Атырау, 17 қараша 16:18
 дождьВ Атырау +4.1
$ 444.40
€ 488.97
₽ 5.39

Жатақханадағы трагедия: ҚазҰУ-да проректор мен декан қызметінен босатылды

38 рет қаралды
фото 2 ГИС
фото 2 ГИС

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студентінің қайғылы қазасынан кейін қатаң кадрлық шешімдер қабылданды. Проректор мен факультет деканы қызметінен босатылды.

Университеттің хабарлауынша, студенттер жатақханасында қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін басқарма мүшесі — әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор және География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметтерінен босатылды.

Бұдан бөлек, оқиға болған күні кезекшілікте тұрған қызметкерлер де жұмыстан шеттетілді. Қазір олардың әрекеттеріне құқықтық бағаны құқық қорғау органдары беріп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты қайғылы оқиғаның егжей-тегжейі жария етілмейді (ҚР ҚПК-нің 201-бабы).

Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кешенді тексеру жүргізеді. Мұндай шешім жастар арасындағы қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында қабылданды.

Университетке арнайы мониторинг тобы жіберіледі. Мамандар оқу орнында білім алушылардың өмірі мен денсаулығын қорғауға қатысты заңнама талаптары мен ішкі ережелердің сақталуын зерделеп, тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыстардың тиімділігін бағалайды.

Комиссия ҚазҰУ-да жанжал жағдайларын анықтау және олардың алдын алу жұмыстарына, студенттердің шағымдары мен өтініштеріне қаншалықты жедел жауап берілетініне, сондай-ақ психологиялық көмектің қалай ұйымдастырылғанына ерекше назар аударады.

Алматы жатақханаларында рейдтер жүргізіледі

Сонымен қатар министрлік Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасымен бірлесіп, ведомствоаралық жұмыс тобын құрды. Оның құрамына прокуратура, полиция департаменті, балалардың құқықтарын қорғау басқармасының өкілдері, кәсіби психологтар мен қоғам белсенділері кірді.

Бұл топ қаладағы студенттер жатақханаларына барып, жастармен кездесулер мен профилактикалық әңгімелер өткізеді.

Ведомствоның түсіндіруінше, тексерулердің басты мақсаты — «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту, қауіп факторларын ерте анықтау, сондай-ақ білім алушылар арасындағы жанжалдардың, девиантты және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу. Жұмыс қорытындысы бойынша жоғары оқу орындарындағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған қосымша шаралар әзірленеді.

Бүгін, 15:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.