Атырау, 12 қазан 15:23
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

​Атыраудағы жарықтың өшуі: ешнәрсе түсінбегеніміз анық

3 794 просмотра

Атырауда дәл мәжіліс депутаттарын сайлау күні, яғни 10 қаңтардан бастап аяқ астынан жарықтың өшуі әлі күнге дейін жалғасып келеді. Әлеуметтік желі арқылы түскен шағым көп, ал бастысы сұрақ: соңғы кездері жарық  неге жиі өшіріледі? Бұл сұрақтарға облыстың энергетика кәсіпорындарының өкілдері брифингте жауап беруге тырысты. 

Журналистер «KEGOC» АҚ желісіндегі апаттан кейін құрылған комиссия жұмысының нәтижесі туралы ақпарат аламыз деп үміттенген-ді. Бірақ олай болған жоқ.

- Біздің облыста мұндай апат көптен болған жоқ. Барлығы неге деп сұрайды. Желінің тозуы, ауа-райының қолайсыздығы секілді оның әртүрлі себептері бар. Бірақ қорытындыны комиссия шығарады - ол жұмыс істеп жатыр,  жан-жақты мамандар тартылған. Соңғы жылдары қондырғылардың қалай жұмыс істегені тексеріліп жатыр, барлық хаттама мен құжаттар сұратылуда, - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бауыржан ТУХФАТОВ.

Оның айтуынша, Қазақстанның батыс аймағында электр желісінің өткізу қабілетін арттыру жобасы жалғасуда. Айтпақшы, бұған дейін бұл жаңалықты Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев үкімет отырысында айтқан. Атап айтқанда, биыл Теңіз - Құлсары - Атырау - Индер - Оң жағалау - Орал бағыты бойынша 220 кВт электр желісін күшейту жұмыстары басталады. Бұл ретте батыс аймағының электр желісін елдің бірыңғай энергетикалық жүйесімен байланыстырудың ұтымды нұсқасы анықталады.

2 ақпанға қараған түндегі жарықтың өшуін айтар болсақ, «AЖЭО» АҚ президенті Мақсат ӘЛЕНОВ техникалық терминдер арқылы түсіндірді. Ол «коронный разрядтардың» салдарынан 110 киловольттық қондырғыдағы шина (кедергісі төмен өткізгіш) ажыратылғанын, одан кейін АЖЭО-дағы №12 турбина тоқтатылғанын айтты. Жылу электр стансасының генерациясы 269 мегаваттан 199 мегаватқа дейін төмендеп кетті. Содан кейін тағы бір «коронация» болды, сәйкесінше генерация 151 мегаватқа дейін төмендеді. 3 турбина тоқтады. Таңертең оның барлығы да қосылды.

- Біздің ойымызша, «коронация» ауа-райының қолайсыздығына байланысты болды, оның ішінде ылғал ауа, тұман, сіркіреген жаңбыр себеп болды, - деді Аленов.

Келесі сөзді «АтырауЖарық» АҚ вице-президенті Мейірбек ҒҰБАШЕВ алды. Оның айтуынша, жылу электр станциясындағы электр қуатының ажырауына байланысты қаланың оң жағалауы біраз уақыт жарықсыз қалды. Сонымен қатар, Исатай және Құрманғазы аудандарында да электр қуаты болған жоқ.

- Біз қаланы қосалқы станцияларға, басқа желіге ауыстырдық. Ал аудандар Ресей жақтан келетін желіге қосылды, - деді Губашев. - 2 ақпан күні таңертең Жеті қазына және Нұрсая ықшамаудандарындағы желіде коронация болды, біз оны ылғалдан тазалай бастадық. Жаңбыр мен тұман - жыл сайын болады ғой. Бірақ биыл не болды деп өзіміз таң қалдық. Комиссияның нәтижесін күтіп отырмыз. Біз өз желімізде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асырып отырамыз. Бірақ барлық қондырғылар мен жабдықтарды ауыстыру мүмкін емес, бұл тұрғындар үшін белгіленген тарифтің өзгеруіне әсер етеді. Ал бізге тарифті көтеруге рұқсат бермейді.

Тұрмыстық техника істен шыққан жағдайда қайда бару керек деген сұраққа М.Губашев тұтынушы «Атырау Жарыққа» арыз жазу керек деп жауап берді. Әрі қарай, монополист баланс ұстайтын кім екенін анықтайды, құрылғы қандай жағдайда істен шығып, жанып кеткенін және т.б. мәселелерді қарайды. Егер «Атырау Жарық» кінәлі болса, онда «мәселе шешіледі».

Онлайн-білімге қатысты да сұрақтар болды - кейбір мектеп ата-аналардан «Атырау Жарықтан» шынымен де жарық болмағаны туралы анықтама сұраған. Бұған Губашев қажет болса, ондай анықтаманы да береміз деп жауап берді.

Ал, енді ғаламтордан тапқан ақпаратпен бөлісейін: ҚР атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті электр қуатына қатысты мәселе бойынша тұрғындардан өтініш қабылдау үшін «жедел желі» құрған. Ол үшін WhatsApp-тағы +7 778 693 7834 нөміріне жазу керек немесе https://wa.me/message/XVGXQW3R3OPJD1 сілтемесі бойынша өту керек. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

4 ақпан 2021, 17:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.