Атырау, 25 қараша 00:21
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Атырау Балықтың» орнына тұрғын үй кешені бой түземек

5 094 просмотра


Бұрынғы балық өнеркәсібінің алпауыты «Атырау Балықтың» орнына көппәтерлі тұрғын үй кешені салынатын болды.  Өткен ғасырдың 30 жылдарында құрылған Гурьев балық консерві комбинатының КСРО-ға танымалдығы туралы айтудың қажеті де жоқ деп ойлаймын. Комбинат қалатүзуші кәсіпорындардың бірі болып есептелді және Гурьевтің көптеген тұрғындары сонда еңбек етті.  

90-шы жылдары кәсіпорынның жекенің қолына өтуі кезінде оның нақты қожайындары туралы көптеген қауесеттер тарады. 2010 жылы ол мемлекеттің меншігіне өтті. Біраз дау-дамайлардан соң «Атырау Балық» 2012 жылы соттың шешімімен банкрот болып танылды да, заңды түрде өз қызметін тоқтатты. Сол уақыттан бері еліміздің байырғы балық өндіретін және өңдейтін кәсіпорын орналасқан аумақтың тағдыры шешілмес мәселеге айналды. Билік шын мәнінде үлкен жер телімі, қараусыз қалған  цехтары мен қымбат мүліктері бар алып кәсіпорынды не істеу керектігін білмеді.

2017 жылы баланс құны 264 млн теңге болатын кешенді қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөліміне беру туралы шешім шығарды. «Аталмыш кәсіпорынды балансқа алу цехтарды одан әрі пайдалану мәселесі шешілгенге дейін мүліктерді сақтауды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда аталмыш нысанда ешқандай қызмет атқарылып жатқан жоқ», - деп жауап берді ТКШ бөлімі сол кезде «АЖ» жолдаған сауалға.

Әр жылдарда кәсіпорынды іске қосу жоспарланып та жүрді: балық аулауды жылына 15 мың тоннаға дейін көбейтуді, өңдеу көлемін арттыруды, аумақта қуаты 5 млн шартты ыдыс болатын балық консерві зауытын салуды және бекіре тұқымдас балықтарды аулап, өндіруді бастамақ болды. Алайда бұл ойлаған жоспар орындалмады. Құрал-жабдықтар мен теңіз техникаларын сатып алу барысындағы түрлі қаржылық айла-шарғылар  «Б.Рысқалиевтің ҰҚТ» қылмыстық ісінің айыптау тармақтарының бірінде болған еді.

2015-2016 жылдары барлық құрал-жабдықтар сауда-саттықта  сатылып кетті. Сатып алушылардың жолы болды десе де болады, олар мүліктерді мардымсыз бағаға алды. Содан бері «Атырау Балық» туралы түрлі әңгімелер тарай бастады: біреулер оны жеке тұрғын үйлер салу үшін сатып жіберді десе, бірі онда қалалық кәсіпорындардың тұрмыстық қалдықтары немесе улы химикаттар сақталған десті. Осы уақыт ішінде кәсіпорын аумағы бөгде адамдардан жақсы қорғалды.

Ақыры, 2019 жылы билік бұрынғы «Атырау Балық» АҚ  аумағындағы барлық құрылыс нысандарын бұзып, көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу үшін инвесторға беру туралы шешім шығарды. Орналасқан жері де жаман емес.

Қала әкімінің орынбасары Шәкір КЕЙКИННІҢ айтуынша,  қазір инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде, олардың жобалық ұсыныстары қаралып жатыр. Қысқасы, «Атырау Балықтың» Атырау аумағынан ғайып болатындығы – шешіліп қойған мәселе.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

12 сәуір 2019, 15:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.