
Зейнеткердің туысқандары қарияның соттың соңына дейін жетпей қала ма деп алаңдайды.
Оқырмандарға түсінікті болу үшін өткенге оралсақ, Әділхан қарт 8 ұл, 4 қыздың әкесі. Бір қызы қайтыс болған, қалған балаларының көзі тірі, отбасылы. Зайыбы он жыл бұрын өмірден озған. Өз ұлынан теперіш көрген қарт тыл ардагері, қазір онкологиялық есепте тұрады, үшінші топ мүгедегі. Елді дүр сілкіндірген оқиға осы жылдың маусымында болды. Ол кенже ұлы Қанаттың қолында еді. Қарттың айтуынша осы ұлынан жапа шегіп қашқан. Осы ауыр күнді басынан өткеріп отырған оған ұлынан көрген "қорлық" құқық қорғау органына дейін шағымдануға дейін жетті.
Науқастанып қалғаннан кейін ұмытшақтық пайда болды
Әділхан қарт бүгінде Сағызда, басқа ұлының қолында тұрады. Оның жағдайы туралы «АЖ»-ға оның заңды өкілі, немересі Сәуле Адилхан айтып берген еді.
- Атам ұлының үйінен қашып шыққанан кейін Атырауда болды, дәрігерлерге қаралды. Қазір Сағыз ауылында тұратын басқа ұлының қолында. Мен де Сағызда тұрамын, тұрмыстамын. Бұған дейін атамның есте сақтау қабілеті зор еді, өткенді ұмытпай айтып отыратын. Қыркүйек айында қатты ауырып, дәрігерлер микроинсульт диагнозын қойды. Яғни, ұмытшақтық пайда болды, тіпті тамақ ішуі азайып кетті. Біз бұған қатты алаңдап отырмыз, - дейді Сәуле.
Немересінің айтуынша, дәрігерлер невропатологқа апаруға кеңес берген. Алайда атасы жолды көтере ала ма, соны білмей отыр.
- Сотқа өз аяғымен барам деп отырған атамның қазіргі қалі дәрігерлер ем-домынан кейін қалыпқа түссе деп отырмыз. Оның сотқа онлайн қатысқаннан гөрі аяқтай баруына бар күшімізді салатын боламыз. Жиі-жиі қасында болып, көңілін көтеруге тырысамыз. Қазіргі күтімі жақсы, дәрігерлер бақылауынла, - дейді немересі.

Отбасы кешірім бермей отыр
Сотта күдікті Қанат Сисеновтың үстінен ҚР ҚК 109 -1 бабы 2 бөлігі 3 тармағымен іс Жылыой аудандық сотында қаралып жатыр.
Бұған дейін екі рет сот отырысы өтті, қазанның 15, 20-сы күні. Ендігі сот 4 қарашаға белгіленді. Сотты төраға Мұратқали Ысқақов жүргізіп жатыр.
Сәуле Адилханның айтуынша, сот бірінші отырыста медиациялық кешірімге шақырды. Алайда жәбірленушінің туысқандары келіспеді.
- Біз келіспедік, себебі ұлы әкесіне зәбір көрсеткен жоқпын деп мойындамай отыр. Сараптама қорытындысы да көңіл көншітіп отырған жоқ, атаманың денесіндегі жарақаттарды жеңіл деп бағалаған. Денесінде көгерген із, соққылар болды ғой, - дейді немересі.
Ал ақыл-есі бүтіндігін, есте сақтау қабылетіне оң баға берілді дейді ол.
Қанат Сисеновтың өзі әкесін жиырма жылдан бері бағып келемін деп, өзіне тағылған кінәні мойындамаған. Сот оның кінәсін анықтауға тиіс.
Әділхан Сисеновтың адвокаты бар. Туысқандары әділдікке қол жеткізуге тырысамыз, алдағы сот отырысына қарияның өзі қатысады деп үміттеніп отыр.
Тыл ардагері 2027 жылы 90 жасқа толады. Осы торқалы тойына жетпей әуре-сарсаңға түскен қарттың жай-күйі туысқандарын алаңдатып отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +14.9