Атырау, 19 қараша 15:11
 дождьВ Атырау +4.7
$ 444.16
€ 487.29
₽ 5.40

Тоқаевтың «Халықтық құрылыс» бағдарламасы барлық өңірді қамтиды: шетелдік БАҚ бағдарлама ауқымы туралы

120 рет қаралды

Қазақстан Ұлттық қордан мектептер, ауруханалар, жолдар және басқа да инфрақұрылымдық нысандар салуға 6,5 трлн теңге бағыттауды жоспарлап отыр. Еуропалық EU Reporter басылымы қазақстандық бастаманы табиғи ресурстардан түсетін кірісті пайдаланудың халықаралық тәжірибесімен салыстырды.

17 қарашада жарияланған «Құрылыс және тағы да құрылыс! Қазақстан инфрақұрылымды дамыту қарқынын арттыруда» атты мақалада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған үш жылдық «Халықтық құрылыс» бағдарламасы қарастырылған.

Қазақстанға ауқымды құрылыс не үшін қажет?

Соңғы жеті жылда Қазақстан халқының саны екі миллионнан астам адамға өсті. Қалалар кеңейіп, жаңа тұрғын аудандар бой көтеруде. Білім беру және медициналық мекемелерге деген сұраныс артып келеді.

Мақала авторының пікірінше, инфрақұрылымға инвестиция салуды кейінге қалдыру болашақта қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалатын шығындарды арттыруы мүмкін.

«Халықтық құрылыс» бағдарламасының алғашқы кезеңінде құны 1,3 трлн теңгеден асатын жобалар мақұлданды. Олар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт нысандарын, инженерлік желілер мен жолдар салуды көздейді.

Соңғы жеті жылда Қазақстан әлеуметтік салаға шамамен 88 трлн теңге бағыттаған. Оның ішінде білім беруге 33,2 трлн теңге, денсаулық сақтау саласына 15,5 трлн теңге бөлінген.

Норвегия мен Индонезия тәжірибесі

EU Reporter Қазақстанның бастамасын басқа мемлекеттердің тәжірибесімен салыстырады.

Мәселен, Норвегияда мемлекеттік шығыстарды қаржыландыру үшін ұлттық әл-ауқат қорының күтілетін нақты кірістілігіне негізделген бюджеттік қағида қолданылады. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 3%-ды құрайды.

Тағы бір мысал — Индонезия. Бұл елде мектептердің жаппай салынуы балалардың білім алуға қолжетімділігін арттырған.

Экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Эстер Дюфлоның зерттеуі әрбір мың балаға шаққанда қосымша салынған бір мектеп олардың ересек жастағы табысының 1,5–2,7%-ға өсуіне ықпал еткенін көрсетті.

Мақалада сингапурлық The Straits Times басылымында экономист Теренс Хо талдаған Қазақстанның «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы да аталады.

Балалардың жинақ шоттары Ұлттық қор кірісінің бір бөлігін өскелең ұрпаққа бағыттаса, «Халықтық құрылыс» бірнеше буын пайдаланатын қоғамдық инфрақұрылымды қалыптастыруды көздейді.

Адами капиталға инвестиция салу экономикалық өсімге ықпал етуі мүмкін

Басылым халықаралық ұйымдардың адами капиталды дамытуға қатысты зерттеулерін де келтіреді.

UNICEF-тің «Generation 2050» баяндамасына сәйкес, Орталық Азия халқының жартысынан астамы 30 жасқа толмаған. Балалардың денсаулығына, біліміне және дамуына қосымша инвестиция салу 2050 жылға қарай өңірдегі жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімді базалық болжаммен салыстырғанда 6–14%-ға арттыруы мүмкін.

БҰҰ Даму бағдарламасының 2025 жылғы баяндамасында Қазақстан адам дамуы индексі бойынша 193 ел мен аумақтың арасында 60-орынға ие болды. Елдің көрсеткіші 0,837-ні құрап, Орталық Азиядағы ең жоғары нәтижеге жетті.

2025 жылы Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындап, тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары деңгейге жеткен.

Мұнайдан кейін не қалады?

Еуропалық басылым көтерген негізгі мәселе — ұлттық жинақтарды сақтау мен оларды халықтың қазіргі қажеттіліктеріне жұмсау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету.

Мақала авторы «Халықтық құрылыс» бағдарламасын сарқылатын табиғи ресурстардан түсетін кірісті ұзақмерзімді қоғамдық активтерге айналдыру тәсілі ретінде қарастырады.

Дегенмен мұндай ауқымды инвестициялардың тиімділігі құрылыс сапасына, қаражаттың ашық жұмсалуына, нысандарды таңдаудың негізділігіне және олардың алдағы уақытта тиімді пайдаланылуына байланысты болмақ.

Бүгін, 13:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.