Атырау, 23 қараша 03:16
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырау интернатында санитарлар дәрменсіз балаларды ұрып-соққан. Видео үкім шығаруға жеткілікті болды

3 093 просмотра

Өткен жылдың наурызында Атыраудағы психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиешілері мүгедек балаларды ұрып-соғатыны белгілі болды. Алайда, бір жылға созылған тергеуден кейін Атырау облыстық полиция департаменті қылмыстық істі тоқтатты. Бірақ сол кездегі ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваның наразылығынан кейін іс сотқа жетті. Тамыз айында №2 Атырау қалалық соты екі санитарға қатысты үкім шығарды.

Мұның қалай болғанын еске түсірейік. Прокурорлар бақылау камераларын қарап, тәрбиешілердің қорғансыз мүгедек балаларды ұрып қана қоймай, оларды жұмыс істеуге мәжбүрлегенін анықтады. Олар балаларды ұзақ уақыт бойы ұрып-соғып келген. Тіпті, «тәрбиешілер» бейнекамераны да елең қылмаған. Сол кездегі облыс прокуроры Ернат СЫБАНҚҰЛОВ тек 2018 жылдың желтоқсанынан 2019 жылдың қаңтарына дейінгі жазбалардың бар екенін мәлімдеді. Сотқа дейінгі тергеуді бастау үшін бұл жеткілікті болды.

Алдымен ол ҚР ҚК-нің 140-бабының 2-тармағы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi оған қатыгездік танытуымен ұласқан орындамауы) бойынша интернаттың 9 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бір жылдан кейін Атырау облысы полиция департаменті «қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі өткендіктен» қылмыстық істің тоқтатылғанын хабарлады. Бұл жұртшылықтың наразылығын тудырып, Дариға Назарбаева кінәлі тұлғалардың барлығы заңға сәйкес жазалануы тиіс екенін мәлімдеп, істі өз бақылауына алды.

Биылғы 12 наурызда Атырау облысының прокуратурасы қылмыстық істі тоқтату туралы шешімнің күшін жойып, материалдарды қосымша тергеуге қайтарып берді. Ал 24 наурызда күдіктілердің әрекеті 140-баптан 110-баптың 1 және 2-тармақтарына (Көрiнеу кәмелетке толмаған адамды ұдайы ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттері арқылы тән зардабына немесе психикалық зардап шегуге ұшырату) өзгертілді. Интернаттың 9 қызметкеріне қатысты іс қозғалғанына қарамастан, айыпталушылар орындығына тек екі – палата санитарлары отырды.

Қалалық №2 соты хабарлағандай, айыпталушылар кінәсін мойындау туралы мәміле түрінде айыптаушы тараппен процессуалдық келісім жасады. Соттың 21 тамыздағы үкімімен балаларды ұрып-соққан санитарлар үш жыл алты айға бас бостандығын шектеу жазасын алып, 2 жылға балалармен жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Интернаттың қатыгез қызметкерлері іс жүзінде қанша баланы ұрып-соққаны және қылмыстық істі тоқтатқан Атырау облыстық полиция департаментінің тергеушілері жауапқа тартыла ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Айтпақшы, ол кезде интернатта ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 98 бала тұрған.

Фархат ӘБІЛОВ

21 қыркүйек 2020, 14:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.