
Атырау облысының Құлсары қаласында сегізінші сынып оқушысының әжесі немересінің аяқ киіміне біреу ине салып жібергенін мәлімдеді. Әлеуметтік желіде хабарлама пайда болғаннан кейін №1 мектепте тексеру жүргізілді.
Бұл оқиға туралы оқушының әжесі Самал Балабаева айтып берді. Оның сөзінде, немересінің аяқ киімінен ине табылған. Бөгде затты кім салғаны және оның қандай жағдайда анықталғаны білім бөлімінің ресми жауабында нақтыланбаған.
Мектеп әкімшілігі 16 қарашадағы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеп, сонымен қатар соңынан сол күні сабақ өткізген мұғалімдер мен сынып жетекшісінен жауап алды.
«Тексеру қорытындысы бойынша оқушының аяқ киімін ауыстырғаны немесе оның аяқ киіміне бөгде зат салынғаны туралы дәлел анықталған жоқ», — деп хабарлады Жылыой аудандық білім бөлімінен.
Педагогтердің айтуынша, мектепте жасөспірім қатысқан ешқандай келіспеушілік жағдай тіркелмеген. Ол сыныптастарымен қалыпты араласады, мектеп іс-шараларына қатысады және сабақтан себепсіз қалмайды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін оқушының ата-анасы шақырылды. Бұл ретте білім бөлімі фейк аккаунттан жарияланған публикация авторын анықтау үшін құзырлы органдарға жүгіну тәртібін оларға түсіндіргенін хабарлады.
Жағдай аудандық білім бөлімінің бақылауында.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +3.8