Атырау, 13 қараша 16:53
 дождьВ Атырау +6.2
$ 443.62
€ 492.24
₽ 5.36

Бос жатқан аумақ пен күзетке кеткен миллиондар: «Атыраубалық» мәселесі шешімін таппай тұр

40 рет қаралды
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Бүгінде бұрынғы «Атыраубалық» АҚ-ның ең тұрақты шығыны – қирандыларды күзетуге жұмсалып отыр. Ескі цехтарды сүру және аумақты игеру жұмыстары бұлыңғыр күйінде қалып жатқанда, бюджет күзет қызметін жүйелі түрде төлеп келеді.

Еске сала кетейік, 2013 жылы бірқатар қылмыстық жанжалдардан кейін «Атыраубалық» АҚ (бұрынғы Гурьев балық консерві комбинаты) ресми түрде банкрот деп танылды. Кәсіпорынның қараусыз қалған цехтары, коммуникациялары мен аумағы қалалық әкімдік теңгеріміне өтті. Кейіннен билік өкілдері қирандыларды сүріп, бұл жерге тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандар салуға бірнеше рет уәде бергенімен, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отыр.

Қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі хабарлағандай, сүріп тастау туралы түпкілікті шешім әлі қабылданбаған. Аумақты салу мен абаттандыру бойынша нақты жоспар да жоқ.

Осы аралықта әлеуетті инвесторлар қараусыз қалған аумаққа бірнеше рет қызығушылық танытқанымен, әкімдікпен келісе алмаған сыңайлы. Қоршалған қирандылар іс жүзінде қала ішінде, оның үстіне Жайық жағасында орналасқан – жер телімінің өте тартымды әрі құнарлы бөлігі.

Қала әкімдігі өз хатында: «...әртүрлі компаниялардың аталған аумақты сатып алуға қызығушылық танытуына қатысты мәселе бойынша түпкілікті ақпарат жоқ...» деп мәлімдеді.

Аумақтың күзетілетіні де белгілі. Дегенмен, тілшіңіз осы мақсатқа қанша бюджет қаражаты жұмсалғаны туралы сұрастырғанда, ТҮКШ бөлімі сұрақты түсінбегенсіп, жауаптан қаша бастады.

Нәтижесінде 2019 жылдан қазіргі уақытқа дейін күзет компанияларына («Ястреб-1», одан кейін «М-Секьюрити») жалпы сомасы 55,5 млн теңге бөлінгені анықталды.

Бұл ретте заңды сұрақ туындайды: неліктен сонша жыл бойы қала ішіндегі айтарлықтай үлкен аумақ халыққа нақты пайда әкелудің орнына әлі күнге дейін қараусыз қалып отыр? Билік бұрынғы балық консерві комбинатының тағдырын шеше алмай отырғанда, бос жатқан қирандыларды күзетуге миллиондаған бюджет қаражаты кезең-кезеңімен кетіп жатыр. Бұл жерлер баспанаға аса мұқтаж болып отырған кезекте тұрған, бюджеттік ұйым қызметкерлері, жетім балалар, жеңілдік қарастырылған және апатты үйлердің тұрғындарына әлеуметтік тұрғын үй салуға жақсы алаң болар еді ғой.

Бұл жер телімін тұрақты шығын жұмсауға емес, атыраулықтардың баспана мәселесінің тым болмаса бір бөлігін шешуге айналдыруға қаланың жігері де, шамасы да келмегені ме?

Лев ГУЗИКОВ

Бүгін, 16:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.