
Өз ұлынан зәбір көрген Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының тұрғыны, 89 жастағы Әділхан Сисенов бірнеше шақырым қашықтағы Жылыой ауданында болып жатқан сотқа аяқтай барып қатысты.
Онлайн түрде басталған соттың бұған дейін бірнеше сатысы өтті. Қыркүйек айында дәрігерлер ақсақалға микроинсульт диагнозын қойған болатын. Денсаулығы нашарлаған Ә. Сисеновтың соңғы кездері ас ішуі азайып, ұмытшақтық пайда бола бастағанына туыстары да қатты алаңдады. Тіпті бірнеше шақырым қашықтағы сотқа өзінің аяқтай барып қатысатынына сенімді қарт аяқастынан осындай күйзеліске түскен.
- Біз қатты алаңдадық, барынша көңілін аулап, денсаулығына мән бергендіктен атам өз қалпына келе бастады. Біз оған қуаныштымыз.16 қарашадағы Жылыой ауданында болған сотқа аяқтай барып, барлық мән-жайды өз аузымен айтып берді, - дейді қарттың сенімді өкілі, немересі Сәуле Адилхан.
Әділхан Сисенов сотта өз ұлының жәбірлеп, ұрып-соққаны салдарынан инсульт алғанын айтты. Сондай-ақ ол ұлының скотчпен байлап ұстап, қамап қойып, ұрғанын тәптіштеп жеткізді. Сөзінен жаңылмаған қарт зәбір көрсеткен ұлының жазаға тартылуын қалайды.
Естеріңізге сала кетейік, тыл ардагері, үшінші топ мүгедегі Әділхан Сисеновтың ұлы, күдікті Қанаттың үстінен ҚР ҚК 109-1бабы 2 бөлігі З тармағымен іс көтеріліп сотқа қаралуда.
Істі қараған сот төрағасы Мұратқали Ысқақов сот отырысы 18 қарашаға белгіленгенін айтты.
"АЖ" бұл оқиға барысын назарда ұстайтын болады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +4.1