады», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға келсек, 2026 жылдың 1 қазаны мен 17 қарашасы аралығында Атырау облысында зертханалық тұрғыдан расталған қызылшаның 45 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың ұқсас кезеңінде 78 жағдай есепке алынған еді.
Қазіргі таңда инфекциялық стационарда 7 адам емделіп жатыр. Оның төртеуінде қызылша диагнозы зертханалық түрде дәлелденсе, үш науқастың диагнозы нақтыланып жатыр.
Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, стационарға түскен науқастардың басым бөлігі қызылшаға қарсы екпе алмаған.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +4.1